Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әулет ақсақалы

Әулет ақсақалы

Май топырағында табанымыз бен балалық балғын кездің ізі қалған Майлыбас – біз үшін жер жанатындай ыстық мекен. Күндіз-түні пойыз доңғалақтарының ырғақты дүрсілі оркестр әуеніндей тербейтін, келген-кеткенін білдірген тепловоздардың ащы айқайы құлақ жаңғыртатын Төретам-Қазалы аралығындағы Майлыбас деп аталатын шағын стансада жастық шағымыздың шат күндерін біз екеуміз бірге өткізіп, есейдік.
Менің «біз екеуміз» деп айтып отырғандағы сыңарым – туған жерге кіндік қанымыз бірге тамған, бір жылдың түлегі атанған жандай құрдасым, бүгінде жетпіс жастың жалынан ұстаған Жақсылық Көрпебаев. Әңгімемнің басында айтқандай, Жақсылықпен жолдастығым балалық күндерден басталған. Бір ауылда, Төртқара руының Шобан аталығынан шыққандықтан біз бір-бірімізге әрі жолдас, әрі туыс ретінде тел өстік. «Әкесі татудың баласы тату» дегендей, оның әкесі Мінәт Көрпебаев менің әкеммен ­жастары шамалас, замандас ретінде жақсы сыйластықта болды. Ал екеуміз де үйдің қыздан кейінгі екінші баласы, ұлдың үлкені болып есейдік.
Ата-бабалардың құтты қонысы атанған Майлыбаста мектеп жасына дейін бірге өстік. Мен Майлыбастағы сегізжылдық мектепке барып Кеңтүптен онжылдықты бітірсем, Жақсылық білім есігін Құмжиектегі сегізжылдық мектептен ашып, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептен онжылдықты бітірді. Онан кейін Қазалы стансасындағы теміржолшылар училищесіне түсіп, 1968 жылы көмекші машинист мамандығын алып шықты. Еңбек жолын Қызылорда локомотив депосында көмекші машинистіктен бастап, болат жолдың бойына берік табан тіреді. Ал мен құрылыс институтына түсіп, құрылысшы-инженер мамандығымен осы салаға бет бұрдым. Осылайша бір ауылда туып өскен екеуміздің еңбек жолымыз да, өмір ағымымыз да екі салада, екі бағытта өрбіп жатты.
Теміржолдың темірдей тәртібіне бой ұсынған Жақсылық 1968 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Чита қаласында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін де өзі қалаған кәсібін қайта жалғастырды. Қатардағы жұмысшыдан машинист көмекшісі, машинист, одан кейін нұсқаушы машинист болып тепловоздың тетіктері мен талап-тәртібін түбіне жете меңгеріп майталман болып шықты. Жауапты жұмыстарды адал атқарып, сенімнен шыға білген Жақсылықтың алдынан басшылық қызметтердің де даңғыл жолы ашылып, сатылап көтеріле берді. Он тоғыз жыл тепловоз тізгіндеген ол 1989 жылы теміржол отын-май тарату базасының бастығына тағайындалып, оны 1993 жылға дейін атқарды. Әр ісінде адалдықты арқау еткен Жақсылыққа мұнан кейін №40 Қазалы қалыпқа келтіру пойызының бастығы тізгінін ұстау кезегі келді.
Теміржолдың мың сан керуені толассыз ағылып жатқан болат жол бойында апатты жағдайлар болмай тұрмайды. Айталық, қысқы күндері теміржолды қалың қар басып, пойыздың тоқтап қалуы, вагон доңғалақтарының рельстен шығып кетуі, тепловоздардың өткелдерде автокөлікпен соқтығысып қалуы сияқты тосын жағдайлар. Осындайда сақадай сай тұрған қалыпқа келтіру пойызы жедел жолға шығып, оқиға орнынан табылады. Апаттың салдарын жедел жойып, жол қозғалысын қысқа мерзімде қалыпқа келтіру Жақсылық басқаратын ұжым шеберлігінің сыналар сәті.
Жақсылық басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілетінің мықтылығы, іскерлігі, өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа деген жауапкершілігі арқасында №40 Қазалы қалыпқа келтіру пойызын 1993 жылдан 2010 жылға дейін, яғни жиырма жылға жуық табан аудармай басқарып, үлкен абырой, беделмен зейнеткерлікке шықты.
Ол бірнеше рет аудандық кеңес пен аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланып, халық қалаулысы атанды. Кешегі КСРО қатынас жолдар министрлігінің, Батыс Қазақстан теміржол басқармасының Құрмет грамоталарымен, екі мәрте «І дәрежелі» дипломмен марапатталды. Екі рет «Теміржол саласының озаты» және «КСРО теміржол қауіпсіздігінің үздігі», «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен бірге облыс әкімі мен мәслихатының және облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының Құрмет грамоталары, аудан әкімінің Алғыс хаттары өз алдына бір төбе. Айта берсек, ол «Қазақстан теміржолына – 100 жыл», «Қазақстан теміржолына – 110 жыл», «Еңбек ардагері», тағы басқа медальдармен марапатталған майталман.
Жақсылық зейнеткерлікке шықса да ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалған емес. Бүгінде ол аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Қазалы тораптық теміржол ардагерлері кеңесінің төрағасы. Жақаң бұл жұмыстарда да баяғы белсенділігінен бір айныған емес. Теміржолшы ардагерлер арасындағы қоғамдық жұмысты жүйелі жүргізіп, әріптестерінің құрмет-қошеметіне бөленіп жүр. Оның Қазақстан ­Республикасы ардагерлер кеңесі Орталық Комитетінің, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен және Қазақстан теміржолы Ұлттық компаниясының, Қызылорда теміржол бөлімшесі «Nur Otan» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталуы да осы ардагерлермен атқарған тынымсыз тірлігінің жемісі. Бұл Жақсылық Көрпебаевтың кешегі мен бүгінгі азаматтық бейнесін танытатын, айқындайтын айтулы айғақтар.
Бүгіндері өмір жолы өнегеге толы еңбек ардагері, Қазалы тораптық теміржол ардагерлері кеңесінің төрағасы, әулет ақсақалы Жақсылық Көрпебаев жолдасы Мағрипамен бес бала тәрбиелеп, олардан он екі немере сүйіп отырған үлкен шаңырақ иелері. Өмірге жетпістің биігінен қараған жолдасым, туысым, құрдасым Жақсылыққа алдағы уақытта тек қана қуанышты күндер, жемісті жылдар, ғасырлық ғұмыр тілеймін.
Нәжімадин МҰСАБАЕВ,
Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы
18 сәуір 2020 ж. 500 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 186

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 128

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031