Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күлкі күні: Алдау немесе әзіл

Күлкі күні: Алдау немесе әзіл

Соңғы уақытта әлемде орын алған пандемия адамзаттың көңіл-күйін айтарлықтай төмендетіп жіберді. Қаншама спорттық шаралар, ұлт үшін маңызды тойлар, тіпті түркі халқы үшін жыл басы саналатын Наурыз мерекесі де тойлаусыз қалды. Бұның барлығы адамзаттың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар екені белгілі. Бірақ халықтың салы суға кеткен осынау шақта Күлкі мерекесінің рөлі зор сияқты. Себебі біреу қиналғанда оның мұңымен бөлісіп, көңілін көтеру екі дүниеде де құпталады. Ал Алдаркөсе күнінде беталды алдарқатуға күш салу қаншалықты дұрыс?
«Ең алдымен Алдаркөсе бұл өмірде болған ба» деген сауал көңілде қылаң беретіні рас. Бала кезден барлығымыз тақыр кедей болса да, ақылы мен айласы толысқан бұл кейіпкер туралы кітаптарды парақтап, мультфильмдерді тауыстық. Ол кезде бай-манаптардың аузын айға қаратып, малын айдап кетіп, оны кедей-кепшікке таратып беретін Алдарды жер бетіндегі ақылды адам санағанымыз рас. Ол өмірде болса да немесе қиялдан туған кейіпкер десек те жас балалардың ой-өрісінің дамуына, елде мықты сатириктер мен әртістердің пайда болуына өзіндік үлесін қосты деуге болатын шығар. Бірақ көптеген зерттеуші ғалымдар аталған туындының Кеңес үкіметі кезінде саяси көзқарасы болғанын айтады. Өйткені байырғы қазақ байлары жетім-жесірге, кедей-кепшікке бейжай қарамаған. Олар аш-жалаңаш қалмауы үшін өз шаруашылығынан жұмыс тауып беріп, қызметкерлерінің тойын жасап беретін атымтай жомарттар көптеп кездескен. Бұл қарапайым халықтың Патша үкіметіне толықтай бағынуына кедергі келтіргенге ұқсайды. Осы сәтте кеңес идеологтары ұлттың ауқатты, жанашыр байларын сараң, мейірімсіз етіп көрсетуге барын салған. Оның салдары әлі күнге дейін қылаң беріп жүргенін әлеуметтік желідегі жұрт пікірлерінен байқау қиын емес. Қалай десек те Күлкі күнінің символына айналған Алдаркөсе персонажы қазақ туындыларының «мінсіз» кейіпкеріне айналып кетті.
Ел аузында Алдаркөсемен бірге Қожанасырдың да есімі жиі айтылады. Бұлардың ұқсастығы өнерлері халықтың игілігіне арналғандығында жатқан көрінеді. Олардың үлгілі істері бүгінгі ұрпақтың ой-өрісін, танымын кеңейтіп жатқанын жоққа шығара алмайтынымыз анық. Бұл туралы белгілі айтыскер Мұқтар Ниязов пікір білдірді.
– Қожанасыр – түбі бір түркі еліне ортақ тұлға. Ал Алдаркөсе – қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері. Олардың айырмашылығы да осында. Бірақ екеуі де бай-манап пен шен-шекпенділердің қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарына қарсы шығып, оларды алдап-арбап, сын садағы арқылы тәубасына түсірген тұлғалар. Бірде белгілі драматург Шахмет Құсайыновтың «Алдаркөсе» атты пьесасының желісімен өткен қойылымда басты рөлді сомдадым. Оған облыстағы барлық мектеп шәкірттері келіп, тапқыр да әділ Алдаркөсенің образын одан әрі тани түсті дей аламын. Кейде сол оқушыларды көшеде кездестіре қалсам: «Қараңдар, Алдаркөсе кетіп бара жатыр!» – деп қалатын. Жалпы Алдаркөсе мен Қожанасыр жайлы әңгімелер астарлы ойға құралған және олардың бейнесі қай заманда болмасын, халықтың мәңгі жадында сақталады, – дейді ол.
