Құрылысшылар құрған ұйым
Жұрт арасында әлемнің алты бұрышын белгілі бір топ басқарады деген ұғым бар. Көптің пайымдауынша, топ мүшелері жасырын жиын өткізіп, жаһанның даму жоспарын тәптіштейді. Форбс тізімімен тізгіндеген, байлығы жеті нөлден асып жығылатын жандар да осы ұйымның мүшесі деп ойлайды. Бәрі мүмкін. Әпсанаға сенсек, әлгі топтағылар үшін гүлденген елдің күл-талқанын шығарып, эбола, коронавирус сияқты обамен жұртты опат қылу түк емес.
Сонымен жеті миллиард жер тұрғынының тағдырын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған мәілм де беймәлім «масондар» жайлы дерек келтірейік.
Тавернадан басталған тарих
Қозғалыстың басталуы туралы сұрағанда белсенділер көбіне 1717 жылдың 24 маусымына сілтеме жасайды. Дәл осы қасиетті Иоанн күні Лондондағы төрт ложа мүшелері «Қаздар мен рашпер» тавернасында кездеседі. Осылайша олар алғашқы біріккен «Вестминстр мен Лондонның ұлы ложасының» негізін қалады. 1723 жылы Лондонда авторы Джеймс Андерсон болып саналатын масондық конституция жарық көрді.
XIX ғасырдың ортасынан бастап масон тарихшылары қозғалыс бастауын тас қалаушылар гильдиясының ең көне құжаты «Холлиуэл» қолжазбасынан тарқатады. Олар масондықты құрылыс серіктестіктерінің мифологиялық тарихымен, масон сыныптарының міндеттерімен байланыстырады.
XVII-XVIII ғасырдың басында белгілі болған рәсімдер мен құпия сөздер 18 ғасырдың аяғында алыпсатарлық масондар жасаған рәсімдермен сабақтастықты көрсетеді. Шотландиядағы Эдинбург №1 ложасының хаттамасына сенсек, 1598 жылы ұйым мүшелері жұмыс бағытын эзотерикалық ырымдар мен құпияға толы қазіргі заманғы масондыққа ауыстырғанын білеміз.
Эдинбург ложасы әлемдегі ең көне ұйым болып саналады. Масондықтың екі түрі арасындағы айырмашылық пен байланысты бейбіт жолмен орнатқан шотландық ақсүйектер мен зиялы қауым болып есептеледі. Олардың қатарында Роберт Морай, Элиас Ашмол немесе Джеймс Андерсон секілді атақты тұлғалар бар.
«Maçon» сөзінің мағынасы
Орта ғасырда «тас қалаушылар» қатардағы қолөнершілер болған жоқ. Сол кезден бері сақталған әкімшілік жазбаларда тас қалаушылар туралы көптеген мәлімет сақталған. Жазбада әр кірпіш салушы, ағаш ұстасы, темір ұстасы, құрылысшылардың есім-сойы, жұмыс істеген сағатына дейін тиянақты жазылған. Есеп латын немесе көне француз тілінде түскен. Тас қалаушылар латын тілінде «cementarius» және «lathomus» деген сөзбен беріледі де «maçon» француз сөзі 12 ғасырда қолданысқа енеді.
Тас қалаушылар кәсібінде көптеген мамандық пен дәреже бар. Масондар сәндікке пайдаланылған ұсақ түйіршікті құмтас пен әктасқа бейім адамдарды баулыды. Кез келген бағытта еркін өңделіп, арамен кесуге болатын тасты олар құрылыстың барлық түріне қолданды. Осылайша тас қалаушылар бүкіл Еуропаның жаңа құрылыс нысандарының басы-қасында болды. Англия мен Шотландиядағы ресми құжаттарға сүйенсек, «freemason» термині, яғни құрылысқа арналған тасты қалаушы сөзі жоғары маманданған шеберлерге берілген.
Құпия ұйымның қалауы қандай?
Қарапайым сөзбен айтқанда масондар ең ежелгі және ең үлкен бауырластық. Бұларға жаңа мүше болу үшін Әлемнің Ұлы Сәулетшісі деп аталатын жоғарғы болмысқа сену керек. Масондыққа кез келген дін өкілі кіре алады. Бірақсенімі жоқ, дінсіз атеистерге жол жабық.
Лахор ложасында болған атақты жазушы Редьярд Киплинг өзінің бауырлары жайлы бірнеше жыр жолдарын жазған. Өлеңде мұсылман, еврей, индуист, сикха өкілдері жайлы қатарлар кездеседі. Бір рұқсат етілмейтін дүние масон жиналыстарында саясат пен дін жайлы жекелеген адамның ойы, пікірталас қозғалмауы тиіс.
Масондардың конституциялары, ережелері көпшілікке қолжетімді. Кездесу орындары да алдын ала анықталып отырады. Көптеген ұйымдағыдай ішкі істер мен мүшелердің жеке мәселесі құпия ұсталады. Олар өздерін философиялық және қайырымдылық бірлестігі ретінде қарайды.
