Tik Tok-тан туған текетірес
Бүгінгі күні әлеуметтік желі бөлек әлемге айналды. Осыған байланысты шынайы өмірден виртуальды әлемге “көшкен” адамдардың қатары мыңдап саналады. Өйткені таңның атысынан кештің батысына дейін телефонға телміріп, жаңадан пайда болған челлендждерді мүлт жібермей, өзіне желілік достар жинаудан ләззат алатын үрдіс пайда болды. Сондай-ақ көптеген вайндарды, “тик-ток” деген бағдарламада түсірілетін би мен тексерусіз әзілдерге пародия жасау көпшіліктің күнделікті тірлігіне айналды. Мұнда тұрған не бар дерсіз? Бірақ жақында кез келген адамның бет әлпетін өлең ритміне сай ойнақы қимылдататын бағдарлама вирусты леппен тез тарады. Әттеген-айы сол еріккендер бұл челленджге қазаққа аты сыйлы тұлғаларды, Абай мен Алашордашыларды да кірістіріп жіберген. Бұл өткенін ардақтай білген, ата-баба рухын қастерлеген, әрі-беріден соң Құдайдан қорқатын адамдардың жасайтын тірлігі емес еді.
Бірер апта бұрын Instagram желісінде биыл 175 жылдығы тойланып жатқан ұлт мақтанышы Абай Құнанбаевты билетіп қойған бейнеролик пайда болғанын көпшілік біледі. Бір тәуліктің ішінде бұл видео 300 мыңға жуық қаралым жинады. Көпшілік видеоны “жығылғанға жұдырық” етіп таласа бөліскенін қайтерсіз? Бұдан кейін “тик-токерлер” әл-Фараби, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлия Молдағұлова сияқты ерек тұлғаларды да пародияға қосып қойған. Видеоны жасағандар бұл үшін олардың суреттерін пайдаланған. Осы тұста ойға жалғыз сұрақ оралады. Өнегелі, өр жолды жас ұрпаққа тәрбие болсын деген ниетпен ел бойынша атап өтіп жатқан әл-Фараби мен Абай атамыздың мерейтойын дәл осылай масқаралау, мазақтау ары бар адамның қолынан келмес пе еді деген ой мазалайтынын несіне жасырайық?!
Тағылымы мол тарихымызға үңілсек, Құдай жолын ұстанған, ата-баба әруағын қастерлеген ұлтпыз. Бірақ осы тұста заманауи наным-сенімнің өзгергені өзіндік залалын тигізген де сияқты. Әсіредіншілдер ата-баба әруағының желеп-жебейтінін, олардың ұрпағына тілекші болатынын жоққа шығарғаннан кейін дінге бүйірі бұрып тұрғандардың барлығы өлі әруаққа “өшігіп” алды. Олардың басына барып Құран бағыштау да сирек дүниеге айналып бара жатыр десек қателеспейміз. Заманнан бұрын адам азғанын зират басындағы күмбезді олжа қылған ұрыларға қарап-ақ біле беріңіз. Ғаламтордың торында қалған әлеумет те рухани жаңғырудың орнына қазіргі “ойшылдардың”, әсіредіншілдердің дегеніне құдайдай сенеді. Мәселен, әлемдегі ең үлкен виртуальды энциклопедия саналатын “google”-ден ата-баба әруағы туралы мәлімет сұрап көріңізші. Дін өкілдерінің “Құдайға серік қосу” деген түсініктемесінен көз сүрінеді. Мұны басқаша, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай жеткізуге болмас па еді?! Ата-баба әруағы сондай кемсітуге, бағаламауға лайық деу ақылға сыймайды. Содан келіп өткенін сараламайтын, өлгенді ойлаймайтын, ол аз десеңіз, кешегідей өлі әруаққа ән айтқызып, би билетіп қоятын ұрпақ тәрбиеленеді. Дін де ұлттық құндылықты насихаттауға, пенде бойындағы адами қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етуі тиіс екенін ескерсек, идеологиялық тұрғыда дінтанушылар тарапынан көп қателік жіберілгенін түсінеміз. Ал өлгенге салауат етпеген ұрпақтан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуін талап ету – босқа арамтер болудан басқа ештеңе емес. Енді ұлт ғұламаларының биіне қайта оралсақ.
Кісі мәңгілік мекеніне аттанғанда қазақы дәстүрімізде ол туралы жағымды нәрселер айту ғана құпталады. Марқұмның ұятты қылықтары болса оны жасырады. Бала кезімізде бақилыққа аттанған жақынымыз туралы сөз бастап қойсақ ата-әжеміз “тие берсін”, “жатқан жері жайлы болсын” деген сияқты алғысөз айтуды бұйыратын. Ол туралы естеліктер сөз болғанда да “жер айтып бармасын” деген тіркесті қоса айтатын. Зират басына барғанда “әнекей” деп саусағымызды шошайта қалсақ, сол мезетте тыйып тастайтын. Бұдан өлген адамның да құрметке лайық екенін, олардың есіміне дейін бейберекет қолдануға болмайтынын сөзсіз түсініп өстік. Содан да әлі күнге дейін бейітке қарап “Әй ол өзің сияқты адам ғой, оған несіне тәу етесің” дегендермен жаға жыртысып жүрміз.
Ал ата-баба әруағын, түптеп келгенде бүгінгідей мамыражай, бейбіт өмір сүруімізге себеп болған ұлт мақтаныштарын бұдан былай мазақ қылуға жол бермеу керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында енідігі қолға алынар екі іс болса, соның бірі – ата-баба әруағына құрметпен қарауды насихаттау болуы керек. Әйтпесе “Ай, атаңа нәлет-ай” деп атасына қарғыс атқан ұрпақ ұлт болып шыққан шыңыраудан сәл-ақ құлар алдында тұр.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