Жастар жылы – жақсылық бастауы

Атап өтсек, біздің ауыл Орынбор-Ташкент темір жолы мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі бойында орналасқан. Тұрғындар саны жыл санап өсіп келеді. 2000 жылы 40-45 отбасы болса, биыл 75 отбасына жетіп отыр. Осының басым көпшілігін жастар құрайды.
Байқожа бекеті Майлыбас ауылдық округіне қарағандықтан ауыл орталығында білім шаңырағынан басқа әлеуметтік орын кездеспейді. Соған қарамастан №258 негізгі мектеп жанынан ұйымдастырылған «Байқожа жастары» жайдарман тобының мүшелері 2017 жылдан бері аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, бас жүлдені жеңіп алып жүр. 2019 жылдың ақпан айында Қызылорда қаласында өткен облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бес жылдығына орай ұйымдастырылған «Жастар кубогы» фестивалінің бас жүлдесін иеленді.
Қорыта айтарым, ортамызда өнерге құштар жастар көп. Сондықтан Елбасының Жастар жылы бастамасына сәйкес аудан, облыс тарапынан аудан орталығына жақын орналасқан ауыл жастарына қолдау көрсетілсе деген тілегіміз бар. Еркін күрестен спорт шеберінің кандидаты мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Соған аптасына екі рет түстен кейінгі мезгілде үйірме өткізуге тұрақты штат ашып берілсе және қажетті құралдармен жабдықтауға көмек болса жақсы болар еді. Ауданның кейбір ауылдарындағыдай жасанды жасыл шөп төселген спорт алаңы біздің ауылға де салынса деген тілегіміз бар. Сөйтіп жастар жылы – жақсылық бастауына айнала түссе дейміз.
Қуаныш КЕМАЛ,
Байқожа бекеті