Қаржы министрі мамандандырылған техниканың бірыңғай базасы құрылатынын айтты
Қаржы министрі "Қолайлы мектеп" және "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобаларының іске асырылуы туралы айтып берді
Қазақстанда мамандандырылған техниканың бірыңғай базасын құру жоспарлануда. Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды жетілдіру жөніндегі шаралар туралы үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерболат Жамаубаев айтып берді.
"Құрылыс жұмыстарын орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстары бар мердігерлерді іріктеу мақсатында меншікті құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгілеу ұсынылады. Ол үшін мамандандырылған техниканың (оның ішінде құрылыс техникасының) бірыңғай базасын құру жоспарлануда. Бұл олардың бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Шаралар құрылыс жұмыстарын орындау үшін өзінің базалық техникасы жоқ мердігерлерді іріктеуге мүмкіндік береді", - деп хабарлады Ерболат Жамаубаев.
Мемлекеттік сатып алуларда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларында құрылыс жұмыстарын қосалқы мердігерлікке заңсыз беруді шектеу үшін келесі жағдайларда сатып алу туралы шартты бұзу мүмкіндігін көздеу жоспарлануда:
жұмыстардың шекті көлемінен асатын жұмысты қосалқы мердігерлерге беру;
тапсырыс берушімен келісілмеген қосалқы мердігерлерді тарту.
Сондай-ақ, қаржы министрі "Қолайлы мектеп" және "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобаларының іске асырылуы туралы айтып берді.
"Қолайлы мектеп" жобасы шеңберінде оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 588 толық жинақты мектеп салу жоспарланып отыр.
Ерболат Жамаубаев "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға алдын ала қажеттілік 215 млрд теңгеге жуық соманы құрайтынын айтты.
"Аталған іс-шараларды жүзеге асыруға арналған шығыстар көлемі жалпы сипаттағы трансферттерді және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде қосымша пысықталады", — деп қорытындылады Е. Жамаубаев.
sputnik.kz