Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлан Мұстафаев: “Жануарларды жөн-жосықсыз жойғандар жауапсыз қалмайды”

Нұрлан Мұстафаев: “Жануарларды жөн-жосықсыз жойғандар жауапсыз қалмайды”

Табиғат – тіршілік тынысы екенін ұғынатын болсақ, оған ұқыпты қарап, көздің қарашығындай сақтау экологиялық қауіпсіздіктің кепіліне баланады. Қоршаған ортадағы туған жердің флорасы мен ­фаунасын қызғыштай қорыған табиғат сақшыларының міндеті қашан да жауапты. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар жөнінде Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман қорғау және күзету инженері Нұрлан Мұстафаевпен пікірлескен едік.
– Нұрлан Нұртазаұлы, аудандағы қоршаған орта қорықшыларының қорғау аймақтары туралы білсек... Оларға қанша маман қамтылған?
– Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жерінің жалпы көлемі 1 785 579 гектарды құрайды. Оның ішінде орман басқан алқабы – 896267 гектар жер.
Орман қоры 3 орманшылыққа бөлінген. Қарақұм орманшылығының жалпы көлемі – 157 490 гектар болса, Қызылқұм орманшылығы 1 334 626 гектарды құрайды. Ал Қасқақұлан 293 463 гектар жер көлемін алып жатыр. Бұл аумақты қорғауға 3 орманшылық басшысы, 3 орманшылық басшысының көмекшісі, 6 орман шебері және 36 орманшы (инспектор) қызмет жасайды. Мемлекеттік орман қоры 14 айналымға бөлініп, әрқайсысының айналымның паспорты жасалынып, орманшыларға бекітіліп берілген. Жыл басындағы арнаулы кесте бойынша Басықара, Қарлаң, Абай және Әлсейіт бекеттерінде көктем мезгілінде күзет ісі ұйымдастырылды.
– Қазалы – шығысында Байқоңыр, батысында Арал теңізі орналасқан экологиялық аймақ. Құм көшікіні мен тұздану сынды табиғи залалдардан жерді сақтап қалу барысында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етсеңіз...
– Туған жердің табиғатын қорғап, топырағының құнарырлылығын арттыруға бағытталған мұндай шаруалар, шынында, ауқымды. Мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу жұмыстары өткен жылы өз деңгейінде жүргізілді. Көктем мезгілінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 1000 гектарына 207999 дана сексеуіл көшеттері отырғызылса, «Ояз» бағындағы 3 гектар аймаққа 624 дана алма көшеті тігіліп, 0,5 га жерге қаламшадан мектеп жасалды.
110 гектарау мақта қосымша күтіп-баптау жұмысы жүзеге асса, 20 гектарға қолмен отау ісі орындалды. 5000 гектарға орман потологиясын зерттеу жүргізілді. Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанының 1803 гектарына күз айында 3274 келі сексеуіл тұқымы себілді.
– Сіздер бақылайтын тағы бір тірлік – орман өрті. Бұл бағытта қандай бастамалар қолға алынды?
– Орман өртін болдырмау және алдын алу шаралары бірлескен іс-шара жоспары бойынша жүргізіледі. Құжат аудандық ішкі істер, өртке қарсы бөлімдер, аудан әкімінің орынбасарының қолымен бекітіледі. Осыған орай барлық ауыл әкімдеріне көктемде өрт қаупі орын алса, қажетті техникалар мен адамдар күшін бөлуге тапсырма берілген. Егін егу мен жинау науқаны кезінде де шаруашылықтарға өрт қауіпсіздігін сақтау және алдын алу мақсатында арнайы 100 ескерту хаты, 500 дана үнпарақ таратылды. Орман қоры жеріне аң аулау заңдылықтарын сақтау, өрт болдырмау тақырыптарына сәйкес жаңадан 6 аншлаг орнатылды. Жергілікті тұрғындармен орман өртін сақтау жайлы 5 рет кездесу өткізіліп, орман қорғау қызметкерлері шалғайдағы 10 елді мекенде түсінік жұмыстарын жүргізді.
