Мал баққанға бітеді
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлі телефон қоңырауын шалып: «Орта Азия мен Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғ.Мұратбаев есімімен аталатын ауылда мал өсірумен айналысып, ісін дөңгелетіп отырған тұрғын бар екен. Соның жұмыстарымен танысқалы жүргелі жатырмын. Барамын десеңіздер, ілестіре кетейін» – деген хабарын жеткізді. Жақсы жаңалық десе жарғақ құлағымыз жастыққа тимейтін әдетімізге басып: «Біз де қалып қоймайық», – деп іле-шала жолға дайындалдық...
Көп ұзамай іргелі ауылға туралап кіретін күре жолдың солтүстік-шығыс жақ бетіндегі орын тепкен, еңселі де әсем етіп салынған, су жаңа үйдің жанына келіп тоқтадық. Бізді аула ішінде қапсағай денелі, ақсары жігіт жылы шыраймен қарсы алды. Жүрген шаруамыздың мәнісін түсінгеннен кейін, сырты ақ қаңылтырмен қоршалған алаңқайға қарай бастады. Ондағы жел өтпейтіндей етіп салынған жабық қораның бірінде сиыр, екіншісінде қойлар орналасыпты. Алаңның бір бұрышында бөлек күтімге алынған арық-тұрақ зеңгі баба тұқымына шөп салып жатқан жұмысшыны көрдік. Жанымызда тұрған еңбексүйгіш Ерболдан шым-шымдап сыр тартып, істейтін кәсібі мен содан көретін нәсібі туралы білуге ден қойдық.
Ербол орта мектеп қабырғасында жүргенінде үздік шәкірттер сапынан көрінген. Қабілет-қарымы, елгезектігімен ұнаған бұған бірқатар ұстаздары «Жоғары оқу орнына түсіп, біліміңді толықтыр. Түбі сенен жақсы маман шығады», – деген мақтауларын айтып, үкілеген үміттерін артады. Алайда үлкен өмір аспанына қанат қаққан тұста тағдыр таланы басқа арнаға бұрылып, кете барды.
Кеңес Одағы билік құрған жылдары ауданымыздың Құмжиек, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздарында ақтылы қой өргізген әкесі Бақыт 1996 жылы Ғ.Мұратбаев ауылына көшіп, қоныстанады. Оның тіршілік қамымен шопан таяғын, мал өнімдерін дайындаушылыққа ауыстыруына тура келді. Сонда Ербол әкесіне қолқанат болып, қолынан келетін көмегін берді. «Көре-көре көсем боласың» демекші алымды жас аталған тірліктің бүге-шүгесін көңіл сарайына мықтап тоқыды. Сөйтіп жүріп, бойында «Бұрынғы ата-бабаларымыздан жеткен ата кәсіп – мал шаруашылығына үлесімді қоссам» дейтін арман ұштығы пайда болды.
Ынта-ықыласының нәтижесінде 2014 жылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 2,5 млн теңгенің несиесіне қол жеткізді. Алынған қаржыға тоқты сатып әкеліп, қой бордақылауға кірісті. Еңбек түбі – береке. Тамшылата төккен тердің арқасында мемлекеттің берген ақшасын мерзімінен бұрын төлеп құтылды.
2015 жылы аталған бағдарлама бойынша ірі қара малын көбейту үшін тағы да 3 млн теңге алып, алғашында 12 бас бұқаны бағымға алды. Жыл санап күтімін жетілдіріп, мал санын көбейтуге күш салды.
Бүгіндері Ғ.Мұратбаев ауылында тұратын жеке кәсіпкер, әке жолын қуған Ербол Бақытұлы Әбілтаев қорасындағы 100-ге жуық ірі қара мен 250-дей қойдың бағымын келістіре жүргізіп отыр. Арнаулы құрал арқылы бидай, арпа мен күнжара тартылып, жемге айналдырылса, жоңышқа мен пішен туралып беріледі. Осындағы күні бойы толастамайтын қат-қабат шаруаларды Бағдат Бекназаров, Ғабит Шегебай, Айбек Өтегенов, Тиыштықбай Смағұловтай жұмысшылар және Нұрлыбек Алданазаров есімді жүргізуші атқарады. Бұлар өздеріне жүктелген міндеттерге мұқият қарап, дер кезінде орындауға дағдыланған жандар.
– Біз сиыр мен қойды бордақылау арқылы аудан тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге үлесімізді қосудамыз. Әйтеке би кентіндегі екі дүкенмен келісім-шартқа отырдық. Сиырдың әрбірі 300-320, қой 90-100 келі таза ет береді.
Алға қойған жоспарларымыз жүзеге асып келеді. Ендігі бір тілегіміз болашақта ауыл сыртынан мал бордақылайтын арнаулы жер алуымызға көмек берілсе. Өйткені үй ауласындағы қоралар тарлық етіп отыр. Оның үстіне бұл жағдай ауылдың тазалығы мен экологиялық жағдайына да кері әсерін тигізуде, – дейді жеке кәсіпкер Ербол Әбілтаев.
Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтауға мән берілген. Олай болса алдағы уақыттары тиісті орындар агроөнеркәсіп саласының өркендеуіне белсене атсалысып жүрген азаматтың өтінішін орындауға құлақ асып, қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Сахи ҚАПАР.
Ғ.Мұратбаев ауылы.