Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Донорлар қатары қалай көбейеді?

Донорлар қатары қалай көбейеді?

Статистика бойынша өмірде әрбір үшінші тұрғын бір рет қан құюды қажетсінетін көрінеді.­ Сонымен қатар әлемде мұндай жағдайға жыл сайын миллиардтаған адам мұқтаж екен. Ал біздің елімізде жылына 50 адам ағзаға қан жетіспегендіктен көз жұмады.

Ежелде науқастарды емдеу үшін жануарлар қанын пайдаланған. Көптеген жүзжылдықтар бойы қан – өмір жасын бірнеше жылға ұзартады, ішілген қан жараланған кезде жоғалған сұйықтық орнын толтыра алатын ғажайып деп түсіндірілді. Жалпы донорлық – қанға мұқтаж ауруға адамның өз қанын немесе компоненттерін ерікті түрде беруі болып саналады.
Қазірдің өзінде республикада 4 мыңнан астам адам донорға зәру. Оның 3 мыңы бүйрек, 1100-і жүрек, мыңнан астамы бауыр, ал өзгесі өт және өкпесін ауыстыруға мұқтаж көрінеді. Қазақстанда аталған ота түрі 30 жылдан астам уақыттан бері жасалып келеді. Оның ішінде бір бүйрегін, бауырының шамалы бөлігін беріп, өзгеге ғұмыр сыйлаған жандар арамызда баршылық. Сол сияқты сырқаттарға аса қажет органдарды қайтыс болған мәйіттен де алуға болады. Алайда мұның тапшылығы отандық трансплантология саласын өрге бастырмай отыр. Мамандар бір донор кем дегенде төрт адамның өмірін ұзартуға көмектесетінін айтады. Десек те кез келгеннің бұл іске араласа алмайтынын ескерген жөн. Мәселен, 60 ­жастан асқан кісілер донор бола алмайды. Тіпті 40-тан асар-аспас жасында ішкі мүшелері жарамсыз болып қалатындар да кездеседі. Яғни донордың салмағы, қан тобы, өзге де медициналық көрсеткіштері реципиентке сәйкес келуі қажет.
Ақ халатты абзал жандар түрлі ауруға ем іздеп, дертіне шипа сұрап келгендерді қабылдап, ем-дом жасайды. Дегенмен біреудің жарамды дене мүшесін басқаға ауыстыру дәрігерлер үшін оңай шаруа емес. Оның үстіне бүгінде келісім беріп, бір бөлшегін оңайлықпен бере салатындардың кездесуі екіталай. Қызылорда облыстық қан орталығы мамандарының айтуынша, тәжірбиеде жаңадан алынған қан жедел түрде қолданылмайды, тек науқасқа қажетті компоненттер құйылады. Мысалы, тек эритроциттік жүзіндіні, мұздатылған плазманы, тромбоциттер концентратын немесе тек лейкоциттік массаны пайдаланады. Эритроциттерді ота кезінде болатын үлкен көлемде қан тапшылығын толтыру немесе босану уақытындағы қан аздық және туылған нәрестелердің қанын ауыстыру үшін тұтынады. Өйткені олардың тапшылығы ағзаға күш түсіреді.
Қазалы ауданында 2016 жылдың қазан айынан бастап донорлардан қан алынбайды. Себебі облыстық қан дайындау орталығынан дайын қызыл сұйық жеткізіледі. Ал былтырғы жылы аудан бойынша донорлыққа ешкім тіркелмеген.
Ислам діні де емдеу жолдарын іздеуді қолдайтыны рас. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) кім-кімнің іс-әрекеті ниетіне қарай бағаланатынын айтады. Әрине адам ағзалары тауар емес. Сондықтан оларды донорлау ақысыз әрі қайтарымсыз негізде жақындарына деген махаббат пен бауырмашылық сезімінің көрінісі ретінде берілуі тиіс. Осы ретте аудандық «Жанқожа батыр» орталық мешіттің бас имамы Берік Сүлейменов:
– Ислам дінінде садақа беру деген түсінік бар. Бірақ мұны әркім әртүрлі түсінеді. Бірі материалдық көмек беру десе, екіншісі, жылы сөз айту арқылы деп топшылайды. Екі пікір де өте орынды. Тағы бір түрі қиналған жанның жағдайын сұрау және ауру жанға көмектесу. Егер де жарақаттанып әлсіресе, оған қан беру арқылы өмірін сақтауға көмектескен дұрыс. Қасиетті Құран кәрімде: «Егерде кімде-кім ешкімді өлтірмеген, жазықсыз адамды ешқандай себепсіз өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең. Ал оны біреу құтқарса, онда ол бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең» деген аят бар. Сол себепті біреудің өмірін алып қалуға мүмкіндігі болып, оған қан беру арқылы немесе басқа да жағдай арқылы көмектесе алсақ нұр үстіне нұр. Пайғамбарымыз айтады: «Егерде кімде-кім бір бауырының қажетін өтесе онда оның қажетін Алла өтейді». Сондықтан туыстарымызға қиналып жатқанда қан тапсыру арқылы көмектессек, қиямет күні қиын жағдайға түскен кезімізде Алла бізге жеңілдік береді. Ислам шариғатында қан беру сауапты да, абзал амал болып табылады, – деді.
Ислам ғұламалары қан арқылы көмек беруге рұқсат-фәтуа берген. Әрине зәрулік жағдайды назарға ала отырып қолдағанымен, ешбірі ислам ілімі шеңберінен аттамаған. Ең алдымен адам өмірінің маңыздылығына қараса, екіншісі, сол донорлық ағзалардың қасиеттілігіне жіті назар аударған. Сол себепті де көптеген шарттар қойған. Мысалы, әуелі трансплантацияланудан нәтиже шығатыны басым болуы керек. Сондай-ақ бұл жерде жай ғана жасару мақсатында ауыстыруға рұқсат етілмейді. Екінші бір мәселе науқастың алынып тасталған мүшесін трансплантациялауға болады. Үшіншісі ағзасын берген адамға сол кезде немесе болашақтағы өміріне қауіп төндірмеу қажет.
Қазақстанда донорлықты дамыту үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Медицина мамандарын шетелде оқыту, әлем дәрігерлерімен тәжірибе бөлісу жолға қойылған. Трасплантация бойынша қажетті нормативтік құқықтық база дайындалған. Клиникалық орталықтар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірақ бізді қоғамның бұл мәселеге әлі дайын еместігі қынжылтады.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
03 наурыз 2020 ж. 760 0

19 наурыз – Жаңару күні

19 наурыз 2024 ж. 29

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031