Күлкі күні көп адам алданып, кейбірі ашуға ерік беретін күн десек қателеспейміз. Ойнаймын деп от басқандарды да талай көз көрді. Тіпті арамызда өмірін өтірікпен байланыстырып қойған адамдар да бар. Бұлар туралы психология ғылымдарының PhD докторы Балабек Сақтағанов былай дейді: «Адам шындықты айтсам жағдайды бақылаудан шығарып аламын, одан да өтірік айтып қарым-қатынасты бұзбайын деген пікірге сенімді болады. Бұндай адамдардың “мен” концепциясы төмен, олар айналадағы болып қалуы мүмкін қақтығыстардан қашады.
Үнемі өтірік айтқан соң, оларда сол айтып жүрген өтірігі шынымен де өмірде болған сияқты көрінеді, олар сол өтірікке өздері сене бастайды. Бұл типтегі адамдардың миында патологиялық бұзылыстар үрдісі жүре бастайды. Бұлар өтірігі білініп қалмауы үшін теріс әрекетін жалғастыра береді».
1 сәуір күні адамдар бірін-бірі өтірік сөздер арқылы күлдіреді. Бұны дұрыс деу қиын. Өйткені бірі әзілді жақсы қабылдаса, екіншісі орынсыздыққа кәдімгідей намыстанады. Өйтпегенде ше? Зияны бар әзіл немесе жалған айту ислам дінінде де құпталмайды.
Адамдар өтірікті әр түрлі себептерге ­байланысты құрастырады. Олардың ішінде пайда табу, өзін жоғары етіп көрсету, күншілдіктен, жағымпаздықтан алдарқататындар да бар. Алайда өтіріктің өрге баспайтынын ата-бабамыз бекер дәлелдемеген. Басқаларға ұнау олардың көңілінен шығып, күлкіге батыру үшін де осыған баратындар кездеседі.
Ислам ғұламалары өтірікті үлкен күнәлар қатарына қосады. Оның ішінде Алла тағала мен Пайғамбарға қатысты айту аса күпірлік. Қасиетті Құранның өзінде мұның күнә екендігі ескертілген. Өтірік айту – мұнапықтық, екі жүзділіктің белгісі. Қасиетті Құранда: «Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана өтірік айтады. Әне солар өтірікшілер» делінген («Наһл» сүресі, 105-аят). Араб тілінде өтірікші адамды «кәззәп» дейді. Сондай-ақ ислам білгірі ибн Хажар: «Өтірік – бір оқиға туралы біле тұрып, оны теріс түсіндіру» дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде: «Өтірік айту – ризықты азайтады», «Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа түсіреді. Адам өтірікті әдетке айналдырса, Алланың алдында өтірікші болып жазылады», – деп баяндалған.
Бірақ ислам шариғатында үш жағдайда өтірік айтуға рұқсат етілген. Мәселен, ерлі-зайыптылар арасын жақындастыру үшін айтылған өтіріктің зияны жоқ. Сонымен бірге соғыс тактикасы үшін өтірік айтуға болады. Бұдан бөлек араздасып қалған екі бауырдың арасындағы түсініспеушілікті жойып, татуластыру үшін айтылған өтіріктің жек көрініштісі жоқ. Өйткені бауырмашылдықтың жоғары тұратындығы қасиетті Құран мен хадистерде көрсетілген.
Күлкі күні адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлау үшін белгіленгенін байқауға болады. Бұл күнде бұрынғыдай адам жүрегін ауыртатын, салдары теріс қылыққа әкелетін өтірік әңгіме айтпағанымыз жөн. Жақындарыңызды қуанту үшін күлкілі оқиғаларды ­баяндап берсеңіз жеткілікті.
Айтпақшы әзіл күні коронавирусқа байланысты жалған хабар таратып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жүрмеңіз. Төтенше жағдай біреуді алдайтын немесе әзілдесетін уақыт емес екенін естеріңізге саламыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
31 наурыз 2020 ж. 1 548 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031