ДСМ: Алдағы үш жылда медициналық жабдықтармен жарақтану деңгейі артады
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Үкіметтің шешімімен 2025 жылға дейінгі басым бағыттар бойынша медициналық техникамен жабдықтау бағдарламасын бекіту жоспарлануда.
Осы шараларды іске асыру жоспарлау мен сатып алудың ашықтығына қол жеткізуге, қажетті медициналық жабдықтармен жарақтану деңгейін арттыруға мүмкіндік туады. Сатып алуды шоғырландыру және техникалық тапсырмаларды біріздендіру есебінен сатып алынатын медициналық техниканың құнын төмендетуге; ҚР медициналық техника нарығындағы отандық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының саны 20-дан 8-ге дейін оңтайландырылғанын алға тартты.
Ал қалған 12 жоба 2026 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ұлттық экономика және қаржы министрліктерімен бірлесіп, медициналық бұйымдарсыз аурухана салудың 1 шаршы метрінің шекті құнын және 1 төсек-орынға арналған шекті алаң нормативін айқындау бөлігінде. Сондай-ақ біз оңтайлы қаржы моделін пысықтау және айтылған 8 жоба бойынша шығындарды оңтайландыру бөлігінде жұмыс істейміз, - дедіДенсаулық сақтау министрінің орынбасары.
Осылайша, Президенттің тапсырмаларын іске асыру бірыңғай тәсіл мен ауруханалар салу жөніндегі бағдарламаны іске асырудың оңтайлы нұсқасы бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беріледі.
#ДСМ #артады #медициналық жабдықтар #жарақтану деңгейі