Су тасқынына тосқауыл
Маңызды шараға Қызылорда облысы ТЖД зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Б.Тұрманов, аталған басқарманың аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Б.Бижігіт, «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ-нің шұғыл әрекет ету және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Б.Жундабеков қатысты.
Жаттығу барысында аудан әкімдігінің, азаматтық қорғау қызметтерінің қажетті арнайы техникаларының дайындығы мен инертті материалдарының нақты көлемдері түгенделіп, қауіпті учаскелерге шоғырландырылуы бақыланды. Әйтеке би кенті бойынша №1 эвакуациялық жинақтау және №4 эвакуациялық қабылдау пунктінде, Арықбалық ауылдық округі бойынша №8 эвакуациялық жинақтау, №9 эвакуациялық қабылдау пунктінде практикалық іс-шаралар жүргізілді.
222 адамы мен 71 бірлік техникасы бар азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар және авариялық-құтқару қызметтері күштер мен құралдарының дайындығы пысықталып, саптық қарау өткізілді.
Айта кетейік, ауданда су тасқынының алдын алу бағытындағы 2019-2020 жылдарға арналған төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Биылғы шұғыл шығындарға арналған ауданның резервіне 26 млн 921 мың теңге, аудан әкімі аппаратының «Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою» бағдарламасына 30 млн 404 мың теңге қаржы қаралған. Су басу қаупі бар учаскелерден тұрғындарды, жануарларды көшіру мақсатында, 14 эвакуациялық жинақтау, 15 эвакуациялық қабылдау бекеттерінің орындары нақтыланған.
Төтенше оқиға туындағанда тұрғындарды құлақтандыру үшін аудан бойынша 4 сирена бар. Олар Әйтеке би кенті әкімі аппаратының ғимараты, «Қазалы сусервис» МКҚК, Қазалы қаласындағы қазақтелеком мұнарасында және Басықара ауылындағы Қазалы су торабының ғимаратында орналасқан.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат