Кәсіпкерлікті қолдау көңіл көншітеді
Дүниежүзін дүрбелеңге салған індеттің алдын алу үшін ел халқының денсаулығын сақтау мақсатында жарияланған төтенше жағдай режимі оңайға соқпағаны рас. Дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпті вирустың таралуына тосқауыл қою үшін дер кезінде тиісті шаралар қолдануға пәрмен берді. Соның арқасында қазір елдегі ахуал бақылауға алынып, әлемдік бақылаушылар оң баға беріп отыр.
Кеше ел Президенті үндеу жасап, төтенше жағдайдың ұзартылатындығын, тиісінше мемлекет өз азаматтарына әрқашан қолдайтынын мәлімдеді. Шынында да карантин жарияланғаннан бері осы кезге дейін 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алған еді. Бұл індетке байланысты табысынан айырылған кәсіпкерлер мен жұмыссыз қалған қызметкерлер үшін қуанышты хабар екені анық. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтитынын айтты.
Бұдан бөлек шағын және орта бизнес Мемлекет басшысының бақылауында екенін білдік. Қазіргі таңда аталған субъектілер қиын жағдайға тап болғаны рас. Салаларға қазірден бастап тиісті оңалту жұмыстары үйлестірілмесе, экономиканы қалпына келтіру қиынға соғады дегенмен де келісемін. Өйткені елде енді ғана қалыптасып келе жатқан кәсіпкерлік институты құлдырауы ғажап емес. Осы тұста 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалғаны көңілге сенім ұялатады. Кәсіптен нәсібін айырып жүргендер сол арқылы 1 триллион теңгеге жуық қаржысын үнемдей алады.
Ел басшысы шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінгенін де тілге тиек етті. Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетілетінін білдік. Осы тұста кәсіпкер ретінде Қасым Жомарт Кемелұлының батыл қадамдарын шын көңіліммен қолдаймын. Қазақ елін тәуелсіз еліміздің болашағы үшін іске қосылған бағдарламалардың іске асуына жұмыла атсалысуға шақырамын.
Әділбек САРАБЕКОВ,
"ҚазалыСтройСервис" ЖШС директоры