Қазақстандықтардың 600 млн теңге несиесі толық кешіріледі
Қазақстанда 28 мың азаматтың 600 млн теңгеге қарызы кешіріледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, бұл шара азаматтардың микрокредиттер бойынша проблемалық берешек деңгейін төмендету үшін жүзеге асырылмақшы.
Өткен жылы проблемалық берешектің өсуін шектеу үшін кредиттер бойынша берешекті сотқа дейін реттеудің заңнамалық тәртібі енгізілді. Осыған байланысты, Агенттік жыл басында микроқаржы ұйымдарынан азаматтардың микрокредиттер бойынша проблемалық берешегінің деңгейін азайту жөніндегі жеке жоспарларды талап еткен.
«Жеке жоспарлар шеңберінде кепілсіз тұтынушылық кредиттердің негізгі көлемі тиесілі 30 МҚҰ-да 2022 жылдың соңына дейін 567 мың төлемге қабілетсіз қарыз алушының проблемалық берешегін реттеу жөніндегі іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 432 мың қарыз алушының кредиттері бойынша 33,1 млрд теңге сомасындағы проблемалық берешекті қайта құрылымдау, кепілсіз микрокредиттер бойынша 107 мың қарыз алушының 800 млн теңге сомасындағы проблемалық берешегін ішінара есептен шығару және 28 мың қарыз алушының қарызы бойынша 600 млн теңге сомасындағы қарызды толық есептен шығару», – делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің таратқан хабарламасында.
Агенттіктің мәліметінше, бүгінде проблемалық берешекті қайта құрылымдау тәртібі заңнамамен белгіленген. Қазір борыш жүктемесін азайту қарыз алушылардың өтініші бойынша жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте МҚҰ қарыз алушының қаржылық жағдайын, оның кірісінің деңгейін, әлеуметтік мәртебесін және өмір сүру жағдайларын жеке талдау негізінде айқындайды. Бұдан басқа, МҚҰ проблемалық берешекті қарыз алушы үшін жақсартатын талаптармен біржақты тәртіппен дербес қайта құрылымдауға құқылы. Қайта құрылымдауды жүргізу туралы ақпарат қарыз алушының кредиттік тарихында көрсетіледі екен.