Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар тыныштығын күзеткен

Тұрғындар тыныштығын күзеткен

Қызылорда облысында күннен-күнге коронавирус індетімен тіркелгендер саны артып келеді. Бұл Қазалы халқының да көңілін қобалжытып отыр. Дегенмен дәрігерлер мен полиция бөлімінің қызметкерлері міндетті жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарап, міндеттелген тапсырманы мұқият орындауға жұмылдыру үстінде.
Жұртшылықтың қауіпсіздігін сақтап, жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу мақсатына жұмылған мамандар аудан аумағына кіргендерді бақылап, дәрігерлер дене қызуын тексеретін арнайы құрылғымен өлшейді. Себебі сырттан келетін вирус қаупі осы кіреберістен ­басталатыны анық. Әйтеке би кентінің солтүстік бетіндегі тосқауыл бекетте болып жатқан оқиғаны арнайы көзбен көрдік. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, өзге қалалардан келген адамдар кіргізілмей, тұрғылықты жері бойынша кері қайтарылып жатыр. Бұл жөнінде Қазалы аудандық полиция бөлімі ППТ-ның полиция аға лейтенанты Елдесбай Мадрейм:
– 24 сағат бойы осы жерде халық қамын ойлап қызмет жасап жатырмыз. Нақтыласам, жергілікті тұрғындарды сырттан кіргізіп, оларды басқа жаққа шығуға жол бермейді. Барлығын тіркеп, бақылауда ұстаймыз. Әрине ауыр халде болса кіруге болады. Онда да дәрігердің толық бақылауынан өтеді. Сонымен қатар ауданға жақын елді мекендерден азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға келушілерге жол көрсетеміз. Егер ауданнан шығатын болса, тек бір күнге ғана берілетін анықтама талап етеміз, – деді.
Күні-түні үйден жырақта жүрген бұл қызметкерлердің еңбегін бағаламасқа болмас. Дегенмен осындай сын сағаты соққан уақытта жұртшылық деп шаршап жүру бұлар үшін бірінші орында. Бұл жердегі мамандардың уақытылы ішіп-жемі толық қарастырылған. Демалыс орындары да бар. Оған қоса 12 сағат жұмыс жасап, ауысып отырады. Айта кетейік, сырттан келетін азық-түлік пен дәрі-дәрмекке кіруге рұқсат бар.
Шыны керек ауру-сырқаудың аты аталса елең ете қалатын ақ халаттылар екені рас. Соның айналасында жүріп, ем-домын жасайтындар да осы жандар. Сондықтан дәрігерлер де кіреберісте отыруға міндетті. Осындағы аудандық ауруханалардан бекітілген дәрігерлер келген көпшіліктің аты-жөнін тіркеп, дене қызуын арнайы құрылғымен тексереді. Егер қандай да бір белгілер пайда болса, дереу ауруханадан көмек шақырылады. Осы тұрғыда Қазалы аудандық ауруханасының қызметкері Арыстанбек Құлтас:
– Вирустың сырттан келетінін ескерсек алдын алу шараларын осылай қатаң түрде жүргізу керек. Біз тұрғындардың індеттен аман болуын басты назарға алудамыз. Ең алдымен полиция қызметкерлері азаматтарды тіркеп, қайдан келе жатқанын анықтаған соң жүргізушімен жанындағы адамдарды арнайы құрылғының көмегімен тексеруден өткізіп, сырқаттан сау екеніне көз жеткіземіз. Қуантарлығы, әзірге коронавирус індетімен күдікті адамды кезіктірген жоқпыз, – деді.
Әр адамға ауадай қажет сипаттың бірі осы сақтық болғандықтан уақытылы шаралар қолға алынып жатқаны көпшілікті қуантып отыр. Індет қашан келедінің керін келтірмей, ерте бастан тұрғындардың қауіпсіздігін ойлаған бұл жандардың еңбегі еленіп, көпшіліктің ризашылығына бөленуде.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
07 сәуір 2020 ж. 693 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930