Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Лашықта тұрамыз деп жұртты шулатқан отбасының табысы 215 мың теңге

Лашықта тұрамыз деп жұртты шулатқан отбасының табысы 215 мың теңге

Отандық журналист Жазира Бегалы желідегі парақшасында 4 баласымен жұбайлардың адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол көпбалалы отбасы өмір сүріп жатқан күркенің суретін де бөлісті.

«ХХІ ғасырда жұбайлар төрт баласымен бірге адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қайназар ауылында бейбіт күнде салафанмен қамталған, едені жоқ, жарықсыз шатырды мекендеген отбасының басқа баратын жері жоқ. Айдалада отау тіккен ерлі-зайыптымен бірге 3, 5, 7 және бір жасар балақайлар үреймен, шілденің шыжғырып жіберетін аптабында қапырық кепеде өмір сүріп жатыр», - деп жазды журналист.

Айтуынша, бұл кепеде жарық жоқ. Түнде отбасы мүшелері қорқып ұйықтайды. Жұбайлар арақ ішпейді, нашақор емес. Екеуі де еңбекқор, өте тату. Тіпті, несиеге Қайназардан жер телімін сатып алып, Алматы маңында пәтер жалдап тұрған. Алайда биыл отағасының дерті бірден асқынып, төсек тартып жатып қалған. Отбасының асыраушысы құрылыс жұмыстарына жарамайды.

«Емделуге ақшасы жоқ. Жалдамалы пәтерге де төлейтін тиын-тебені таусылды. Пәтер иесі үйін босатуды талап етіп, екеуі бүлдіршіндерімен Қайназар ауылындағы жер теліміне барып, шатыр тігіп паналап отыр. Отағасының есімі – Қайрат.

37 жастағы ер адам өз үйінің іргетасын көтеріп, жомарт жандардың, ағайынның көмегімен кірпішін қалаған. Енді апталдай азаматтың қозғалуға қауқары жоқ. Маған хабарласқан келіншектің есімі – Құндыз. Нәп-нәзік, сүйкімді қазақ қызы. Инабатты, тәрбиелі екенін де әңгімелескенде байқадым. Ай мен күннің аманында көмек сұрағанына ұялып тұрғанын айтты. Оның әңгімесін естіп отырып мен де жыладым», - деп жазды Жазира Бегалы.

Әйел адам қаладағы емханалардың бірінде еден жуады. Бір жасар қызы Назым туабіткен артрогрипоз ауруына шалдыққан. Аяқ-қолы істемейді. Соған қарамастан сәбиін 6 айынан үйде тастап, бала-шағасын, науқас күйеуін бағып отыр. Еден жуатын Құндыздың жалақысы – 46 мың теңге. Ал кенжесіне алатын мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақысы оның массаж, т.б. қажеттілігінен артылмайтынын айтады 29 жастағы көпбалалы ана.
«Ал бұл отбасының күйі қыста не болады? Қалай ойлайсыз? Туыстарының көмектесуге жағдайы жоқ. Жамбыл ауданының әкімдері, Қайназар ауылының әкімдері бұдан хабардар. Өкінішке орай, шенеуніктердің жағдайы жоқ сияқты», - деп алаңдаушылық білдірді журналист.

Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің уақытша баспасөз қызметшісі қызметін атқарушы Бақтияр Айталы отбасының жұрт ойлағандай емес, айтарлықтай табысы бар екенін айтты. Сондай-ақ, үй салып жатқанын, бұл күркенің сол үйдің жанына тігілгенін түсіндірді.

«Бұл кісі 2001 жылы Өзбекстаннан көшіп келген ағайындар. Таразда, кейін Алматының іргесіндегі Райымбек ауылында тұрған. Одан кейін ұзынағашта мына келіншектің ата-енесі бар. Шешесі солардың үйінен 100 метр қашықтықта несиеге жер алып берген. Құны – 450 мың теңге. Соған бұлар үй салып жатыр. Барлық жердің шулап жатқанын білеміз. Әлгі күркені осы салып жатқан үйдің жанынан тіккен. Өздері былтыр бізге тіркеуге келіп тұрды. Мемлекет төрт баласына жәрдемақы беріп жатыр. Ай сайын 105 мың теңге. Кенже баласы мен отағасы мүгедек болған соң, олардың асыраушысы ретінде 69 мың теңге төленеді. Ал әйелдің өзі Қалқамандағы №7 ауруханада еден жуушы болып жұмыс істейді», - дейді әкімнің баспасөз хатшысы.

Бақтияр Айталының айтуынша, отбасы үй салып, соның шатырын жауып беруге көмек сұраған. Әкімдік өз кезегінде қолынан келген көмегін аямайтынын айтқан. Сондай-ақ, баспасөз хатшысы олардың бірінші өздеріне емес, бірден журналистерге хабарласқанын айтып ақталды.

«Жалпы үйдің таза кірісі – 215 мың теңге. Өткен сенбі күні Instagram желісінен көріп,ауылдық округтің адамы, Қарасу ауылдық округінің әкімі, ауданық әкімдіктен адамдар барды. Негізі Қайназар ауылында 10-15 мың теңгеге екі бөлмелі пәтер толып тұр. Әкім «Егер қиналып осындай лашықта тұрып жатсаңыз, онда біз сізге тегін пәтер тауып берейік» деп айтты. Былтыр оларды тіркелген мекенжайдан шығарып жіберген екен. Соған қатысты да көмектесе алатынымызды айттық. Бұдан артық қандай көмек керек? Әкім үйін салып беруге көмек сұрағанда, алдымен, жұртты лашықта тұрып жатырмын деп шулатпай, пәтерге көшуін өтінді. Елмен бірігіп бір отбасыны аяғынан тұрғызуға шамамыз бар. Қаласа қазір-ақ пәтерге көшіп барсын. Ай сайын 10-15 мың теңгені төлеп беруге әкімдіктің шамасы жетеді», - деп сөзін қорытты әкімнің баспасөз хатшысы.

Мұнымен қатар, ол алдағы уақытта үйін салуға да міндетті түрде көмектесетінін жеткізді.
31 шілде 2019 ж. 1 060 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031