Гүлшара Әбдіқалықова: Мұнай сервисі саласындағы тарифтерді ұлғайту қажет
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Президенті Ян Миньюймен кездесіп, өңірдің даму мәселелерін талқылады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ құрылыс және сыртқы байланыстар жөнінде вице-президенті Болат Көшербаев қатысты.
Жиында аймақ басшысы мұнай өндіру көлемі жыл сайын 10-12% азайғанын алға тартып, өңірдің даму қарқынын сақтап қалу бағытындағы бірқатар маңызды іс-шараларды қолға алуды ұсынды. Оның ішінде, табиғи газ және мұнайдың экспорт көлемін ұлғайту, жаңа кен орындарын игеру және ғылыми зерттеулер саласын қолдау сынды жұмыстарды жүргізу қажеттілігін атап өтті.
«Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсін биылғы жылдың 4 тоқсанында іске қоссақ, мұнай экспортының көлемін 50%-ға дейін ұлғайтып, компания табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте аталған қаражат мұнай сервистік компаниялардың тарифтері мен еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға бағытталуы тиіс. Соңғы 13 жыл ішінде компанияның қызметтік тарифтері өзгертілмеді. Осы саладағы қызметкерлердің жалақысы мұнай өндіруші компаниялар қызметкерлерінің жалақысынан 3-4 есе төмен екенін ескере отыра, мұнай сервисі саласындағы тарифтерді ұлғайту қажет», – деді облыс әкімі.