Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдастарынан алғыс алды

Ауылдастарынан алғыс алды

Кейінгі кездері елімізде орын алған төтенше жағдайға ­байланысты елге белгілі тұлғалар, кәсіпкерлер Отанға деген жанашырлығын көрсетіп, жиі-жиі материалды, моральді қолдау көрсетуде. Жақында кент тұрғыны, кәсіпкер Бақытбек Әбдіраманов та өзі дүниеге келген Ү.Түктібаев пен Майдакөл ауылының тұрғындарына 100 қап ұн ­таратып берді.
Аудан тұрғындарына “Төлем орталығы” деген атпен таныс дүкеннің негізін қалаған ол кәсіпкерлікпен 2013 жылдан бері айналысады. Бірнеше жылғы тынымсыз еңбектің нәтижесінде қазір кент дүкендерінде, көшелерде Бақытбектің ондаған төлем терминалы халыққа қызмет көрсетіп тұр. Ал ­ауылдастарына қол ұшын созу туралы ой оны біршама уақыт бойы мазалаған.
– Төтенше жағдай жарияланған кезде мен де базар бағасы көтеріліп кетуі мүмкін деген оймен азық-түлік сатып алдым. Ұн, қант сияқты заттарды қаптап, үйдің кіреберісіне қоя салғанмын. Жұмысқа барарда, үйге келгенде де үйдегі азық-түліктің мөлшерін көріп іштей ыңғайсыздандым. Өйткені бірге өскен, бір нанды бөлісіп жеген кейбір ­ауылдастарым қазіргі сәтте ішерге ас таппай отырған жоқ па екен деген ой маза бермеді. Ақыры аталған ауылдардың басшыларына хабарласып, ниетімді білдірдім. Олардан жағдайы төмен отбасылардың тізімін жасауды сұрадым, – дейді ол.
Бақытбектің әкесі Иганберген ертеректе Майдакөл ауылындағы мешітте имам болған. Ағайын-туыстары да осы ауылда тұрады. Онсыз да жақын-жуықтарына, бауырларына ылғи болысып жүретін мәрт жігіт майдакөлдіктерге де үлестіруді жөн көрген. Осылайша бір күнде жүк көлігіне 100 қап ұн тиеп, ауылдарға жөнелткен.
Ақжона аулдық округінің әкімі Нұркен Жарболұлы қасиетті Рамазан айы қарсаңында, елдегі ахуал қиындап тұрған сәтте мұқтаж жандарға қуаныш сыйлаған кәсіпкерге ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірді. Тізім ­жасауда қоғамдастық, әйелдер кеңесімен келісе отырып, көпбалалы, тұрмысы төмен, мүгедектер мен жалғызбасты аналарға аманаттағандарын жеткізді. Кәсіпкердің жұмысына толағай табыс тіледі.
Індеттің таралуын тоқтату мақсатында қолға алынған шараларға байланысты төлем орталығы уақытша жұмысын тоқтатқан. Бірақ несібе – Құдайдан келетінін алға тартқан жігіт ағасы адамдар бір-біріне жанашыр болса, өмір мәндірек болатынын айтады.
– Қайырымдылықты ешкім мақтан үшін жасамаса керек. Ауыл әкімдігіндегі жігіттерден атымды айтпауды сұрағанмын. Бірақ олар: “Халық қайдан келген көмек екенін білуі керек”, – деді.
Мен де жұрт қатарлы жұмыс істеп, нәпақамды айырып жүрген адаммын. Біреу айтқандай асып-тасып бара жатқан байлығым жоқ. Десек те қайырымдылық жасаған жанның ризығы еселене түсетінін білеміз. Ниетіміздің ақ болғанын қалаймыз. Осындай қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігімізді, жанашырлығымызды көрсетсек керемет емес пе?! Бастысы, індеттен аман-есен айығып, мамыражай күндерімізге қайта оралсақ, қалған дүние еңбекпен келеді, – дейді Бақытбек Иганбергенұлы.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 сәуір 2020 ж. 384 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 45

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 33

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 58

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 70

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031