Фантазияға бай француздар
Газеттің «Ғажайып ғалам» айдарында біз озық отыздық тізіміндегі топ бастап тұрған мемлекеттер туралы қызықты ақпаратты оқырман назарына ұсынып келеміз.
Бүгінгі нөмірде Франция елі мен француз ұлты туралы ең қызықты деректерді топтастырдық.
Франция – бұл романтика мен махаббат, сән, талғам пен дәстүрді қатты бағалайтын ел. Француздар өршіл, отансүйгіш, еркіндікті сүйетіндігімен, ұқыптылығы және ырымшылдығымен танымал. Олар өздерін сұлулық пен жайлылықпен қамтамасыз етуден алдына жан салмайды. Француздар өз тілдерін ұлттық байлыққа балап және халықаралық қатынас үшін қолдану керек деп санайды.
Елдің атауы германдық франк тайпасының атауынан шыққан. «Франк» сөзінің аудармасы «еркін» деген мағынаны береді. Бұл ел турист қабылдау жағынан көшбасшы орында. Жыл сайын мұнда келушілер саны ел тұрғындарынан асып түсіп отырады.
Франция – Еуропалық Одақтағы ең ірі мемлекет. Ол пішіні бойынша алтыбұрышқа ұқсайды. Сондықтан оны көбіне «L’Hexagone» деп атайды. «Бостандық, теңдік, бауырластық» деп аударылатын француз ұраны Ұлы революция дәуірінде де пайда болған. Қазір оны демократияға үндейтін барлық жерден естуге болады.
Францияның бейресми символы – галль әтеші. Ол 18 ғасырдағы француз революциясы кезінде жаңа жиырма франктық монетада әтештің бейнесі пайда болған кезде елдің ұлттық эмблемасына айналды. Содан бері әтеш марка, медаль, плакаттарда бейнеленді. Тіпті Францияның Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасына айналып кетті. Француздар әтеш ұлттың жауынгерлік рухын және ынта-ықыласын білдіреді деп санайды.
Францияның тағы бір символы – Марианна, қалпақ киген жас әйел. Ол Францияның «Бостандық, теңдік, бауырластық» ұранын білдіреді. Марианнаның бюсті барлық мекемелерде болуы тиіс. Әртүрлі жылдары оның прототипі ретінде Брижит Бардо, Кэтрин Денев, Лаетиция Каста, Софи Марсо сияқты Франциядағы ең әдемі актрисалар таңдалды.
Барлығы білетіндей француздар ерекше ұзын нан – багетті жақсы көреді. Нанның бұл түрі Париж метросының құрылысы кезінде пайда болған. Құрылыс кезінде жұмысшылар арасында жиі қақтығыстар орын алады. Олар өздерімен бірге нан пышақтарын алып жүргендіктен, кикілжіңнің соңы көбіне жарақатпен аяқталу мүмкіндігі зор болған. Сондықтан наубайханашылар кесуді қажет етпейтін нан пісіріп ойлап табады. Багетті қолмен бұзу дәстүрі осы күнге дейін сақталып келеді. Тек Парижде күн сайын 500 мыңға жуық багет сатылады!
Францияның туы – үш түсті. Ондағы ақ түс Бурбондардың корольдік отбасын бейнелесе, қызыл және көк түстер Париж Коммунасының түсі ретінде танымал. Осылайша олар монархия мен революцияны бір туға біріктіріп қойған.
Елдің әнұраны – Ұлы Француз төңкерісі кезінде жазылған «Марсельеза». Атауына қарамастан, ол Марсельде емес, әскери инженер Клод Джозеф Руж де Лислдің көмегімен Страсбургте сарбаздардың рухын көтеру үшін жазылған екен. Ән бастапқыда «Рейн армиясының әскери маршы» деп аталды. Бірақ оны Марсель тұрғындары қатты ұнатқаны соншалық, оны өз батальонының әнұраны ретінде шырқаған. Парижге кірген кезде Марсельдегі ерікті батальон осы әнұранды айтып келген. Осыдан кейін көпшілік әнді Марсельге телитін болған. Ол 1793 жылы Францияның ресми әнұранына айналды.
Франция атақты ақын-жазушылардың отаны екені белгілі. Әдебиеттегі Нобель сыйлығының лауреаттары саны бойынша Франция алда тұруы қалыпты құбылыс. Олар аталмыш марапатты 15 рет алса, одан кейін АҚШ-тан 13 лауреат және Ұлыбританиядан 10 лауреат шыққан.
Елдің әскері – көгершіндер әлі де хат таситын Еуропадағы жалғыз әскери күш. Қанатты достарды әскер апатты жағдай үшін резервте сақтайды.
Ел тарихтағы қоғамдық көлік жүйесі болған алғашқы мемлекет. 1660 жылы вагондар белгілі бір уақытта Париждің әр түрлі орамдарын жалғайтын 5 маршрут бойынша жүре бастады. Бұл жүйені ғалым Блез Паскаль ойлап тапқан.
