Ынта мен бірлік берекеге бастайды
Әкімдердің есеп беру кездесуі белгіленген кестеге сай дүйсенбі күні Бірлік, Өркендеу, Аранды ауылдық округтерінде өтті. Бірлік ауылындағы басқосуда округ әкімі Өміртай Өтеп-Әлі баяндама жасады. Әкімнің мәлімдеуінше, ауылдық округ әкімдігіне бөлінген қаржы тиісті орындарға жұмсалып, толықтай игерілген. Ауыл ішінде 40 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Таратып айтсақ, 2 ЖШС, 5 шаруа қожалығы, 1 ауылшаруашылық кооперативі және өндірістік сала мен қызмет көрсетуге арналған 32 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Кәсіпкерлер белсенділігі көңіл қуантады.
– 2018-2020 жылдар Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау жылы болып белгіленгені белгілі. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту осыған сәйкес атқарылып келеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, «Бизнес кеңесші» жобасы аясында 3 адам оқу курсын аяқтады. «Еңбек» мемлекеттік бағадарламасы шеңберінде «Startup» жобасымен Назерке Балапан 252 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды, – деді ол.
2019 жыл әлеуметтік көмек көкжиегін кеңейткен жыл болғаны көпшілікке мәлім. Осы сөздің дәлелі ретінде ауылдағы он отбасыға мемлекеттік атаулы көмек тағайындалған.
Округ бойынша – 733 ірі қара, 1665 уақ мал және 365 жылқы тіркеуге алынған. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, сырғаланып, базаға енгізу бақылауда ұсталды.
Есепті жылда ауыл орталығындағы орталық саябақты абаттандыру бағытында аудандық бюджеттен 13 миллион 280 мың теңге қаржы бөлініп, белгіленген жұмыстар аяқталған.
Әкімдік тарапына тұрғындардан 22 өтініш түсіп, барылғы да заңдылыққа сәйкес шешімін тапқан.
Ауылдың болашақтағы мақсаты айқын. «Агробизнес – 2020» бағдарламасына қатысуға ауыл тұрғындарын көптеп тартып, жұмыссыздық деңгейін төмендету күн тәртібінен түсірілмейді. Сонымен қатар «Қоламсақ бағын» қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу жұмысы жоспарланып отыр.
Өзекті мәселелердің бірі – Қазалы қаласы мен Қарлаң учаскесінің арасындағы 9 шақырым автокөлік жолына жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты аудан әкімі ықпалымен бюджеттен қаржы қаралып, үстіміздегі жылы орындалады деп жоспарлануда.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындардың айтқан өтініш-тілектері бақылауға алынып, заң шеңберінде шешім табатынын ескертті.
* * *
Жиналғандар алдында есеп берген Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбай да жыл көлеміндегі атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2019 жылы мүлік, жер, көлік, кәсіпкерлердің жеке табыс салығынан барлығы 2013,7 мың теңге жиналып, жоспар артығымен орындалған.
– «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау бизнес» жобасы арқылы 2 ауыл тұрғыны оқып, сертификат алған. «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 4 адам оқыды. Қайтарымсыз грантқа үш тұрғын ие болды. Бауыржан Нұрғабыл 252,5 мың теңгеге 10 бас қой алса, Әбдуәли Шапағат 505,0 мың теңгеге тізбекті торды шығаруға арналған құрал-жабдығына қол жеткізді.
Егін шаруашылығын дамыту мақсатында «Мерей» шаруа қожалығы екінші деңгейлі банктен 11 миллион теңге несие алу мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ Мұратбек Жартыбаев облыс әкімінің қолынан «Үздік бастауыш кәсіпкер» номинациясымен 1 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алып,
наубайхана кәсібін кеңейтіп жұмысын жандандыруда.
наубайхана кәсібін кеңейтіп жұмысын жандандыруда.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 1 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 14-і ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. 14 адам тұрақты, 34 адам маусымдық жұмыстармен қамтылған.
Бұдан бөлек мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға 29 отбасынан құжаттар қабылданды. 27954,6 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленіп, берілген қаражатқа ірі қара мен уақ мал сатып алынған.
