Үздік орта білім ұйымы атанған байқоңырлық мектепке 17 миллион теңге табысталды
Конференцияға Білім және ғылым министрлігіннің өкілдері, Парламент депутаттары, білім беру мекемелері мен ҮЕҰ өкілдері қатысты, олар оқу орындарын цифрландыру мүмкіндіктері мен жас таланттарды тәрбиелеу туралы баяндады.
Конференция барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов білім беру саласындағы негізгі міндеттерді саралап берді.
Аймақ басшысы атап өткендей, білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген негізгі көрсеткіштер орындалды. Дегенмен, одан бөлек шешімін табуы тиіс бірқатар маңызды мәселелер де бар. "Біріншіден, облыста 3-6 жастағы балалар бекітілген мерзімінен бұрын балабақшамен 100 пайыз қамтылды. Дегенмен, 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Екіншіден, соңғы 6 жылда облыста 69 мектеп салынды, аймақ мектептерінің 60 пайызы жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілсе компьютерлер 100 пайызға жаңартылды. Енді біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алыс орналасқан ауылдық елдімекендердегі мектеп оқушыларына қалалық мектептермен теңдей дәрежеде сапалы білім алуға жағдай жасауы керек", - деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақтың үздік педагогтары "Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісіне ие болды, "Ыбырай Алтынсарин" медалімен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, № 277 орта мектебіне "Үздік орта білім ұйымы" номинациясы бойынша 17 миллион теңге табысталды.