Мас күйде көлік жүргізгендер енді қатаң жазаланатын болады
Қазақстанда бұдан былай көлікті мас күйде жүргізген үшін жаза күшейтіледі. Заңдағы жаңа өзгерістер жөнінде мәжілістің пленарлық отырысында бас прокуратура баянап берді.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бүгінгі таңда көлік жүргізушісі мас немесе сау күйде болсын, адамды қағып өлтіргені үшін жаза бірдей екенін, ары кетсе, бес-ақ жыл айырмашылық барын атап өтті.
"Енді, мас күйінде осындай қылмыс жасаған адам 10 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ, өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғаймақ", – деді Ахметжанов.
Сонымен қатар, ол осы санаттағы қылмыстар бойынша тараптардың қайта татуласуына тыйым салынатынын жеткізді.
Айта кетейік, өзгерістердің барлығы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында көрсетілген.
Бүгін мәжіліс депутаттары осы құжатты бірінші оқылымда қарады.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлікті мас күйде жүргізгендерге қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын.