«Қазпочта» 47,4 млн теңгені тиімсіз пайдаланған
Соңғы 3 жылда «Қазпочта» АҚ Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде жүйелі түрде төмен түсуде. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің кезекті отырысында «Қазпочта» ұлттық компаниясынан 163,9 млн теңге сомасына қаржылық бұзушылықты анықтап, оның ішінде 47,4 млн теңгені тиімсіз пайдаланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеріс нәтижесінде бухгалтерлік есептілік бойынша 0,6 млн теңге, тиімсіз жоспарлау ˗ 678,3 млн теңге және 6,9 млн теңге сомасына экономикалық шығындар, сондай-ақ 32 рәсімдік бұзушылық фактісі және 2 жүйелі жетіспеушілік анықталған.
Бұдан басқа, 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге жүргізілген аудит қорытындылары бойынша анықталған бірқатар проблема бар.
Атап айтқанда, «Қазпочта» АҚ қызметтің түйінді стратегиялық көрсеткіштерін орындамаған. Мәселен, 2018 жылы ҚТК 29% (7 көрсеткіштің 2-еуі), 2019 жылы 72% (7 көрсеткіштің 5-еуі) және 2020 жылы қызметтің түйінді көрсеткіштерінің 86% (7 көрсеткіштің 6-ауы) қол жеткізілмеген.
Соңғы 3 жылда «Қазпочта» АҚ Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісінде жүйелі түрде төмен түсуде (2017 жылы - 46 орын, 2018 жылы – 49 орын, 2019 жылы – 52 орын).
«Қазпочта» АҚ-ның рейтингтегі төмендеу қарқынын ескере отырып, Дүниежүзілік пошта одағының нұсқасы бойынша 20 жетекші пошта компанияларының қатарына кіру қойылған мақсатына қол жеткізе алмауы мүмкін.
Компания жіберген олқылықтардың бірқатары төмендегідей:
- 4 жылдан бері «Қазпочта» АҚ-ның ауылдық жерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуден болған шығындары мемлекет тарапынан субсидиялануда.
- Түркістан қаласында бір жыл бұрын салынған және пайдалануға берілген құны 1 млрд теңге болатын цифрлық кеңсе ғимараты қазіргі уақытта пайдаланылмайды. Себебі, жобалық-сметалық құжаттар тексерілуде.
«Қазпочта» АҚ-да анықталған бұзушылықтарды жою, салалық заңнама талаптарын сақтауды қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғалардың жауапкершігін қарау бойынша тапсырмалар берілді. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 2 материал жіберілді», ˗ делінген Есеп комиеті таратқан мәлімдемеде.Айта кетерлігі, «Қазпочта» елдегі 3024 өндірістік объектісі бар ең үлкен филиалдық желіге иелік етеді, оның ішінде орталық операциялық учаскілер – 187, пошта байланысының стационарлық бөлімшесі – 2 026, пошта байланысының пункттері – 508, пошта байланысының жылжымалы бөлімшесі - 106, төлемдерді қабылдау пунктері – 197.