Жалған ақша белгілерін қалай ажырату керек
2021 жылы анықталған жалған ақша белгілері туралы ҚҰБ банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиевтің түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2021 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі мен екінші деңгейлі банктер 1 577 400 теңгенің 519 жалған ақша белгісін (513 банкнот және 6 монета) анықтады. Бұл 2020 жылға қарағанда 37%-ға аз (823 жалған ақша белгісі).
Өткен жылы номиналы 2 000 теңгелік банкноттар қолдан көп жасалды – 340 дана, бұл – анықталған жалған ақшалардың жалпы санының 65%-ы. Одан кейін көп жасалған номинал – 5 000 теңгелік банкноттар – 94 дана (15%), 10 000 теңгелік банкнот – 36 дана (7%). Қалған 13% банкноттың басқа номиналдарына тиесілі.
Жалған банкноттардың көп бөлігі Алматыда анықталды – 355 дана (жалпы санның 68%), одан кейінгі орындарда Нұр-Сұлтан қаласы – 54 дана және Шығыс Қазақстан облысы – 26 дана.
Шынайы банкнотты жалған ақшадан ажырату үшін түпнұсқадағы бірнеше белгіні білу маңызды.
Қолдан жасалған банкноттардың негізгі бөлігі түпнұсқадағы қандай да бір белгілерді имитациялайтын жеңілдетілген технологиямен дайындалады.
«Сезін-қара-аударып көр» әдісін қолдана отырып, арнайы жабдықсыз-ақ жалған банкнотты анықтауға болады.
Түпнұсқа банкноттың бірнеше айрықша белгісі бар.
Біріншіден, ол өзіне тән дыбыспен ерекше шытырлайды, екіншіден – арнайы рельефі бар.
Сонымен қатар барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдар үшін саусақтың ұшымен жақсы ажыратуға болатын белгілер бар.
1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік купюраларда банкноттың көлбеу бұрышын өзгерткен кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түстес өңге өзгеретін қасиеті бар. Сонымен бірге жарыққа тосып қараған кезде бір тұтас жіп ретінде анық көрінетін, жазуы бар пунктир түріндегі тұтас магнитті және үзік-үзік жіпке назар аударған жөн.
Осы ерекшеліктердің өзі арнайы жабдықты пайдаланбай-ақ банкноттың түпнұсқалылығын тез арада тексеріп алуға мүмкіндік береді.