Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзбек режиссер-аниматорының туындысы топ жарды

Өзбек режиссер-аниматорының туындысы топ жарды

Халықаралық «ÁMEN» фестивалінде өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үздік анимациялық фильм» атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өзбек режиссері байқауға екі бірдей жұмысын ұсынған. Олардың бірі «Волшебный танбур» қысқа метражды анимациялық фильмі «Үздік қоюшы суретші» аталымында топ жарса, «Дом на колесах» туындысы фестивальдің «Үздік анимациялық фильмі» деп танылды.
«Әмен Қайдаров атындағы фестивальге қатысып, қазақ анимациясындағы достарыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Туындыларымыздың жоғары бағаланып, еңбегімнің еленгені – үлкен мәртебе. Көрермендеріміз бен фильмдерді жасауға атсалысқан шығармашылық топ бұл жүлделерді ерекше ықыласпен қабыл алатынына сенімдімін. «Дом на колесах» өмірде бәрі бар, бірақ арам ниетті адамдардың сөзіне құлақ асамын деп өзгенің сөзіне ілесіп, өз ойынан айырылып қалған жан туралы шығарма», деп атап өтті Азизбек Мухамедов.
Одан бөлек тағы тоғыз аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Екі бірдей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан оқ бойы озық тұрды.
Өзге шетелдік қатысушылар арасынан Тәжікстан мен Башқұртстан аниматорларының жұмысы жоғары бағаға ие болды. Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен Үздік режиссерлік жұмысты жеңіп алды. Осы аталым бойынша екінші жеңімпаз – «La Gare» қысқа метражды анимациялық фильмінің режиссері Аян Марокканский. Ал тәжікстандық қатысушы Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен Үздік сценарий авторы атанды.
Байқау қоржынына келіп түскен студенттік жұмыстар екі аталым бойынша бағаланды. Мейіржан Төлепбайдың «Жанұя» мультфильмі студенттер арасындағы үздік жұмыс болса, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Малика Мақсатқызы мен Қажыбек Гүлнұрдың туындылары «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» марапатын иеленді.
Қазылардың арнайы сыйлығымен режиссер Нұргүл Дауытова мен Сұлтан Қыдырбаев марапатталды. Ал режиссер Мейіржан Төлепбай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.
Байқауға ұсынылған комикстер арасында Мәди Өтегеновтің «Батыл сақшылар» жұмысы үздік деп танылды.
Фестивальдің ең жас қатысушылары Түркістан Оқушылар сарайының анимация үйірмесінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.
Әділқазылар алқасы байқауға келіп түскен жұмыстарды сценарий, режиссура, анимация, кейіпкер, көркемдік шешім бойынша бағалады. Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальде әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандар төрелік етті. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор, «Ну, погоди!», «Мулан», «Король лев», «Фиксики» сынды «Союзмультфильм» мен «Disney» студияларының 40-тан аса жобасына қатысқан Александр Дорогов (АҚШ), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова, кинотанушы, киносыншы Нәзира Мұқышева, Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер-мультипликатор Батырхан Дәуренбеков, сондай-ақ халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Тұрдыбек Майдан бар.
Байқауға барлығы 57 өтінім келіп түсті, оның 49-ы іріктеуден өтті. Халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестиваліне отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның мультипликаторлары қатысты.
31 қазан 2021 ж. 486 0

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 44

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 42

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 43

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 75

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 122

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031