Көктемгі сән-2020: Былғары жейде
Жаңа көктем маусымында сәнде болатын жейделердің ішіндегі лидері деп былғары жейдені айтуға болады. Эко-былғарының артықшылығы – ол жылы және әмбебап материал. Оның қарапайым үлгіде тігілген түрін базалық киім ретінде қолдануға, ал ерекше түрінен мерекелік киім үлгісін жасауға болады.
Түрлі түсті былғары Қара эко-былғары – сәннен шықпайтын материал. Сондықтан қара былғары жейде алсаңыз, оны әлі бірнеше жыл қатарынан сәнді етіп кие аласыз. Бірақ дизайнерлер бұл маусымда түрлі түсті эко-былғарыдан тігілген жейделер де ұсынды. Мысалы: жасыл, сарғыш, қызғылт-сары және қызыл былғары.
Көпқабаттылық Соңғы бірнеше жыл қатарынан көпқабаттылық трендте екенін білеміз. Былғары жейденің тағы бір артықшылығы – оны пиджактың немесе джинс күрткесінің орнына кие алу мүмкіндігі. Былғары жейде жылы болғандықтан, оны кез келген киімнің сыртынан (футболка, свитер, толстовка және т.б) жұқа күртке ретінде кие аласыз. Мұндай жейдені жаздың салқын кештерінде серуендеуге шыққанда киюге болады. Сондықтан оның кең тұратын үлгісін алған жөн.
Leather total look Қазір көпқабаттылықпен қатар бастан аяққа дейін бір түсті немесе бір материалдан тігілген киімдер кию де сәнге айналды. Стилистер бұлай бірдей түсті немсе бір-бірлеріне жақын реңкті киімдер киюдің артықшылықтары көп екенін айтады. Мұндай киім үлігісі өте стильді көрінеді, дене пішінін сымбатты етіп көрсетеді, визуалды түрде бойды ұзартады және т.б. Сондықтан дизайнерлер leather total look ұсынып отыр: мысалы, былғары жейдені былғары шалбармен немесе былғары миди белдемшемен киюге болады.
massaget.kz