Ауылдық округтегі барлық жер қоры 25461 гектарды құрайды. Соның ауыл шаруашылығына тиесілісі 8996 гектар. 2019 жылы «Сыр маржаны» ЖШС-ның егіс бригадасы 40 гектар күріш егіп, әр гектардан 40,2 центнер, «Мерей» шаруа қожалығы 250 гектардың әр гектарынан 35 центнер өнім жинаған.
Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына 858,0 мың теңге бөлініп, 1 гектар жеміс бағы және 0,5 гектар жасыл белдеу қоршалған.
2019 жылы Өркендеу ауылдық округі облыстық «Үлгілі ауыл» байқауына қатысып, 2 миллион теңге ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Жанкент ауылындағы №104 орта мектепте 227 оқушы білім алса, мектепалды даярлық тобында 24 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектеп бітірген 13 түлектің 13-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 10-ы мемлекеттік жоғары оқу орындарының грант игері атанды. №5 «Аққоян» бөбекжай балабақшасында 90 бала тәрбиеленеді.
Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арқылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ежелгі Жанкент шаһарының 45 гектар аумағы қоршалды. Сонымен бірге биіктігі 14 метрлік стелла орнатылған.
Ауылдық округ аппаратына жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштер заңдылыққа сәйкес қаралып, қанағаттандыру басты назарда ұсталған. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жыл бойына аудан көлемінде атқарылған толымды істер мен алдағы міндеттер жайын тілге тиек етті.
* * *
Аранды ауылдық округіндегі жиында учаскелік полиция инспекторы Рақымжан Алуашов баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде ауылдағы соңғы жылда тіркелген қылмыстық істер туралы айтып, тұрғындарды жаңадан күшіне енген заңмен таныстырды.
Арандыдағы 1 ЖШС, 2 өндірістік кооператив, 10 шаруа қожалығы, 1 наубайхана, әртүрлі қызмет көрсетумен айналысатын 17 жеке кәсіпкер 172 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Қуантай Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығынан берілген 7,0 миллион теңге несиеге 20 бас жылқы малын сатып алып, мал шаруашылығын дамыту бағытында кәсібін дөңгелетуде.
Жанар Досқадырова – аспаздық саласын дамыту жобасымен 505,0 мың теңге ұтып алса, Бағлан Томаев 5200,0 мың теңгеге 174 бас қой әкеліп, мал басын көбейту үстінде.
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту» еңбек бағдарламасының бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқуға 2 ауыл тұрғыны жіберілсе, екінші бағытындағы «Бастау бизнес» жобасына 3 ауыл тұрғыны оқыды. «Бизнес кеңесші» жобасымен 3 адам сертификатын алды. Оған қоса 12 адам тұрақты, 15 адам маусымдық, 9 адам уақытша жұмыспен қамтылса, 17 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
2019 жылы индикативті жоспарды орындау жолында 53 гектар бақша, 35 гектар көкөніс, 20 гектар картоп егіліп айтарлықтай өнім жиналды.
Қожабақы ауылы жанынан «Кішкене ата» өндірістік кооперативі 2 гектар жерге жеміс бағын оналастырып, 1195 түп әртүрлі көшет отырғызылды, – деді ауыл әкімі Әбілғазы Томаев халық алдындағы есепті баяндамасында.
«Агро-Өркен» 700 гектар жерге күріш егіп, әр гектарынан 30,4 центнер өнім алуды қамтамасыз еткен.
Жас ұрпақ тәрбиесіне №25 орта мектеп пен №17 «Айгүл» бөбекжай-балабақшасы ұжымының қосып отырған үлесі аз емес. Қожабақы ауылдық кітапханасы мен пошта байланыс бөлімшесі және тігін шеберханасы жаңа жұмыс орнына көшірілген.
Өткен жылды жақсы қорытындылаған қожабақылықтар алдағы кезеңге де нақты жоспар құрыпты. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық деңгейін төмендету көзделген. Салауатты өмір салтын қолдау бағытында ауыл орталығынан «Workout» алаңын салу межеленуде. Және ауылға типтік жобада мал қорымын, тұрмыстық қатты қалдық тастайтын орынды белгілеу ұйымдастырылады.
