Пайдалы тағам тән саулығы
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, адам ағзасының 60 проценті судан, 34-ті органикалық, 6 проценті бейорганикалық заттардан құралған. Оған көміртегі, сутегі, оттегі, азот, фосфор, күкірт жатады. Бейорганикалық зат 22 элементтен тұрады. Егер адамның салмағы 70 келі болса, онда 1700 грамм кальций, 250 грамм калий, 70 грамм натрий, 42 грамм магний, 5 грамм темір, 3 грамм мыс болады. Кальций мен фосфор сүйекте, ал хлор тұзды қышқыл түрінде асқазан сөлінде кездеседі.
Элементтер тірі ағзаларда тағы да макро, микро және ультрамикроэлементтерге бөлінеді. Тіршілік үшін маңыздылығына қарай химиялық элементтер үш топқа айырылады. Олар адам ағзасында үнемі болады және ферменттер, гормондар, дәрумендер құрамына кіреді. Осылардың жетіспеушілігі адамның қалыпты өмір сүруін бұзады.
Сондықтан химиялық элементтердің біреуінің жоқ болуы немесе жетіспеуі ағзадағы зат алмасуын тежеп, өзгеріске ұшыратады. Керісінше, қандай да бір элементтің шамадан тыс болуы да зиян. Адамның ағзасы химиялық элементтерді әртүрлі концентрациялайды. Микро және макроэлементтер әркелкі таралады. Микроэлементтердің көпшілігі бауырда, сүйек және бұлшық ет ұлпаларында жиналады. Бұл ұлпалар – көптеген микроэлементтердің негізгі қоры. Элементтер кейбір мүшелерге тән әрі ол жерде концентрациясы жоғары болады. Мысалы, мырыш – қарын асты безінде, йод – қалқанша безінде, фтор – тіс кіреукесінде, алюминий, мышьяк, ванадий – шашта, кадмий, сынап, молибден – бүйректе, қалайы – ішек ұлпаларында, стронций – қуық безінде, сүйек ұлпасында, барий – көздің пигментті қабатында, бром, марганец, хром – гипофизде және тағы басқаларда жиналады. Аталған элементтердің тапшылығы адам ағзасына күтпеген жерден соққы береді. Сөйтіп кез келген аурудың қылаң беруі ғажап емес.
Фтордың жетіспеушілігінен тіс жегісі, йодтың жетіспеушілігінен зоб, егер темір жетіспесе, қаназдық ауруы пайда болады. Адам қанында 3 грамға жуық темір бар. Оның мөлшері көрсетілген шамадан төмен болса, қанның қызыл жасушасының (гемоглобиннің) түзілуі бұзылып, тыныс алу қызметі нашарлайды. Темір жұмыртқаның сарысында, қарақұмықта, грек жаңғағында, күнжіт, фасоль, өрікте, мейізде мол.
Қалқанша безі мен гипофиздің жұмысын жақсартуда йодтың үлесі зор. Йод селенге тәуелді, ол ағзада селенсіз әрекет етпейді. Элементтің жетіспеуі негізгі зат алмасу процесін төмендетеді. Ағзадағы йодтың аз болуы ең әуелі орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Бала қажетті мөлшердегі йодты ана құрсағында жатқаннан ¬бастап алуға тиіс. Балалардағы гипотиреоз ауруы жүйке қызметінің ерекше бұзылуына, адамдағы интеллектуалдық мүмкіндіктің тежеліп дамуына, кретинизмге әкеліп соқтырады. Ал ересек адамдарда ойлау қабілетінің төмендеуі, жүректің соғу жиілігі азаюы байқалады.
Адам ағзасында 1000-1200 грамм ¬кальций болуы тиіс. Соның 99 проценті сүйекте, тіс кіреукесінде, ал 1%-і ішкі жасушада, қан құрамында маңызды роль атқарады. Кальций сүйектің саулығы мен беріктігін сақтайды. Әйтсе де адам 35 жастан асқаннан кейін сүйектен кальций кеми түседі. Бұл сырқатқа көбіне ақ жаулықты аналар шалдығады. Остеопороз бүкіл қаңқаны, әсіресе сан, иық, омыртқа сүйектерін зақымдайды. Тіпті әлсіз соққының өзі (көшеде құлап қалу) сыныққа алып келуі мүмкін. Осы ретте ¬кальций мен магний – қаңқаның беріктігін сақтайтын негізгі ағза жанашыры. Қан құрамындағы холестеринді төмендетеді. Ол сіңімді болуы үшін D витамині, фосфат, магний, мырыш, марганец, аскорбин қышқылы ауадай қажет. Кальций сүтте, балықта, теңіз өнімдерінде көп кездеседі.
Бірінші байлық – денсаулық. Олай болса деннің саулығы үшін ағзаға қажетті дәрумендерді молынан қабылдап отыру – мықты денсаулық кепілі екенін жадымызға түйе жүрейік.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА