Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз қауесеті қапы қалдырмасын

Қарыз қауесеті қапы қалдырмасын

Есте болса, қараша айының басынан бері «28 мың адамның микроқаржылық ұйымдардағы қарызы кешіріледі» деген хабар желдей есті. Сол уақытта бері Қазалы ауданындағы жұртшылық осы тізімге ілігемін деп әуре-сарсаңға түсіп, жолдарын қарастырып бақты. Ал біз мұның анық-қанығына көз жеткізіп, белгісіз жаңалықты жан-жақты талдағанды құп көрдік. Ал олай болмаған күннің өзінде, ел арасында осыған қатысты алаяқтар пайда болғаны да көпшілікті алаңдатуда.
Бір ауыз сөздің бұрқасыны
«Әңгіменің төркіні қайда жатыр?» десеңіз, айтайық. Қателеспесек, қазан айының басында бір топ депутат микроқаржылық ұйымдарға қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сауал жолдаған. Сұраққа көп ұзамай агенттік төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірахманов жауап берген екен. Жауапта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 1 қыркүйекке дейін микроқаржы ұйымдарында кепілзатсыз берілген тұтынушылық несиелердің жалпы сомасы 416 миллиард теңгеге жеткенін айтқан.
Ал қарызға ақша алғандардың саны – 1,3 миллион адам. Биыл алғашқы 8 айдың ішінде несиесін төлеу мерзімі 3 айға кешіктірілген қарыздардың үлесі 18,8 процентке өсіп, 71,3 миллиард теңгені құрады. Сол секілді мәселе тудырған қарыз алушылардың саны 432,2 мың адамды құрап отыр. Олардың басым бөлігі онлайн несие рәсімдеген. Жалпы, қарыз осылайша 40 миллиардқа жетті.
Содан соң агенттік проблемалық микрокредиттердің үлесін азайтуға көшті. Мәселен, 1 қазанға дейін 285,5 мың адамға жеңілдік жасалыпты. Атап айтқанда, 66,4 мың қарыз алушының 585 миллион теңге көлеміндегі несиесі толығымен немесе ішінара кешірілген. Бұдан бөлек, 756 миллион теңгенің өсімпұлы мен айыппұлы жойылған. Ал 15,3 миллиард теңгенің микрокредиті бойынша қарызды қайта құрылымдау шарасы атқарылды. Соның нәтижесінде 4,8 миллиард теңгенің айыппұлы кешіріліпті.
– Микроқаржы ұйымдары ұсынған жеке жоспарлардың негізінде 2022 жылдың аяғына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге көлеміндегі қарызын қайта құрылымдау жоспарланып отыр. 107 мың адамның 0,8 миллиард теңге кредиті ішінара, ал 28 мың адамның 0,6 миллиард теңге көлеміндегі қарызы толығымен кешіріледі, – деді Нұрлан Әбдірахманов.
Міне, осы сөзден қарызы барлардың арасында дау тұтанды. Бұған ақпаратты дәлме-дәл жеткізбеген ақпарат құралдары мен блогерлердің де қатысы бар. Ел жамырай қамқорлыққа ілінгісі келіп, түрлі амалға көшті. Шынында жағдай мүлде басқа еді. Оның үстіне бұл процестің банктерге мүлде қатысы жоқ, тек микроқаржылық ұйымдарға байланысты.
Кешіріле ме, жойыла ма?
Енді қараңыз, Әбдірахманов «кешіріледі» деп айтқан 0,6 миллиард теңге 600 миллион теңгеге тең. Ол соманы қарызы кешіріледі деп отырған 28 мың адамға бөлсеңіз, жан басына бар болғаны 20 мың теңгеден келеді. Сондықтан қарызы бар жұрт дәмеленетіндей аса бір керемет жаңалық емес. Мұны экономист Мақсат Халық та айтып отыр. Сондықтан бұны айқайлатып жариялаудың мүлде қажеті жоқ еді.
– Бүгінде микроқаржылық ұйымдар несие портфелін тазартып жатыр. Бұрыннан төлемей қалған кейбір азаматтар, оның ішінде, біреуі 20 мың алған, енді бірі 50 мың алғаны бар, осылайша түрлі жағдайға байланысты несиесі төленбей кетеді. Немесе біреу¬дің атынан басқа біреу несие алып тастаған, ал оны төлемей жүр. Сондай несиелерді кешіріп жатқан болуы қажет. Ал оны жариялап, барша халықтың несиесін кешіріп жатқандай тарату қылмыс болып саналуы да мүмкін. Дүрбелең жасамау керек. Қиын жағдайда жүрген азаматтар «біздің де несиені кешірсін» деп ойлайды, – дейді ол.
Экономист сөзінің жаны бар. Шынында микроқаржылық ұйымдардың несиені кешіруіне мемлекет ақша бөлмейді. Демек, микроқаржылық ұйымның өзі сондай шешім қабылдаған. Оған не үшін барды? Банктерде NPL атты ұғым бар, қайтарылмай қалған, төленбей кеткен несиелерді білдіреді. Егер оның көлемі ұлғая берсе, онда кез келген банк не компания қиын қаржылық жағдайға ұшырап жатыр деген белгі. Нәтижесінде ондай банктерге ешкім қарыз ақша бермейді, берген күннің өзінде процентін көбейтіп береді. Мұндай қиын жағдайға қалмау үшін банк не компания мүлде қайтпайтын несиесін жоюға тырысады. Яғни, микроқаржылық ұйымдар 600 миллион теңге көлеміндегі қарыздардың мүлде қайтпайтынын, төленбейтінін түсініп, жоюға тырысқан іспетті. Сондықтан бұл процесті халыққа несие кешіріледі демей, несие жойылады деп айтқан дұрыс еді.
Алаяқтардың арбауы
Байқасаңыз, ақпараттың халыққа дұрыс таратылмауынан қарызы барлар алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Себебі осы дерек тарағалы әлеуметтік желілерде «қарызы кешірілетін адамдардың қатарына қосуға өтініш жазып береміз» деген жарнамалар қаптады. Көбі қазалылықтардан ол қызметі үшін 40-50 мың теңге аралағында ақша сұраған. Бұны қазалылық қаржы саласының заңгері Рауан Есбергенов айтып берді.
– Ең әуелі, микроқаржылық ұйымдар 28 мың адамның қарызын кешіреді деген сөз нақты іске асып жатқанын білдіртпейді. Бұл – әлі жоспар ғана. Әлдекімдер 28 мың адамның қатарына қосамын деп ақша алып жүрген көрінеді. Бұған мүлде сенуге болмайды. 28 мың адамның қатарына кім кіреді, кімдер болады, мұның бәрін микроқаржылық ұйымдар өздері шешеді. Мемлекет ешкімге міндет жүктеп, тиісті азаматтардың тізімін әзірлеп, санатын белгілеп жатқан жоқ. Тек микроқаржылық ұйымдарға ұсыныс ретінде жеткізді. Әсілінде жұрттың алданып қалмағаны дұрыс, – дейді ол.
Қорыта келе, аталған жаңалыққа микроқаржылық ұйымдарға қарызы бар адамдар елеңдеп, «қарызым кешіріледі» деп үміттенудің негізі жоқ. Бұрын азғантай сома несие алып, кейін мәселеге айналған қарыздарға қатысы бар болуы мүмкін. Оның өзінде де нақты шешім емес. Сондықтан жауапты органдар бұл жаңалықтың жай-жапсарын халыққа түсінікті етіп, жан-жақты талдап бергені абзал.
Абзал БАХЫТҰЛЫ
10 желтоқсан 2022 ж. 371 0