Қалың көпшіліктің ұсыныс-тілектерін тыңдаған аудан басшысы Мұрат Ергешбаев тиісті мекемелерге тапсырма беріп, алдағы уақытта нақты нәтижелер болатынын айтты.
* * *
Бүгінде Бозкөл ауылдық округінде мыңға жуық адам тұрады. 176 отбасының экономикалық белсендісі 60 процентті құрайды. Жұмыссыз ретінде тіркелушілер саны – 18. Дегенмен ауылдық округ әкімдігі олардың 8-ін тұрақты, 7-еуін маусымдық жұмыспен қамтыған. Бұл туралы Бозкөл ауылдық округінің әкімі Ақылбек Бөлебай сейсенбіде өткен халық алдындағы жылдық есепті кездесуінде мәлімдеді.
Былтырғы жылы Бозкөлге бюджеттен 68254000 теңге қаржы қаралған. Жоспарланған жұмыстарға сәйкес қаражат орынды жұмсалып, толықтай игерілген. Салық көлемі бойынша оның 6 түрінен 1 миллион теңгеден аса түсім жоспарланып, ол 917605 теңгеге артық орындалған. Ауылдық округ бойынша 30 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгендіктен бұл көрсеткішке таң қалуға болмайды.
Жыл басынан бері жаңадан 9 кәсіпкер кәсіп бастаушы ретінде тіркелген. Бұдан бөлек “Туған жерге демеу” акциясы аясында 3 кәсіп иесі ауыл кәсіпкерлерінің қатарына қосылған. Ал ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласынан тағы 2 кәсіпкер осында тіркеліп, тапқан пайдасының белгіленген мөлшерін ауыл игілігіне бөлгізуді
жоспарлап отыр.
жоспарлап отыр.
Туған жерге тағзым ете білетін, ең бастысы, өзімен бірге өзгелерді жұмыспен қамти алатын кәсіпкерлердің санын арттыру мақсатында ауыл әкімдігі тұрғындарды кәсіпке баулу мен оларды қаржыландыру амалдарын қарастырғаны қуантады. 2017-2021 жылдарға арналған бір ғана “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында 14 адам мамандықтар бойынша білім алған. Ал “Бастау бизнес” жобасы бойынша 3 тұрғын сертификат иеленген. Соған сай мемлекеттік грант конкурсына 3 талапкер қатысып, 252500 теңге ұтып алса, бозкөлдік бір азамат 300 000 теңге, екіншісі 505 000 теңге еншілеген. Олардың көпшілігі қазіргі таңда кәсіптерін жолға қойып үлгерді. Аталған бағдарламаның үшінші бағыты бойынша “Сұлтан”, “Әлихан” шаруа қожалықтары 3 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Мұндағы ауылшаруашылық саласы да мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің есебінен дамудың даңғыл жолына түскен. Өйткені қазірдің өзінде ауылдық округ бойынша 1653 мүйізді ірі қара, 1186 жылқы, 27 түйе, 4000-ға жуық ұсақ мал тізімге алынған. Жергілікті кәсіпкер Алмас Жалғасбаевтың “Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 3,5 миллион теңгеге сатып алған 112 бас аналық қойы мен 4 бас қошқары аталған тізімге қоса есептелгені анық. “Бизнес кеңесші” жобасы бойынша білімін толықтырып, “Іскер” бағдарламасы бойынша ірі қара малын өсіру үшін 7 миллион теңгеге құжат тапсырған Мұқтар Исабек пен Жеңісбек Бөлебаев жергілікті мал шаруашылығының одан әрі дамуына атсалыспақ. Келбеті келіскен ауыл көшелері былтыр көркейту-көгалдандыру мақсатында көлемді істер атқарылғанын айғақтайды. Бұрнағы жылғы бөлінген 800 000 теңгеге 3 жаңа аялдама орнатылып, 1 миллион теңгеге жасыл белдеу жасалған. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы арқылы саябақ ашылып, ел игілі үшін пайдалануға берілген. Мұнда оқушылардан бастап егде тартқан тұрғындарға дейін келіп, серуендейді.
