Ұялы телефон сәулесі зиян
Орегон штаты университетінің ғалымдары гаджеттер экранының көк сәулесі тірі ағзаны тез қартайтады деген шешімге келді. Ол өмір сүру ұзақтығына да әсер етеді екен. Зерттеу туралы Aging and Mechanisms of Disease ғылыми онлайн-журналынан біле аласыздар.
Тәжірибе дрозофил шыбындарына жасалған. Олар екі топқа бөлінген. Бірінде жәндіктер 12 сағат бойы көгілдір диодтар әсеріне ұшыраса, ал екінші топтағылар қараңғы қуыста болған.
Сынақ аяқталғаннан кейін бірінші топтағы дрозофилдерден көз торы мен ми нейрондарының зақымдануы, сондай-ақ қозғалыс функциясының бұзылуы байқалған. Бұлар екінші топтағыларға қарағанда аз өмір сүрді. Тәжірибені соқыр шыбындарға да жүргізген, бірақ нәтиже дәл осындай. Демек, диодтарды көзбен көру маңызды емес, жай оның қасында болғанның өзі айтарлықтай әсер етеді.
Қазір телефондар мен планшеттердің экрандарынан шығатын көк сәуленің зияны туралы ақпараттар легін жиі жолықтыратын болдық. Сондықтан жоғарыда айтылған мәлімдеме біз үшін соншалықты тансық болмасы анық. Мектеп кезінде де түрлі толқындардың қоршаған ортаға әсері туралы оқығанбыз. Ал, радиоқабылдағыштар, микротолқынды пештер, ұялы телефондар пайда болғаннан бері мұндай әсер беретін дүниелер саны артып келеді.
Көптеген адамдар құдды гаджеттеріне желімденіп қалғандай олардың алдында көп уақыт өткізеді. Көгілдір жарықтың ұйқыға, көру мүшелері мен жадқа теріс әсерін тигізетіндігі де анықталды, ол адамның терісіне де зиян екен.
Физика сабағынан оқығанымыздай толқындардың әртүрлі ұзындықтағы спектрлері бар. Бірі жоғары жиілікті ультракүлгін болса, екіншісі – төмен жиілікті инфрақызыл сәулелер. Көк сәуле осы спектрге жатады. Біз үнемі осылардың ортасында жүреміз. Себебі, олардың шығаратын негізгі көз – Күн. Ол сәулелену арқылы ұйқы циклын реттейді. Смартфондар, компьютерлер мен теледидар экрандары да оны шығарады, бірақ бұлардың еш пайдасы жоқ, керісінше жоғарыда айталғандай, зиян болып шықты.
Егер сіздің теріңіз пигментацияға бейім болса, көгілдір жарық оны ушықтырып жіберетіні сөзсіз. Мысалы, әйел адамдардың терісінде ультракүлгін сәулелердің әсерінен туындайтын гормондар шоғырлануын мелазма деп атайды. Соңғы жылдары көк жарықтың мелазма тудыратыны және одан құтылу процесінің қиын екені анықталды.
Ал клиникалар мен сұлулық салондарындағы көгілдір жарықты терапиялық шамдарға басқа ұзындықтағы сәулелер пайдаланылады, экрандардың жарықтылығына қарағанда олардың терапиялық әсері бар. Ол эластин мен коллаген өнуін арттырады, безеу мен басқа да қабынулармен күресуге көмектеседі.
Көк сәуле әсерінен қорғану үшін Күннен қорғайтын кремдер жағып жүрген жөн. Сонымен қатар, антиоксиданттар мен май қышқылдары өнімдері теңестірілген диета да маңызды. Смартфонға көк жарық сүзгісін қоюға болады.