2011 жылы Монпарнас вокзалында шағын концерт өтеді. Шарадан соң сол жерде пианино қалып қояды да ұйымдастырушылар аспапты бір-екі күннен кейін алып кетуге ұйғарады. Вокзалға келушілер пианино жолаушылар үшін қойылған деп ойлап, аспапты кезекте тұрып ойнай бастайды. Бұл идея теміржол компаниясының басшылығына ұнап қалып, пианино басқа бекеттерде пайда бола бастады.
Ниццадағы «Petite Syrah» француз кафесінде кофенің бағасы келушінің ілтипатына байланысты. Егер сіз сәлемдесуді және «өтінемін» деп айтуды ұмытып кетсеңіз, сізге бірнеше есе көп төлеуге тура келеді.
Әдебиет пен кинодан бөлек француздар өркениеттің алға ілгерілеуі жолында біраз еңбектенген. Францияда жасалған өнертабыс тізіміне есептеу машинасы, аэростат, дирижабль, парашют, сүңгуір қайық, жедел жәрдем қызметі, фотография жатады.
Бұл ел тарихи ғимараттар бұзылмай сол күйінше сақталған мекен ретінде танымал. Францияда 40 000 сарай мен қамал бар. Лувр – әлемдегі ең үлкен сарай.
Францияда қайтыс болған адаммен ресми түрде некеге тұра аласыз. Мысалы жаңадан тұрмысқа шыққан қыз бірден жесір атанады. Мұндай некеге рұқсатқа ел Президенті жеке қол қойып береді.
Тарихтағы ең бақытты адам Францияның бұрынғы президенттерінің бірі деп санауға негіз бар. Президент Шарль де Голль тарихта әлемдегі көптеген қастандықтан аман қалған адам ретінде танымал. Президент Голль 32 қастандықтан аман қалып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.
«Бостандық» мүсіні Франция халқының Америка Құрама Штаттарына жасаған сыйы болды. Бір таңғалатын жайт, оны Эйфель мұнарасын тұрғызған адам Гюстав Эйфель салған.
Жалпы ұлт ретінде француздар іш пыстырмайды. Париждегі Джим Хейнс соңғы 30 жыл ішінде бейтаныс адамдарды апта сайын түскі асқа шақыруды әдетке айналдырған. Алдағы кешке өз орныңызды сақтап қалу үшін оның веб-сайтына кіріп, Джимнің қонағы бола аласыз.
Француздық киім, аяқ киім, косметика, зергерлік бұйым мен парфюмерлік брендтер сән әлеміндегі ең үлкен танымалдыққа ие. Бүкіл әлем Шанель мен Кристиан Диорды, Гермес пен Кензоны, Луи Вуиттонды, Ив Сен-Лоран мен Нина Риччиді, Ланкомды, Л’Ореальды, Картьенің белгісін жатқа біледі. Париждегі сән апталығы – осыған ұқсас іс-шаралардың ішіндегі ең беделдісі.
Француз автокөлік жүргізушілерінің 90 проценті әлемдегі жетекші компаниялардың қатарына кіретін Peugeot, Citroen және Renault маркалы отандық брендтерді басқаруды жөн көреді. Екі доңғалақты көліктерге қатысты Францияда 100 жылдан астам уақыттан бері беделді «Тур де Франс» велосипед жарысы өткізіліп келеді. Ол «L’Auto» спорттық газетінің жарнамалық жобасы ретінде негізделіп, алғаш рет 1903 жылы өткізілді. Жолақтар мен олардың ұзындығы жыл сайын өзгеріп отырады. Бірақ қатысушылар дәстүр бойынша финишті Елисей алаңында аяқтайды.
Парашюттен алғашқы сәтті секіруді француздар жасады. Олардың бірі 17 ғасырда тігілген парақтардан жасалған шатырды ұстап түрме терезесінен секірді. Тағы бір жанкешті 1777 жылы «профессор Фонтаждың ұшатын шапанын» сынауға өз өмірін қиып, келісім берді. Әлемдегі алғашқы парашютшы да француз Андре-Жак Гарнерин. 1797 жылы ол Париждегі Монсо паркінен 680 м биіктікте қалықтаған шардан секірді.
Адам өлтіруге арналған гильотина француз анатомиясының профессоры Джозеф Гильотиннің есімімен аталды. Ол оны 1789 жылы адамгершілікпен өлтіру құралы ретінде қолдануды ұсынды. Шын мәнінде, ол оны ойлап тапқан емес. Гильотин қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері атқару құралын өзгерту туралы өтінішпен билікке жүгінген. Ол өтініш жоғарғы биліктен қабыл алынбады. Нәтижесінде, отбасы басқа текті алуға мәжбүр болды.
Велосипедті кім ойлап тапқандығы туралы көптеген дау бар. Ұқсас дизайндарды неміс профессоры Карл фон Дрез және Киркпатрик Макмиллан ұсынғанымен француз Пьер Лалман өзінің өнертабысын 1866 жылы ресми түрде патенттеді. Содан бері Франция бұл көліктің отаны болып, саналады.
Дайындаған
Жасын СҮГІРӘЛІ