Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарызсыз қоғамға қадам жасайық

Қарызсыз қоғамға қадам жасайық

Қазір әр қазақстандықтың басында кем дегенде екі-үштен банкте несиесі бар. Өкініштісі, қарыз қамытын кигендер сол қарызбен тоқтап қалып жатқан жоқ, керісінше қарыз үстіне қарыз жамап жатыр.
2019 жылғы "Азаматтардың борыштық жүктемесін азайту шаралары туралы" жарлықтың аясында кейбір ел азаматтарына жеңілдік жасалып, қарыздары кешірілгенін білеміз. Әйтсе де сол қарыз есебінен шығарылғандар кейін орайын тауып, тағы да несие алғанын талай көз көрді. Тіпті солардың көбі кезінде алған несиесін өтей алмай, борышкерлердің қатарына қайта енді. Адамдардың қарызға белшесінен бата тұрып, өздерін қайта батпаққа құлататыны әдетке айналып барады. Бұл шарасыздық па әлде тура жолдан тайғанақтау ма?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жариялаған мәліметіне сенсек, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қаңтардан кейін бұған дейін қарызы кешірілгендердің 395 мыңы 685 миллиард теңге несие алғаны белгілі болған. Оның ішінде 70 мың адамның, яғни 9,9%-ның 67,5 миллиард теңге сомасында 90 күннен астам мерзімі өткен. Екінші деңгейлі банктер қарыз алушылардың едәуір бөлігіне қайтадан жаңа несие берген. Қош, алды делік. Бірақ банктер қарыз алушылардың несиелік қабілетін бағаламастан оларға жеңілдік жасағаны, қай сасқаны? Әдетте борыштық жүктеме коэффиценті талапқа сай болған қарыз алушыға сұраған сомасын бермей жатады емес пе? Бұл жерде біз түсінбейтін бір дүние барға ұқсайды. Әйтпесе, қарызға онсызда батқан адамды одан сайын қарызға батырмас еді ғой дейсің. Бұл жүйелік шаралардың сол уақытта дұрыс жолға қойылмағандығынан орын алғанболса керек. Кейін бұл мәселеге қатысты оң өзгерістер орын алып, тұтынушылық несиеге қатысты заңнамаларға түзетулер енгізілді. Қолға алынған шаралардың арқасында қос тарап үшін жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижесін аз-аздан беріп те үлгерді. Сөзімізге тұздық болсын, статистикалық мәліметтер бойынша соңғы үш жылда банк секторында мерзімі өткен берешегі бар несиелердің көлемі 8,8 пайызға немесе 174,2 миллиард теңгеге азайғанын білдік. Яғни, 2023 жылдың 1 қыркүйегінде қарыз көрсеткіші – 1,8 триллион теңгені құраған. Ал 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға берілген шағын несие үш жылда 60%-ға өсіп, 67 миллиард теңгеге жеткен. Бұл бір тарап үшін жақсы көрсеткіш болғанымен, ал келесі бір тарап үшін алаңдайтын жайтқа айналды. Иә, көптің алаңдаушылығын тудыратын мәселені депутаттар да айналып өтпей, мәжіліс мінберінде жиі талқыға салып жүр. Солардың бірі мәжіліс депутаты Абзал Құспан тақырып төңірегінде:
– 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77% пайызын құрайды. «Жаңа Қазақстан» сөз тіркесі трендке айналып, халық арасында жаппай қолданысқа еніп кетті. Алайда Жаңа Қазақстанды жылтырақ сөзбен жаңғыртып, құра алмаймыз. Бұл – анық. Оған нақты іс керек, шұғыл халықшыл шешімді талап етеді, – деген еді.
Расы керек, дәл осындай пайымды сарапшылар де жиі айтып жүр. Олар да жүйелі әрекет керек дегенді айтады. Олардың сөзінше, пайыздық мөлшерлеме ұлғайған сайын халықтың тұрмыстық ахуалы да кері кетпек. Өйткені пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әкеп соқтыратын көрінеді. Тиісінше, халық қажеттілігін өтеу үшін амалсыз қарызға алуға мәжбүр, – дейді олар. егер шетелдік тәжірибеге сүйенер болсақ, бәлкім халық мұншалықты қарызға батпаған болар ма еді. Бәрімізге белгілі, Қазақстан Ұлттық банкінде жылдық пайыз мөлшері 16,75 % болып белгіленген. Ал бұл көрсеткіш әлемнің алдыңғы қатарлы елдерін де басқаша көрініс тапқан.
Атап айтсақ, Кореяда – 3,5%, Қытайда – 3,65%, Германия, – 3.75%, Англияда – 4,25%, Канада – 4,5%, АҚШ-та 5,25% пайыз деңгейінде белгіленген. Өзбекстан Ұлттық банкінің пайыздық мөлшері 14% пайыз құраса, Қырғызстанда – 13%, Тәжікстанда – 10%, Әзірбайжанда 9% пайыз деңгейінде. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын аралдарда орналасқан Фиджидегі банктер пайыздық мөлшері 0,25% пайызды құраса, Камбоджада 0,88% пайызды құрайды екен.
Ал біз де ше? Салыстырылмалы түрде айтар болсақ, елдегі «ВТБ Банк» мен «Bereke bank» АҚ жылдық пайыздық мөлшерлемесі 21,5%, «БанкЦентрКредит» АҚ – 23,6% пайыз, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7% пайызды, «Kaspi bank» АҚ – 24,4% пайыз, Home credit bank» АҚ 28,5% пайыз көлемінде тұтынушыларға несие ұсынады. Жоғарыдағы көрсеткіштер сақтандыру, сондай-ақ банктің өзге де қызметтерін қоспағандағысы. Ал тұтынушы алған несиесін бір жылдан бірнеше жылға дейін ұзартып алса, үстіне қосылатын пайыздық мөлшерлемені есептей беріңіз. Бұл онсызда қиналған жұртты қанағанмен тең. Бірақ Ұлттық банк үшін әзірге осы ұтымды болып тұрғанға ұқсайды. Десе де бұл тек солар үшін ғана ұтымды. Өйткені қарапайым қараның банктен несие алып, қарызын жапқан күннің өзінде ұтысқа шықпайтыны айдан анық. Тым құрығанда қарызын еселей бермей, қос тарап үшін қолайлы пайызды құп алса, дамыған елдердегідей армансыз күй кешер ме еді халық, кім білсін?!

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
04 қаңтар 2024 ж. 532 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031