Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі өнімді цех

Еңбегі өнімді цех

Еңбек еткенге мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп, қаржылай демеу жасауда. Соңғы уақытта мұндай қомақты қаржының игілігін көрушілер қатары да көбейіп келеді.
Бүгінде Майдакөлде ағаш және пластиктен бұйым жасау цехы халыққа сапалы қызмет көрсетеді. Оны жергілікті ауыл тұрғыны Толғанай Манау жеке бизнес жоспарын дайындап, 1 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алғанының арқасында ашқан еді. Қазір жұбайы Мейірімханмен бірге есік-терезе жасаумен қатар өзге де тапсырыстарды орындап жүр. Көрші ауылдардан келетін тұтынушыларға қолжуғыш, шай үстел, орындық сынды түрлі ағаштан дайындалатын заттарды тапсырыспен жасайды.
Толғанай Сейілханқызы мемлекет тарапынан берілген қаржыға цехқа қажетті жабдықтар алып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруда. Отбасылық кәсіпте жұбайы Мейрімханмен бірге Руслан мен Рүстем де қолғабыс көрсетеді. Толғанайдың айтуынша, қайынатасы Тілеуқұл сол өңірдің белгілі зергері болған. Ауласында қара дүкен ұстаған. Бұл өнерді бойына сіңірген баласы сол қара дүкен орнын қайта жаңғыртып, ағаш өнімдерін шығаратын шағын цех тұрғызған.
Кәсіпкер әйелдің айтуынша, ауылда пластиктен терезе орнататын маманның жоқтығын байқаған күйеуі бұл істі қолға алуға кеңес беріпті. Жұбайының айтқан ақылына құлақ асып, аудандық кәсіпкерлер палатасында 2 күндік дәріс алады. Мұнда жаңа істі қалай бастауды, құжаттарды дайындау тәртібін, өнімді жарнамалау әдісін және тұтынушымен тиімді байланыс орнату жолдарын меңгерді. Ал ағаш өңдеу көнеден келе жатқан өнердің бірі. Қазір де маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Әдемі және ыңғайлы жиһаз, үй еден мен есік-терезелері, музыкалық аспаптар барлығы дерлік ағаштан өңделеді. Сондықтан туған өлкенің тұрмыстық жағдайында ағашпен қатар пластикалық өнім өңдейтін мамандарға қажеттілік азаймайды.
– Қазіргі уақытта бірде бір құрылыс пластикалық терезелерсіз болмайды. Сонымен қатар тұрғындар үйлеріндегі ескі терезелерді осы өніммен ауыстыруда. Пластикалық терезелерге соңғы кездері сұраныс күрт өсті. Оның ерекшелігі – аса қатты күтімді қажетсінбейді. Қосымша жөндеулерді талап етпейді. Дыбыс пен жылуды ұстайтын тығыздығы жағынан жоғары көрсеткішке ие, – дейді Толғанай.
Іскер келіншек алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, жеке автокөлік алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қосымша жұмыс қолын көбейтуді де ниет етуде. Ал ауыл тұрғындары қолжетімді бағадағы өнім сапасына дән риза.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

26 қазан 2019 ж. 1 082 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930