Ауылдық округтегі Қ.Ерімбет атындағы №96 орта мектепте 189 оқушы білім алады. Жұдырықтай жұмылған 40-тан аса ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесінде өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 11 оқушының, 9-ы жоғары оқу орнына грант негізінде қабылданған. Оқу ордасы ғимараты да, материалдық базасы да көңіл көншітерлік.
Есесіне мұндағы №18 “Ақкөгершін” бөбекжай-балабақшасының ғимараты апатты жағдайда. 1964 жылы іргетасы қаланған нысанда қазіргі таңда 22 қызметкер 50 баланы тәрбиелеп отыр. Әкімдіктегілер 90 орындық балабақша салу үшін жоба-сметалық құжатын дайындап, аудандық білім бөлімі арқылы облыстық бюджетке ұсыныс берілген. Алайда әзірге жауап жоқ. Бұл мәселенің мән-жайынан хабардар болған аудан әкімі оқушы саны аз жергілікті мектеп ғимаратына балабақшаны уақытша орналастыру қажеттігін айтты.
Сөз соңын әкімдікке келіп түскен шағымдар мен жыл көлемінде орын алған қылмыстар санымен аяқтаған ауылдық округ әкіміне аудан басшысы толық қанағаттанбады. Оған себеп – округтегі жұмыссыздық деңгейінің 5,8 процентке жетуі. Бұл мәселенің күн тәртібіне мықтап қойылуы ескертілді. Айта кетейік, биыл жұмыссыздық деңгейінің аудандағы көрсеткіші 4,9 процентке кеміген.
* * *
Қызылқұм ауылдық округіне апарар жол бірнеше жыл бұрын тұрғындар үшін мұңға айналған. Қазіргі таңда аудан орталығынан 100 шақырымға жуық қашықтықты жалғайтын жолдың жағдайы әлдеқайда жақсарған. Мыңнан аса ауыл тұрғыны өткен жылы тегістеліп, біршама бөлігі күрелі жөндеуден өткеніне риза. Осы даңғылмен аталған аймақ бойынша 8 автобус қызмет көрсетеді. Алайда округ орталығы Кәукей ауылының көптен шешілмей жүрген жалғыз мәселесі бар. Ол – ауыл шетінде орналасқан, құлауға шақ тұрған ауылдық клубтың орнына жаңасын тұрғызу. Халық алдындағы есепті кездесуінде баяндама жасаған округ әкімі алдымен аталған қиындықтың өткен жылғы есепте сөз болғанын, қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Ауызбіршілігі жарасқан Қызылқұм округінде өткен жылы бір ғана қылмыс орын алған. Оның өзі ізі суымай ашылып, кінәлі азамат жазасын алды. Тағы төрт азаматқа қорғау нұсқамасы толтырылып, профилактикалық есепке алынған. Жыл басынан бері 136 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталып, тиісті шешімдер қабылданды. Округтің учаскелік полиция инспекторы Аралбек Пірімбетов тұрғындарды алаяқтық пен мал ұрлығы мәселесінде қырағы болуға шақырды.
Бірі-біріне қараса өмір сүріп жатқан қызылқұмдықтар қайырымдылық ісіне де бейжай қарамайды. Жыл көлемінде мекеме-кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен 2 отбасына ақшалай көмек, 14 шаңыраққа азық-түлік, 4 отбасына отын түсіртіп берген. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен немесе аз қамтылған 12 отбасыға мемлекет тарапынан берілетін атаулы көмек рәсімделген. Ауылдың 26 тұрғыны қоғамдық жұмыспен қамтылып, 10 адам тұрақты, 8 азамат маусымдық жұмысқа тартылған. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыссыздар қатарынан шыққан тұрғындар да баршылық.
Қазіргі таңда округ бойынша 34 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Соның арқасында тұрғындар жолаушы тасымалы, такси қызметі, азық-түлік, наубайхана, тігін шеберханасы сияқты қызмет көрсетушілерден кенде емес. Өткен жылы бұлардың қатарын тағы 6 жеке кәсіпкер мен 1 шаруа қожалығы толықтырды. “Бизнес бастау” мен “Бизнес кеңесші” жобасы бойынша 5 адам білім алып, аталған саланы дамытуды көздеп отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар арқасында кәсібін бастаған талапкерлер Қызылқұмда да баршылық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында бір азамат ағаш бұйымдарын шығару үшін 252 мың теңге грант иемденді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 2 адам құс шаруашылығымен айналысу мақсатында мемлекеттік грант конкурсына қатысты. Мал басын көбейту үшін 1 900 000 теңгеге 7 бас ірі қара малын сатып алған тағы бір кәсіпкер ауылшаруашылық саласына үлесін қосуда. Жылқы мен сиыр малы өткен жылға қарағанда ерекше өсім алған. Оларды сырғалау, чиптеп таңбалау жұмыстары жыл бойы кестеге сай жүргізілген.
Қызылқұм ауылдық округі аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан тұрғындарға медициналық көмек көрсету жолға қойылған. Дәрігерлік амбулаторияда дәрігер, фельдшер және 7 мейірбике жұмыс істейді. Ажар ауылы тұрғындары үшін арнайы маман бекітілген. Емханада 7 төсектік күндізгі бөлім, жедел жәрдем қызметі науқастарға үздіксіз қызмет көрсетеді. Өткен жылы денсаулығы сыр берген 124 емделуші тиісті емін алып, балаларды жұқпалы ауруға қарсы егу шаралары толығымен орындалған. Диспансерлік есепте тұрған 134 адамның барлығы тегін дәрімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бір жасқа дейінгі нәрестелерге тегін сүт таратылады. Округте мектеп пен балабақша қызметі де көңілден шығады.
Округ әкімі Оңталап Мүсілім келер жылы шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздық деңгейін қысқартуды көздеп отыр. Балық шаруашылығын да жолға қоюға болатынын айтты. Сонымен бірге Кәукей көшелеріне жөндеу жүргізіп, 200 орындық ауылдық клубтың құрылысын мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы жүргізуді осы жылдың еншісіне қалдырды. Ал аудан әкімі амбулатория мен балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін ауыл әкіміне құжаттарды реттеуді тапсырды. Қызылқұмдағы әкімдер есебінде абаттандыру, көшелерге жарықшам орнату мәселелері де талқыланды.
* * *
Осыдан 15 жыл бұрын құрылған Тасарық ауылдық округіне Тасарық, Лақалы, Тасөткел елдімекендері қарайды. Мыңға жуық тұрғыны бар округте білім беру, медицина, мәдениет саласына қатысты қиындықтар жоқ. 23 отбасы әлеуметтік атаулы көмек алады. Жұмыссыз ретінде тіркелген 38 адамның 13-і тұрақты, 20-сы маусымдық жұмыспен қамтылған. Учаскелік полицей Дархан Баймахановтың айтуынша, 151 әкімшілік құқықбұзушылық фактілері анықталған. Сол себепті тұрғындарды имандылыққа шақыру ісі қолға алынып, жасөспірімдердің теріс қылыққа бармауы үшін жергілікті мектеп мұғалімдерімен бірлескен рейд шаралары жиі ұйымдастырылып тұрады.
Округ әкімдігіне бөлінген 44 миллионнан астам қаржы ауылды дамыту, халықтың әлеуетін арттыру мақсатында жұмсалып, толық игерілген. Әкімдіктің жергілікті өзін-өзі басқару шотына түскен қаржыға Тасарықтағы екі, Лақалыдағы бір қорымның қоршау жұмыстары жүргізілді. Социалистік Еңбек Ері Кәрібоз Алимаев атындағы бақ қоршалған. Өткен жылы қомақты қаржыға елдімекенге кіреберістегі жасыл белдеу ұйымдастыртып, оның күтіміне қажетті құрылғылар сатып алынған. Тасөткел-Тасарық, Бозкөл-Тасарық арасындағы жолға жөндеу жүргізіліп, тұрғындардың басқа ауылдармен қатынасуы жақсарған.
