Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Қыздың белгісі” хақында

“Қыздың белгісі” хақында

Хан Кененнің қолға түсіп, Алатаудың баурайында болған шайқаста ойсырай жеңіліп, елге олжасыз келген кезіміз деп бастады – дейді сөзін табын қарт Бұқарбай батыр. – Елге келген соң да еңсеміз бір көтерілмей қойды. Жұрттың сыбырлап айтқан сумаңдаған суық сөзі қаңтардың аязындай жанымызды қарыды. Батыр байғұстың ризыға соғыстан түскен олжа болады. Ол болмаса, барымта. Олжамен барымтаның орайы келмесе, «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп келе жатқан керуенге көз тігесің.
«Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген. Жеті жігітім желкілдеп, батыр қашан аттанамыз деп үйге күнде келеді. Өзімнің де жүрегім қысылып, үйге сыймай жүрген кезім. «Тәуекел түбі нар қайық» деп басымен алысып тұрған күрең қасқаға жүген салдым. Жануардың тепсінгенінен шылбыры байланған теректің басы тербеліп тұр екен. Терлігінің үстіне тоқымын салдым. Ұзақбай ұстаға, құнан өгіз беріп шаптыртқан құранды ерімді тоқымның үстіне тастадым. Арасына саусақ симайтындай қылып қос қайыс тартпасын, тас қылып тарттым.
Торғай көз сауытымды киіп, бес қаруымды асындым. Жігіттерімде сақадай сай тұр екен. Аттың басын жіберіп едім. Көкжалдың артынан ерген бөрідей, жігіттерім артымнан шұбырып қоя берді. Қаз қайтып болған, қарашаның соңы. Қоға мен қамыстың басына тиген аттың сауыры, үлпілдегін қарша боратып, дарияның бойында келе жатырмыз. Бар ойымыз қызылдың құмына қарай өтіп алу.
Үйден шыққанымызға аптадан асты. «Алты малта ас болмас» деген, бар азығымыз таусылуға шақ қалды. Қанжығамыз майланып, әлі олжалы бола қойған жоқпыз. Ойымыздағы олжаға жолықсақ, аттың басын жіберіп, тойлағалы тұрмыз.
Бір уақытта бір жайлы хабар келді. Түркіменнің тұсынан, ордалы жыландай шұбыртып, он түйесін жетектеген жалғыз атты бір керуен келе жатыр екен. Елінен шыққанына төрт күн болыпты. Күні бойы сол алақаным қышып еді, құдай осы олжаны меңзеп тұр-ау деп, сол алақанымды сүйіп, маңдайыма қойдым.
Шыққанына төрт күн болса, құдай қаласа түс қайта жолығармыз. Асырдан асқан уақыт, дәрияның жиегіндегі дөңнің үстімен келе жатқанбыз, алыстан шаң көрінді. Ал жігіттер құдайларың берді деп ауызымды жиғанымша болмады, алдында келе жатқан екі жігітім аттың басын келе жатқан керуенге қарай жібермесі бар ма?
Көзінің ұшында бұрқыраған шаңды көрген керуен басы, алдыңғы түйенің бұйдасын, соңғы түйенің құйрығына іліп, керуенді шеңбер қылды.Үкілі найзасын қолға алып, қос жігітке қарсы шапты. Жүректі батыр екен әуелі келгенін түйреп, соңғы келгенін шауып өлтірді. Иесі жоқ аттары далақтап далаға шауып кетті. Жігіттерді әрең тоқтаттым. Қоңыраулы найзамды қолға алдым.
Бара найзаластық, білекті найзагер екен. Жан берейін деп тұрған ол жоқ. Айламен алмасам, былай ала алмайтынымды сездім. Наурызбайдан үйренген әдісім бар еді. Соңында соны қолдандым. Мойнына тастаған бұғалығым, қолтығына қатар ілінді. Оң қолымен мойнындағы арқанды ала жан ұшырып жатқанда, ашық қалған оң қолтықтың тұсынан найза ұрдым. Қор етіп аттан құлады.
Аттан секіріп түсіп, жанына жетіп бардым. Өткір найза қолтығының астындағы күре тамырын қиып кетіпті, қан саулап жатыр. Басындағы дулығаны шешкенім сол еді. Қолаң шашы сусылдап, жерге төгіліп түсті. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Қарлығаш қасы қыйылып, ботадай көзі мөлдіреп жатқан қыз бала. Талықсып бара жатыр екен, сасқанымнан бетіне торсықтағы суды бүркідім. Есін жиып өзіне келді. Жөн сұрадым.
«Аға! Қалың Түркіменнің ішінде отырған жалғыз қазақтың қызы едім. Әкем дүниеден өткен соң түркіменнің кәрі құртаң байлары түртпектеп, тоқалдыққа алам деп қоймады. Қорғансыздың күні құрсын, арқа сүйер асқар тауым болмағасын, басымды тауға да, тасқа ұрдым. Кәрі иіскеген денемді құрт жесін деп өлгім де келді. Бірақ шыбын жан шіркін тәтті екен. Өзіме қол салуға құдайдан қорықтым.
Бір беткей мінезімнің барын білетін шешем, іс насырға шаппай тұрғанда, бір түнде жасауымды он түйеге артып, көзден жасырын, іңірде аттандырып жіберді. Атымның шылбырын ұстап тұрып «Айналайын қызым. Енді көрісеміз бе? Көріспейміз бе? Бір Аллаға аян. Атыңның басын қызылдың құмына бұр. Шөл даладан аман есен өтіп алсаң, дәрияның жиегіне жетерсің. Өзегің талса, өзен бойын жағала деген. Жарды жағалай жүре берсең, елдің етегіне де ілінерсің.
Елде Бұқарбай деген батыр ағаң бар, тауып ал. Қазақтың қайсар ұлы ғой, қарындасын ешкімге қорлатпас. Құтты жеріңе қондырар. Барған соң керуеннің тізгінін ағаңа ұстат. Жетім қыздың тойындай қылмай, дүниеңді артыңнан апарар. Жасауым аз демей, осы он түйедегі дүниеңе қанағат қыл қызым. Әуелі Аллаға, сосын батыр ағаңа аманатсың» деп аттандырып еді. Батыр ағам Бұқарбайды іздеп келе жатырмын», – деп қолымда жан тапсырды.
Қарындасымды өз қолыммен өлтіргеніме өкініштен өзегім өртенді. Бала болып ешқашан көзімнен жас шықпап еді. Даланы басыма көтеріп, өкіріп жыладым. Қайғыдан жүрегім қарсы айрылды. Қарындасымды өз қолыммен, сол жерге жерлеп, пәтихасын оқып, дүниесінің соқыр тиынына тиіспей, басына мұнара көтердім.
Бүгінде ел сол мұнараны «Қыздың белгісі» деп атайды деп қарт Бұқарбай батыр күрсініпті».
Осы әңгімені Алмас ағам Алматов айтып бергенде бірнеше күнге дейін оқиға желісі көз алдымнан кетпей қойды.
Мақсат СЫҚАҚОВ
25 сәуір 2020 ж. 859 0

Жан азығы

26 сәуір 2025 ж. 101

Шығыны аз, өнімді іс

26 сәуір 2025 ж. 100

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930