Алаяқтықтың адымы қысқарды

Статистикалық мәліметке сәйкес, 2018 жылы алаяқтыққа қатысты 19 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2019 жылдың 7 айында 3 қылмыс орын алған. Жоғарыдағы қылмыс түрі тергеп-тексеру нәтижесімен 4-еуі сотқа,1-еуі тергеу реттілігіне сәйкес Қызылорда қалалық полиция басқармасына жолданды. 8-і жәбірленушілермен татуласуына орай тоқтатылып, 9-ның тергеу мерзімі үзілген.
Алаяқтық қылмыс жасаудың негізгі тәсілдерін талдасақ, 6-ы жұмысқа орналастырамын, 1-еуі автокөлік әкеліп беремін, 5-еуі несие алып беремін, 3-еуі ұялы телефонын сөйлесуге сұрап алу арқылы, 2-уі банкоматтан ақша алып беремін деп өзіне аударып алған, 1-еуі ем жасайтынын айтып, алтын бұйымдарын алдап алса, 1-еуі қылмыстық істі жабуға көмектесемін, 1-еуі интернет арқылы тауар алу кезінде ақшасын аударып жіберген, 2-еуі алтын бұйымдарын сеніміне кіріп алдап алған.
Бұл ретте аудандық прокуратураның бастамасымен аудан әкімдігі және аудандық полиция бөлімімен бірігіп, «Қазалы ауданы көлемінде меншікке қарсы (алаяқтық) күресті тиімді жүргізу мақсатында» іс-шара жоспары бекітілген. Осы ретте аудан көлемінде алаяқтық қылмысы бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізу мақсатында «Алаяқтық арбауынан сақ болыңыздар» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары бетінде мақала жарияланды. Халық көп шоғырланатын жерлерге бильбордтар ілінді. Қала, кент және ауыл округтерінде алаяқтық қылмыстың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ғаламтор жүйесі арқылы әлеуметтік блогерлердің мүмкіндіктері қолданылды.
Сонымен бірге аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында алаяқтықтың алдын алу мақсатында тиісті органдарға тапсырма берілді.
Жарқын іс – жақсылыққа бастайды. Аудандық прокуратураның атқарған жүйелі жұмыстарының арқасында алаяқтық қылмыс 19-дан 3-ке немесе 84 процентке азайғаны байқалып отыр.
Бағлан АЙМАҒАМБЕТОВ,
Қазалы аудандық прокуратурасының
прокуроры