Қажеті мүмкіндіктің барлығы қарастырылған ауылда кәсіпкерлікпен айналысуға ықылас білдірушілер саны артқан. Көп ауылда кездесе бермейтін балықшылар тобын Тасарықтан табу қиын емес. Былтыр 12 азамат жаңадан кәсіпке ден қойды. Солардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысқанды жайлы көреді. “Жасұлан”, “Бекқожа” шаруа қожалықтары мал басын түрлендіру мақсатында 4 асыл тұқымды бұқа сатып алған. “Қостерек” қожалығы жылқы асырау ісін жандандырмақ ниетпен 2 бас айғыр алдыртқан. Бақыткүл Нысанбаева есімді кәсіпкердің 7,8 миллион теңгеге 21 бие, 2 асыл тұқымды айғыр еншілеп, тәуекелге бел бууы да айтқан сөзімізді айғақтай алады. Округтің малмен айналысуға қолайлылығынан болар, Дәурен Замат атты кәсіпкер “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы 1,5 миллион теңгеге жылқы алып, несиені мерзімінен бұрын жауып, тағы 1,9 миллион теңгеге қорасын қойға толтырған. Соның салдарынан орын алуы мүмкін қиындықтың алдын алу үшін әкімдіктегілер ауыл сыртына типтік жобаға бейімделген 3 метр тереңдіктегі мал қорымын салып, 2 дана темір бетонды жабындымен жапқан.
Кәсіпкерлік саласы дәл осындай қарқынмен
дамып келе жатқан елдің келбеті де келісті болатыны
даусыз. Өткен жылы көркейту-көгалдандыру мақсатында аудандық бюджеттен 321 000 теңге қаржы бөлініп, оның аздаған бөлігі үнемделіп, кері қайтарылған. Тасарық пен Лақалы елді мекендерінің біршама бөлігі түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы да тағы бірнеше көшеге жарық беру жоспарда бар.
дамып келе жатқан елдің келбеті де келісті болатыны
даусыз. Өткен жылы көркейту-көгалдандыру мақсатында аудандық бюджеттен 321 000 теңге қаржы бөлініп, оның аздаған бөлігі үнемделіп, кері қайтарылған. Тасарық пен Лақалы елді мекендерінің біршама бөлігі түнгі жарықшамдармен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы да тағы бірнеше көшеге жарық беру жоспарда бар.
Тасарық ауылындағы 2010 жылы пайдалануға берілген №238 орта мектепте 116 оқушы білім алуда. Өкініштісі, былтыр мектеп бітірген 3 оқушының ешбірі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған. Алайда арнаулы оқу орындарының грантын иемденген. Аталған білім ордасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында “Қазақша күрес” секциясы ашылып, балалар күнделікті жаттығумен айналысады. Сонымен қатар Лақалы елді мекенінде 81 оқушыға білім беріп отырған №93 орта мектепте өткен жылы 6 талапкер Ұлттық тестілеуге қатысқан. Оның барлығы мелекеттік грант иесі атанып, орташа ұпайы 82 балды көрсеткен.
Аталған екі елді мекенде осыдан 10 жыл бұрын жаңа үлгідегі медициналық бекет пайдалануға берілген. Содан бері ауыл халқы басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына сапарлатуды қойды. Қажетті құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бекеттерде 2 фельдшер жұмыс істейді. Олар түрлі ауруға қарсы екпе жұмыстарын уақытылы жүргізеді. Дегенмен осы сәтке дейін денсаулық жағдайы нашар науқастарды тасымалдап келген жедел жәрдем көлігі не себепті екені белгісіз, қысқарып қалған.
Ауылдық округ әкімі Марат Сұлтамұратовтың осы жылға бекіткен жұмыс жоспары көлемді. Әкімдік тарапы көшелерді жарықтандыру, ауыл-аймақ көркін арттыру, кәсіпкерлерді қаржыландыруға ықпалдасу, аяқсу мәселесі, шағын және орта кәсіппен айналысатындардың санын 40-қа жеткізу, егін егу ісіне мән беріп, елді мекендердің кіреберісін жаңғыртуды толық қолға алмақшы.
Тасарық ауылдық округінде болған әкімдер есебінде тұрғындар тарапынан жас мамандар жағдайы көтерілді. Оның бірі дипломмен ауылға келген маманға берілуі тиіс бір реттік қаржылай көмектің көп күттіргендігі болса, екіншісі тұрғын үй мәселесі. Бұған қатысты аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы жауап беріп, жас мамандарға арнап үй салу заңнамада қаралмағанын түсіндірді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ,
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