"Қызылорда қаласының құрметті азаматы" 20 адамға берілді
Елге еңбегі сіңген 20 азамат «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын алады. Бұл туралы кеше өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс 44 сессиясында белгілі болды.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжанов күн тәртібіндегі «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» мәселесі бойынша «Марапаттау» комиссиясына түскен ұсыныстардың ішінен 20 азаматтың кандидатурасы іріктелгенін айтты.
Сөйтіп қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына ерекше үлес қосқан білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, қаржы, құрылыс, кәсіпкерлік және өзге де салаларда қажырлы, абыройлы еңбек еткен азаматтар тұрақты комиссияда талқыланып, қалалық мәслихаттың сессиясына ұсынылды.
Сессия қорытындысымен депуттаттар тарапынан 20 азаматқа «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» шешім қабылданды.
Айта кетейік, бұдан өзге сессияның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Атап айтар болсақ қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биылғы жылдың І жартыжылдығында Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады. Мұнан кейін қала әкімдігінің аппарат басшысы Ғалымжан Рахметов жыл басынан бері қала әкімдігінде қызмет ауыстырған басшылық құраммен келісуді ұсынды.
Kyzylorda-news.kz.