Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиада қонжығы қайда ұшып кетті?

Олимпиада қонжығы қайда ұшып кетті?

1980 жылдың 3 тамызында Мәскеудегі олимпиада ойындарының жабылу салтанатында олимпиада эмблемасы – аюдың қонжығы Мишка ұшырылды. «Лужники» стадионындағы мыңдаған москвалықтар мен қала қонақтары Лев Лещенко мен Татьяна Анциферова «Қош бол, Москва» әнін орындап жатқанда қонжық Мишка ұшырылып, барлығы қимай қоштасып, кейбіреулері көздеріне жас алып жатты. Сонымен аспанға ұшырылған Мишка қайда кетті? Қонжық Мишка қалай эмблемаға айналды?

Олимпиада эмблемасы ретінде қонжық Мишканың таңдап алынуы 1977 жылы басталды. «Советтік спорт» газетінің бастамасымен «Жануарлар әлемінде» телехабары арқылы көрермендерге 1980 жылы Мәскеуде өтетін олимпиаданың эмблемасына қай аңды таңдаған дұрыс деп сауал тасталды. Телекөрермендердің түгелге жуығы аюдың қонжығы Мишканы таңдады. Қонжық Мишка эмблема болып бекітілген соң, бүкіл ел суретшілеріне бәйге жарияланды. Бәйге қорытындысында балалар кітабының иллюстратор суретшісі Виктор Чижиковтың жұмысы таңдап алынды. Мәреге жеткен 60 қонжық суреті ішінен В.Чижиков салған суретті сол кездегі халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы лорд Киланинге де ұнағасын ұйымдастыру комитеті эмблеманы бекітті. Аюды таңдау себебі бұл аңның бойында күш, батылдық пен қажырлылық қасиеттер бар болатын. Осы Мишка суреті бойынша 6 метрлік резеңкеден үрленген аэростат жасалынды. Бастапқыда оны Мәскеудегі резеңке өнеркәсібінің ғылыми зерттеу институтында жасамақшы болғанмен, көлемі өте үлкен болғандықтан Мишканы дайындау жұмысы осы институттың филиалы орналасқан Загорск қаласына көшірілді.

Мишканың алып резеңке қуыршағы түрлі жағдайлар болуы мүмкін деп, үш данасы жасалынды.
Олимпиаданы ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша резеңке Мишка жабылу салтанатында аспанға ұшып кетуге тиіс болды. Осыны іске асыру үшін 1979 жылдың сәуір айында Жуковский қаласында орналасқан Аэро-Гидродинамикалық институтында «Аю» деген атпен жұмыс басталды. А.И.Фавордохин бастаған бір топ ғалымдарға «Олимпиадалық Мишка» жабылу салтанатында жоғары тіке ұшып кетуі керек деген тапсырма берілді. Стадиондағы трибунадан 3-4 метр көтерілген соң, жанып тұрған олимпиада алауына тиіп кетпей, стадион төңірегінен тезірек ұшып, көрінбей кетуі тиіс болды.

Бастапқыда инженер Александр Трусовтың өзі Украинаның «Желтая вода» жұмсақ ойыншықтар тігін фабрикасы тіккен костюмді қонжыққа кигізіп, гелиел толтырылған шарлармен ұшып көріп, сынақты сәтті өткізді. Алайда Лужники стадионының биіктігі 30 метр болғандықтан, соған жеткен соң оң жаққа бұрылып көрінбей кетуге тиіс болды, сондықтан адам отыратын шағын кабина қонжықтың оң аяғының ішіне орналас­тырылды. Екінші сынақ кезінде Мишка ішіндегі шағын кабинаға инженер Игорь Артомонов отырды. Стадионнан ұшып шығып, бұрылып жатқанда жанып тұрған олимпиада алауына тиіп, резеңке қонжық бірден жанып кетіп, ішіндегі инженер И.Артомонов ауыр күйіктен өліп кетті. Сондықтан резеңке Мишка тағы аударылып, бағытынан ауып кетпеуі үшін гелиелі үрленген шарлар қонжықтың алдынғы аяғына ғана байланды.

1980 жылдың 3 тамызындағы жабылу салтанатында қонжық Мишка аспанға сәтті ұшырылып, көрермендердің көзінше оң жаққа бұрылып жоқ болып кетті, ішіндегі жерден басқару аппараты көздеген мақсатты дәл орындады.

Арада 3 күн өткен соң Можайский суқоймасы жақтағы Воробьев тауларына барып құлаған Мишканы тауып әкеліп, Лужники стадионының қоймасына тас­тады. 1980 жылдың күзінде Батыс Германиялық (ФРГ) бір фирма қонжық Мишканы жүз мың неміс маркасына сатып алуға ұсыныс жасады, алайда КСРО үкіметі оған рұқсат бермеді. Бірнеше рет Халық шаруашылығының Бүкіл Одақтық көрмесінің павилионына қойылғаннан кейін қоймаға тастағаннан соң ұмытылып кетті. Уақыт өте оны тышқандар мен егуқұйрықтар кеміріп тастағаны белгілі болды. Осы Мишканың «Воробьев» тауына қарай ұшып бара жатқаны «Громовтар» кинофильмінің соңғы сериясында жақсы көрсетілген.

Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ


11 шілде 2019 ж. 1 908 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930