Баспананы сатып алу-сатуды ХҚКО-да жүзеге асыр
2020 жылдың 26 ақпанынан бастап сату және сатып алу келісімшарты бұрынғыдай нотариуста емес, ХҚКО-да рәсімделді. Бұл өзгеріс нотариус өкілдеріне қалай әсер етеді? Келісімшартты ХҚКО-да жасату үшін нені білу керек? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.
Нотариус Гүлзира Жақсылық сатып алу және сату келісімін ХҚКО-да рәсімдеу тиімсіз екенін айтады.
"ХҚКО-да жасалған келісімшартқа сенім жоқ. Ол жақта ешкім жауапкершілігіне алмайды. Құжаттардың жоғалып кету қаупі жоғары. Ал бізде 20-25 жылдан бері сақталған құжаттар мен келісімшарттар бар. Біз көзіміздің қарашығындй сақтап, қайда көшсек сонда арқалап алып барамыз. Ал жұмысымызды тоқтататын болсақ, архивті толықтай мемлекет мүлкіне өткіземіз. ХҚКО-да бүгін бір адам отырса, ертең басқа адам отырады. Ал бізде клиент өз қолындағы құжатты жоғалтып алса, көшірмесін жасауға мүмкіндігі бар. Нотариалды палатаға барып өткіземіз", - дейді Гүлзира Жақсылық.
"Бізде келісімшарт 32 000 теңгеге жасалатын болса, ол жақта 8000 теңге болады. Көбі арзандығына қызығып барады. Бірақ ХҚКО таңдаған адамдар соңынан өкініп қалуы мүмкін. Ал келісімшарттың қауіпсіздігін ойлаған адам, қанша ақша болса да бізде жасатқан тиімді екенін біледі", - дейді Гүлзира Жақсылық.
Сондай-ақ бұл өзгерістің нотариусқа тигізер зияны бар екен жасырмайды. Клиенттердің азайғаны нотариалды контораларға да керек емес. Бірақ нотариустың жұмысы сапалы екені уақыт өте келе көрінеді дейді маман.
Сатып алу-сату келісімі туралы толық ақпарат egov.kz сайтында берілген. Төмендегі мәліметтерден келісімге отырмай тұрып, сіз білуіңіз керек ақпарат жазылған.
Сатып алу-сату келісімін рәсімдеу процесін бастамастан бұрын, cіз сатып алатын үйдің заңдылығына және сатып алғаннан кейін ешқандай проблеманың туындамайтындығына көз жеткізіп алуыңыз қажет. Сондықтан, сатушыдан мынадай құжаттарды көрсетуін талап етіңіз:
– Жылжымайтын мүліктің кепілге қойылмағандығы туралы анықтама.
Бұл анықтама үйдің кепілдікке қойылмағандығы, үйді сатуға тыйым салынбағандығы, осылайша меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке иелік етуге толық құқының бар екендігі туралы деректі растайды.
– Пәтерге құқықорнатушы құжаттар (сатып алу-сату, айырбастау, сыйлау, жекешелдендіру келісімі; мирас етуге құқық туралы куәлік; меншік құқы туралы куәлік; жария саудалардан сатып алу туралы акт; меншік құқын растаушы, соттың күшіне енген шешімінің көшірмесі; тіркеу куәлігі. Тіркеу куәлігін Мемлекеттік корпорация бермейді. Бұрын бұл құжатты техникалық түгендеу бюросы берілетін.
Электрондық тіркеуді қоспағанда, құжатта тіркеуші органның мөртабаны тұрғанына міндетті түрде көз жеткізіңіз. Мәмілені, мұраға құқық туралы куәлікті, меншік құқығы туралы куәлікті нотариалды куәландырғаннан кейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеден құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсетін құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі негізінде жүзеге асырылады. Электрондық тіркеу кезінде құжатқа мөртабан қойылмайды.
– Пәтерге техникалық жоспар.
Нақты жоспарлау осы жоспарда көрсетілген жоспарлаумен дәл келуі тиіс. Өйтпегенде cіз қайта жоспарлауды заңдастырмай пәтерге мүлікке құқықты тіркей алмайсыз.
Осыдан кейін келісімді рәсімдеуге кірісуге болады. Егер де барлық соманы бірден төлеуге шамаңыз жетпесе, кепілақы туралы келісім жасалады.
Жылжымайтын мүлікпен байланысты келісімнің шамамен 90%-ы нотариалдық кеңселер арқылы жасалады. Алайда заң бойынша мұны жасау міндетті емес, келісімнің жазбаша үлгісінің өзі жеткілікті. Келісім жасалғаннан кейін сатушы мен сатып алушы өз арасында есеп айырысады. Есеп айырысқанда банктердің көмегіне жүгінген дұрыс, онда қолма-қол немесе есеп шотқа аудару арқылы есептесуге болады.
Келісімшартты ХҚКО-да жасату үшін нені білу керек? ХҚКО-ның қызметкерінің өзінен сұрап көрдік.
"Мекемеге келген соң өзіңіз туралы және сатып алатын адам туралы, сататын мүлкіңіз туралы барлық мәліметті жазасыз. ХҚКО-ның кеңсесі мәлімметтерді және қолды тексерген соң базаға өтеді. Содан кейін сатып алатын адам жылжымайтын мүлікті өз атына тіркейді. Осы қызметке төленетін комиссия көлемі сіздің не сататыныңызға байланысты. Пәтер сататын болсаңыз 1 073 теңге 07 тиын. Келісімшартты рәсімдеу үшін екіжақта өтінішіті беру керек", - дейді ХҚКО қызметкері.