QULAN коллекциялық монетасы сатылымға шықты
Ұлттық банк ертеңнен бастап «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан QULAN коллекциялық монетасын сатылымға шығарады.
Құлан – жылқы тұқымдас, сирек кездесетін жануар. Латынша атауы – EQUUS HEMIONUS. Оған алғаш рет 1775 жылы сипаттама берілген. Қазақстанда құлан Үстірт пен Маңғыстауда кездескенімен, өткен ғасырдың 30-жылдары жоғалып кеткен. 1953 жылы Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына түркімен құландары әкелінді. 1982 жылдан бастап Алтын Емел, Бетпақдала ұлттық саябағында және солтүстік Ақтауда оларды жерсіндіру жұмысы басталды.
Мельхиор мен нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың аверсі мен реверсіндегі бейнелер бірдей.
Фото: nationalbank.kz
Монета аверсінің оң бөлігінде аңдар мен өсімдіктерден коллаж, жиегінде Елтаңба, сол жағында ҚҰБ-тың тауар белгісі (логотипі) бейнеленген және соғылған жылын білдіретін «2021» деген жазу бар. Рrооf-like дайындау сапасымен мельхиор қоспасынан дайындалған монетада «200 TEŃGE» номиналы, brilliant uncirculated дайындау сапасымен мельхиор қоспасынан және нейзильбер қоспасынан дайындалған монетада «100 TEŃGE» жазуы басылған. QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI және NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазулар монета жиегінде айналдыра берілген.