Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерзімі белгісіз мереке

Мерзімі белгісіз мереке

Бала кезімізде жерге алғаш қар түскеннен жаңа жыл мерекесін асыға күтетінбіз. Күннің ретін білмегесін үйде дастарқан жайылып, далада отшашу жарқырағанда «жаңа жыл» деп айқайға басып, ерекше қуанатынбыз. Сол күні үйдегі үлкендерге ілесіп, жұрт арасында «трибуна» атанып кеткен орталық алаңда тігілген шыршаға жеткенше асықпыз. Түрлі көңілді ән айтылып, көшеде отқа жаңа қақталған кәуапті буын бұрқырата жейтінбіз. Бұл – естен кетпес балалық тәтті шақтардың естелігі. Осындай көңілді, түрлі түсті әрі есті адамға өмірінің жаңа парағын аштыратын мерекенің қайдан пайда болғанын әлі күнге дейін білмейтініміз жасырын емес. Ұлттық мереке болмағандықтан мұны аса қажеттілікке балауға болмайды. Десек те бүгін осы олқылықтың орнын толтырып, ежелгі жаңа жылға сапарлап көрелік.

Адамзаттың алғашқы тойы
Жаңа жылды тойлаудың алғашқы құжаттық дәлелі біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдыққа жатады. Бірақ мұны адамзат тарихындағы ең ескі мереке деп санайды.
Көңілге шаттық сыйлайтын күнді тойлау дәстүрі алғаш рет Ежелгі Месопотамияда пайда болған. Вавилонда Жаңа жыл көктемгі күн мен түннің теңелетін күні тойланды. Себебі бұл уақытта табиғат қысқы ұйқыдан оянған. Мереке қаланы өз ырқына бағындырған, жоғарғы құдай Мардуктың құрметіне белгіленді.
Наурыз айының аяғынан бастап Тигр мен Евфратқа су келіп, ауылшаруашылық жұмыстары басталғаннан кейін маскарад, карнавал және шерумен көмкерілгендермен Жаңа жыл 12 күнге созылған. Бұл күндері жұмыс істеуге тыйым салынғандықтан адамдар көңіл көтеріп, ­серуендеуден ерекше ләззат алатын. Уақыт өте келе бұл дәстүрді гректер мен мысырлықтар қабылдап, кейін ежелгі Рим мен тағы басқа көне патшалықтар жылына бір келетін тойды асыға күтетін болған.
Ежелгі Грецияда Жаңа жыл жазғы күн тоқырау күні – 22 маусымда тойланып, шарап жасау құдайы Диониске арналды. Гректер жаңа жылды атақты Олимпиада ойындарымен бірге қарсы алатын болған. Ал Ежелгі Мысыр елі ғасырлар бойы шілде мен қыркүйек аралығында Ніл өзенінің тасқынын тойлады. Бұл жаңа егін егу маусымының басталуын білдіретін маңызды оқиға болды. Ніл суы мысырлықтар арасында ғажайып табиғат сыйы деп саналды. Жаңа жылды тойлағанда Нілден асып жатқан арнадан арнайы ыдыстарды «қасиетті суға» толтыру дәстүрі болған. Олар өзен суы ескі келеңсіздіктің бәрін шайып кетеді деп сенді. Түнгі аспан астында әсем әуенге билеп, бір-біріне сыйлық беру дәстүрі де дәл осы тұста пайда болды деседі.
«Рош Хашана» (жыл басы) немесе еврей күнтізбесі бойынша Жаңа жыл тишрей айының бірінші күнінен басталады. Бұл дата әдетте қыркүйектің ортасында тойланады. Еврейлер Рош Хашанада адамның тағдыры бір жыл бұрын шешіледі деп сенеді. Сондықтан бұл күні адамдар өзін-өзі рухани байытумен айналысып, өткен іске өкінудің он күндік кезеңін бастайды.

Түркі әлемінің «жаңа күні»
Көктемгі күн мен түннің теңелетін сәті түркі әлемі үшін жаңа жыл саналады. Бұл 20 немесе 21 наурызға сәйкес келеді. Наурыз жанға жайлы көктемнің келуі мен егіс кезеңінің басталуын да айқындайды.
Парсы тілінен аударғанда «Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Иран күнтізбесі бойынша «Фарвадин» айының бірінші күніне сәйкес келеді. Орталық Азия мен Иран халықтарында ислам діні үстемдік құрмай тұрып, жеті мың жыл бұрын пайда болған дәстүрді бұл күні миллиондаған адам асыға күтеді.
Дәстүр бойынша мереке қарсаңында адамдар бидай немесе арпа тұқымдары мен дән еді дақылдарды, жемістің кейбір түрін араластырып «Наурыз көже» дайындайды. Дәнді дақылдар жаңа жылда молшылық, тоқшылық болсын деген ниетпен қосылады.