Эзотерикалық масонизм – топ мүшесін сыртқы қараңғылықтан ішкі жан дүниенің нұрына ауысуына бастамашылдық қозғалысты баса көрсетеді. Еуропада көп кездесетін түр.
Англо-саксон типті масондықтың басты жоспары ізбарасарларға адамгершілік һәм азамат болуға үндейтін тәрбие беруді бірінші орынға қояды. Кез келген саяси және діни пікірталастан өздерін аулақ ұстайтын олар Солтүстік Америка мен Достастық елдерінде көптеп кездеседі.
Агностикалық масонизм мүшелікке адам қабылдар кезде кандидаттың метафизикалық немесе діни тұжырымдамалары назарға алынбауын талап етеді. Саяси пікірталастарға жол беріп, жақсы қоғам құру үшін жұмыс істейтін бұл құрам Франция мен Италияда кең қанат жайған.
Бүкіләлемдік қастандық пен қоса масондар әлемді басқара ма деген сауал кім-кімнің де санасында қылаң берген болар. Қазіргі қоғам әлі де айтылған аңыз бен желдірме сөзге көп жүгінетіндіктен атақты бірақ, көп жағдайда түсініксіз масондар жайлы басқаша ойда.
Масондық қастандық туралы айыптаулар британдық ғалым және жазушы Джон Робинсоннан басталады. Ол 1798 жылы Еуропаның барлық діні мен үкіметіне қарсы құпия қастандық туралы дәлелдер кітабын жазды.
Сырлы символика
Ақ қозы терісінен тігілген масондық алжапқыш жоғары этикалық стандартты және қайта туылуды бейнелейтін ерекше белгіні көрсетеді. Ақ қолғап масонның қолымен жасалған істі білдіреді. Оның әрекеті қолғап сияқты мінсіз және таза болуы тиіс.
Барлығын көретін көз – бұл белгіге өздері аса құрметпен қарайды. Ғалымдар белгі тарихын Ежелгі Египеттегі Хор тауынан тарқатады.
Бір қызықты жайт «Zur Wohltätigkeit» ложасына мүше болған Моцарт «Сиқырлы флейта» операсында музыкалық масондық символиканы қолданады. Масондық музыкаға тән семиотикалық мағынаға ие музыкалық формалар бар екен. Нақтырақ айтсақ, масондық таңбалар мен ырымдар туралы Моцарт он бір шығарма жазған. Оның біреуі қазір мәтіні өзгертіліп, Австрия әнұранына айналған.
Символиканың көп бөлігі геометриялық сипатқа ие. Вольтер, Иоганн Готлиб Фихте, Гетені сияқты рационалистерді өзіне тартқанының себебі осы шығар. Пифагорлық, неоплатонизм және қазіргі заманғы рационализмніңәсері бар сияқты болғаныменмасонизм бірде-бір метафизикалық ілімді қолдамайды.
Бұршақ тұқымдас өсімдік түріне жататын қараған (акация) – мәңгілік жанның белгісі ретінде қаралады. Мәңгі жасыл және өзгермейтіндігімен ол масондарға ең жақсы рухани жолмен жүру керектігін ескертеді.
Ұйымдағы ұлы адамдар
Джордж Вашингтон 1752 жылы масон болып тағайындалды. Соңында Вирджиниядағы Александрия ложасының құрметті шебері атанды. Бұл атақты 1789 жылы Америка президенті болып сайланғанға дейін алып жүрді. Қабылдау рәсіміне Джордж екі фунт және үш шиллинг жұмсапты. Вашингтон қайтыс болғаннан кейін ол мүше болған Вирджиниядағы №22 ложа «Александрия-Вашингтон» деп атауын ауыстырған.
Австрияның ұлы композиторы, 600-ден астам шығарманың авторы Моцарт 1784 жылы Венадағы масондық ложаға қосылды. Көп ұзамай ол мастер–масон атанды. Аңыз бойынша Моцарт «Сиқырлы флейта» операсында масондардың құпиясын абайсызда ашып,сол үшін өлтірілген. Вена операсында Моцарттың «Сиқырлы флейта» шығармасындағы шебердің ариясы естілгенде, залдағы тыңдаушылар орындарынан тұрып құрмет көрсетеді.
Напалеон Бонопарттың ағайынды төрт ағасы да сол кездегі Францияда атақты масон болған. Бірақ тапал императордың қалай масондықты қабылдағаны әлі күнге белгісіз. Кезінде Напалеонның өзі масондар жайлы «Жақсы тамақтану үшін және кейбір қызықты дүниеге құмар ақымақтар тобыры», – деген ой айтқан. Алайда масондар Ұлы Француз революциясы кезінде үлкен рөл ойнады деп санаған.Наполеон масондықтың дамуын белсенді түрде қолдап, оның қарамағында ложалар саны айтарлықтай өсті.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