Пицца неге тәуелділікке алып келеді?
Қытырлақ әрі жылы бәліш, қызанақ тұздығы мен еріген ірімшік – дәм сезгіш рецепторлардың нағыз жұмағы. Адамдарда тәуелділікті жылдам оятатын тағамдардың қатарын өзіміздің сүйікті пиццамыз бастайды. Оның сыры неде?
Құрам ерекшелігі: «Ең дәмді дайындалғанын ғана емес, кез келген пицца түрін адам еш қиындықсыз жей алады. Өйткені, пицца басқа тағам түріне қарағанда дәмдірек. Оның себебі, май, қант пен тұз секілді өнімдерге бай құрам ерекшелігі. Олар бадамша безінен (миндалина) арнайы гормондардың бөлінуін қамтамасыз етіп, миға бақыт сезімін сыйлайды», — CNN басылымына берген сұқбатында адамдардың тұтыну ерекшеліктерін зерттейтін Sensory Spectrum компаниясының президенті Гейл Вэнс Сивил (Gail Vance Civille) осылай деген болатын. Пицца құрамының өзара қатынасы біз ойлағаннан да қиынырақ. Ашытқы нанының ферменті ірімшікпен қышқыл әрі ащы дәм беретін ерекше үйлесімі, қызанақ тұздығының пиццаға беретін тәттілігі – барлығы адамның дәм сезетін рецепторларына әсер етпей қоймайды. Тек дәмі емес, оның пісуі де ерекше болуы керек. Наны қытырлақ, ірімшік созылғыш, ал тұздығы пиццаның құрғақ болуынан сақтауы тиіс. Одан бөлек, тағамның түсі. Мамандардың айтуынша, рецепторлар үшін ең тартымды түс – қызыл. Сондықтан, пицца өнімін дайындауда қызанақ тұздығын жиі қолданады.
Көмірсу+майлар:
“Тәуелділікке алып келетін тағамдар” тақырыбына зерттеу жүргізу барысында Йель университетінің (Yale University) мамандары, май, көмірсу мен тұз өнімдерінің қосындылары арқылы тағам өндіру адамдардың сезім рецепторларына қатты әсер ете отырып, олардың бойындағы гормон бөліну үрдісін жылдамтатынын айтты.
Мысалы, соңғы зерттеу бойынша құрамында тек көмірсу не тек май бар тағамнан гөрі, құрамында екі өнімнің көп мөлшерде кездесуі адамға ерекше рахаттану сезімін сыйлайтынын көрсетті. Оны ғалымдар өмір сүру механизмімен байланыстырады. Гейл Вэнс Сивил: “Егер біз аштыққа тап болсақ, онда пицца бізді толық тойдыратын тағамдардың бірі болар еді”,– деген тұжырым айтқан болатын.
Көңіл күй:
Тек қарнымызды тойдыратындығы үшін ғана емес, бізге бақыт сыйлайтындығы үшін жақсы көреміз. Одан бөлек, пиццаны жалғыздықта жейтін тағамнан гөрі, достармен кездесуде, отбасылық бас қосуларда дастарханға қоятынымыз анық. Психолог мамандар пиццаның тәуеліділікке алып келуіне де осы бір көңіл күй сыйлайтын ерекшелігі себеп болуы мүмкіндігін алға тартады.