Қытайдың қызықтары
Бұрынғы заманда Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл бір ай бойы тойланатын. Аспанасты елінің тұрғындары ай күнтізбесіне байланысты және жаңа жылдың бірінші айында, 17 қаңтар мен 19 ақпан аралығында ұлан-асыр той жасайды. Асылында, жай ғана мереке күні саналады десек дұрыс болар.
Бір қызығы, қытайлықтар 2022 жылы Чжунго елінде өтетін 4220 жаңа жылын қарсы алады. Жаңа жыл қарсаңында Қытай көшелерімен өтетін мерекелік шеру кезінде адамдар түрлі-түсті шамдарды жағады. Бұл жаңа жылда жолыңыз жарық, анық болсын дегенді білдірсе керек. Қытайлықтар шыршаны емес, мандарин мен апельсинді жыл басының символы ретінде көреді.

Джулиан күнтізбесін кім ойлап тапты?
Рим императоры Юлий Цезарь біздің дәуірімізге дейінгі 46 жыл бұрын бірінші қаңтарда басталатын күнтізбені өмірге әкелді. Бұл кезде ежелгі Римде Жаңа жыл наурыз айының басында да тойланатын.
Жаңа күнтізбе Юлиан деп аталып, Рим империясының құрамына кіретін барлық елдер қолданысқа енгізуге мәжбүр болды. Жаңа күнтізбеге сәйкес, санау біздің дәуірімізге дейінгі 45 жылдың 1 қаңтарында басталды. Бұл күн қысқы күн тоқырауынан кейінгі алғашқы айдың толуы немесе тууымен қатар келді. Аталған күнтізбеден басқа елдердегі Жаңа жыл бүкіл әлемде көптеген ғасырлар бойы ауылшаруашылық циклдарына сәйкес тойланды. Бірінде көктемнің басында атап өтілсе, екіншісі күздің соңын күтетін.
Жылдың бірінші айы барлық бастамалардың қамқоршысы болып саналған екі жүзді Рим құдайы Янустың құрметіне «қаңтар» деп аталды. Бұл күні римдіктер құдайларына құрбандық шалып, түрлі рәсім өткізеді. Жаңа жылдық сыйлықтар беру дәстүрі де ең алғаш Ежелгі Римде орын алды. Олар алғашында жақындарына бақыт пен шаттық әкеледі деп сенген лавр бұтақтарын сыйға тартқан.

Әр елдің салты басқа...
Жаңа жыл халықаралық мереке болғанымен әр ұлт өзінше тойлайды. Мәселен, Жапонияда қоңырау 12 рет емес, тура 108 рет соғылады. Сол сияқты Болгарияда Жаңа жыл – жаңа сүйісу уақыты. Сондықтан сағат тілі 00.00-ді көрсеткенде жарықшамдар түгел өшіріледі. Итальяндықтар бұл уақытта ескі үтіктер мен орындықтарды қоқысқа тастаумен әуре болып жатады.
Данияда достары тұратын үйдің терезесінің жанына келіп, ыдыс сындыру әдетке айналған. Олар осылайша жақындарына деген махаббатын көрсетсе керек. Бразилияда Жаңа жыл қарсаңында зұлым рухтарды қуу дәстүрі жасалып, ақ киімділер көбейіп кетеді.
Испандықтар дәстүр бойынша сағаттың әр соққаны үшін бір жүзім, яки минут ішінде 12 жүзім жейді. Мұның әрқайсысы келер жылдың әр айында сәттілік әкелу тиіс деп сенеді. Ал чилиліктер түн ортасында аяқ киіміне ақша салып, бір қасық жасымық жейді де, келер жылда өздеріне байлық пен гүлденуді қамтамасыз етіп қояды. Ал жаңа жыл ең ыстық мезгіл саналатын Мьянмада дәстүр бойынша кезіккен адам екіншісіне суық су құйып жібереді.
Панамада атаулы күні атақты адамдардың, спортшылардың және саясаткерлердің мүсіндері өртеледі. Бұл ерекше жаңа жылдық дәстүр ешкімнің ар ожданын таптауды көздемейді. Панамалықтар өткен жылдың қиыншылықтарымен қоштасудың амалын ғана жасап жатыр деп ойлаңыз. Бәріне ортағы сол, біртүрлі әрекеттердің барлығы сағат тілі он екіні көрсеткенге дейін жасалуы керек.

Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
28 желтоқсан 2021 ж. 758 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930