«Орман және дала өрттерін алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес 2019 жылдың 24 сәуірі күні Қарлаң тас жолының бойында Қарақұм орманшылығының №56 оралымында Қазалы ауданы №4 өрттен қорғануға арналған шара ұйымдастырылды.
Орманды от-жалыннан қорғау мақсатында 600 шақырым жердің минералды жолақтары жаңартылып, 20 шақырымына тыңнан жүргізілді. Қарақұм орманшылығына жақында орнатылған қос бақылау мұнарасы да жұмысты жеңілдеуге септігін тигізуде.
– Қоғам байлығы – жабайы өсімдіктерді заңсыз отағандарға қолданылатын шаралар мен оларға белгіленген айыппұл көлемін де айтып өтсеңіз...
– 2019 жылы орман заңдылығын бұзған 1 азаматқа хаттама толтырылып, 25250 теңге әкімшілік айыппұл салынып, табиғатқа келтірген залалы 2525 теңгеге өтелді.
– «Кей қазақ кәсіп қылып киік атқан, Мүйізін пайда қылып шетке сатқан», – дегендей біздің өңірде де «Қызыл кітапқа» енген аталған санаулы аңдар мекендейді. Дала кербездерін көбейтуге қалай күш жұмылдырылуда?
– Тұқымы азайған киік Қазақстанда ғана мекендейтін жануар. Олардың біздің өңірде де көбейгенін көріп, көңіліміз қуанады. Киіктерді сақтау, санын азайтпауға дүниежүзілік табиғатты қорғау қоры мен ұйымдары байыпты бастамалар көтеріп, бағдарламалар қабылдаған. Елімізде бұл киелі жануарды аулауға тыйым салынған мараторий 2021 жылға дейін ұзартылды.
– Жануарларды жоюшылардың жазасы қандай?
– Өткен жылы аң-құс ережелерін ескермеген 7 азаматқа тиісті хаттама толтырылып, 56812,50 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл, 132562,50 теңге табиғатқа келтірілген залалы үшін есептеліп, айыппұл толық өндірілді. Ал жыл басынан бері аталмыш ережені бұзған қос аудан тұрғынынан 19800 теңге әкімшілік айыппұл, 39765 теңге табиғи залал шығыны өтелді.
Егер бұл азаматтар алғаш рет біздің салаға байланысты заң бұзса, алдымен әкімшілік айыппұл салынып, ескертпе беріледі. Жыл ішінде және одан кейін де қайталаса қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қазір біріздендірілген база жасақталған. Кім қашан тәртіп бұзғаны сол жерде автоматты түрде шығып тұрады. Жалпы, жануарларды жазықсыз жойғандар жауапсыз қалмайды.
– Аңшылық – ата кәсіп. Браконьерлік пен оның ара жігі туралы оқырмандарды хабардар етсеңіз...
– Аңшы болу үшін кәмелеттік жасқа толған азамат қару-жарақ пайдалану ережесін меңгеріп, жергілікті полиция бөлімінен аңшылық билетін алуы тиіс. Оған біздің қызметкерлер аң-құс аулау үшін рұқсат беріп, ату аймағын белгілейді. Аңшы сол орыннан тыйым салынбаған жануарды атып ала алады. Браконьерлер арасында да аңшылар бар. Алайда олар жоғарыдағы ескертпелерді елемей, табиғатқа орасан зор залал келтірушілер.
– Ауылдағы ағайынға таныс жағдай – қораларындағы қойды қынадай қырған қасқырларға қарсы мал иелері мылтық кезенулеріне бола ма?
– Әрине, болмайды. Қасқыр да қорғаудағы аң. Алайда мал шығынына байланысты оларға қару қолдануға болады. Бұл жағдайда бір жылға рұқсат қағазы беріледі. Оны дайындау аса қиындық тудырмайды. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қажетті құжатты алу арқылы адамдар төрт-түліктерін қорғай алады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
18 ақпан 2020 ж. 988 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930