Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалақы: Мұғалімдерге үстемақы қалай және қанша төленеді?

Жалақы: Мұғалімдерге үстемақы қалай және қанша төленеді?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде 2019 жылдың 1 шілдесінен бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке, аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырған болатын. Бұдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеруді тапсырды. Осы орайда аудандық білім бөлімі орталықтандырылған бухгалтериясының бас экономисі Нұрлан Әзиевке жолыққан едік.

Нұрлан Әзиевтің айтуынша, республикалық бюджеттен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің өзгеруіне байланысты азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің жалақысын көтеруге – 241995,0 мың теңге бөлінген. Ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты жоғары білімді біліктілік категориясы жоқ В2-4 санатындағы еңбек жолын жаңадан бастаған 0-13 жыл аралығындағы мұғалімдермен арнаулы орта білімді екінші категориялы В4-3 және категориясы жоқ В4-4 санатындағы мұғалімдер, психологтар, тәрбиешілер, қосымша білім беру ұйымдарында істейтін педагогтардың жалақысы көбейді. Мәселен, ауылдық жерлерде В2-4 санатындағы жаңадан жұмысқа қабылданған жоғары білімді мұғалімнің жалақысы 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін 102 200 теңге болса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 109 500 теңге болды. Яғни 7 процентке өсті. Бұл жоғары білімді, еңбек өтілі аз жас мұғалімдер үшін. Ал ауылдық жерде жұмыс атқаратын В4-4 санатындағы арнаулы орта білімді мұғалімнің 15 жыл еңбек өтілімен жалақысы бұрын 77 645 теңгені құраса, 1 қаңтардан кейін 100 541 теңгеге жетіп, 30 процентке көтерілді.

– С-2, С-3 және D санатында жүрген көмекші тәрбиешілер, хатшылар, іс-қағаздарын жүргізушілер, кітапханашылар мен шаруашылық меңгерушілері және бухгалтерлердің де еңбек ақылары 49 процентке ұлғайды. Мысалы, D санатындағы толық жүктемемен іс қағазын жүргізушілер мұның алдында 43 534 теңге жалақы алып келсе, осы жылдың басынан бері 65 036 теңге айлық алуда. Бұл еңбек жалақысының 49 процентке көтерілгендігін көрсетеді. Біліктілік разрядта жүрген еден тазалаушылар, күзетшілер, жұмысшылар, от жағушылар, сантехник пен электриктердің жалақысы да жоғарылады. 2 разрядта толық жүктемемен жүрген еден тазалаушының еңбек жалақысы тазалық дезинфекциялық құралдарды пайдаланғаны үшін төленетін үстеме ақыны қоса есептегенде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 67 514 теңге алып, жалақысы 38 процентке арттырылды, – дейді бөлім экономисі.

Тағы бір айта қаларлық қуанышты жағдай, республикалық бюджеттен осы жылдың 1 маусымынан білім саласында қызмет атқарып жүрген мұғалімдердің және азаматтық қызметшілер мен жұмысшылардың еңбек ақыларын көтеруге 850771,0 мың теңге бөлініп отыр.

Бұл жөнінде Нұрлан Әзиев: «Қызмет­керлердің жалақысын ұлғайтуға байланысты бөлінген қаржы мектептердегі 1627 бірліктегі сабақ беретін мұғалімдер, 652 бірліктегі мамандар психолог, дефектолог, әлеуметтік педагогтар, кітапхана меңгерушілері, зертханашылар, бағдарламашылар, инженер-техниктермен хатшыларға, 189 бірліктегі әкімшілік қызметкерлер мектеп директорлары мен орынбасарлары және 998 бірліктегі техникалық қызметтер атқаратын еден тазалаушылар, күзетшілер, жұмысшылар, от жағушылар, сантехник пен электриктердің және вахтерлардың еңбек ақысын жақсартуға беріледі. Сонымен бірге мектептен тыс мекемелер – оқушылар үйі, Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебі және «Шағала» тынығу лагері мен балабақша қызметкерлерінің де жалақылары осы деңгейде өседі»,– деді.

Сондай-ақ, бөлімдегі орталықтандырылған бухгалтериясының бас экономисі Нұрлан Әзиев өткен жылдан бері 1-10 сыныптар аралығында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін мұғалімдерге қосымша 30 процент ақы төлеуге, Ұлттық біліктілік тестінен өткен мұғалімдерге педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін /модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер/ қосымша ақы төлеуге, мектептердегі педагог-психологтардың лауазымдық жалақы­ларының мөлшерін молайтуға мектептегі педагог-психологтардың педагогикалық шебер­лік біліктілігі үшін қосымша ақы төлеуге, мектептердегі тілдік курстан өткен ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге қосымша ақы төлеуге, тілдік курсқа кеткен негізгі қызметкердің оқу кезеңінде орынына жұмыс атқарған қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге қаржы бөлінген.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
11 маусым 2019 ж. 3 975 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930