Күйеуіңіз қандай тамақты ұнатады? Мінезін біле аласыз!
Бұл психологиялық кеңес тұрмысқа шыққалы жүрген қыздарға да жігітті тануда көмектесе алады.
Бір жастыққа бас қойып, жаныңыз да, тәніңіз де бірігіп кеткен жолдасыңыздың мінез-құлқын толық білесіз бе? Арадағы түсініспеушілік, келіспеушілік оның мінезін толық білмегендігіңізден де орын алып жататыны анық. Иә, қазақта «адам аласы ішінде» деген сөз бар. Күйеуіңіздің қандай адам екенін білсеңіз, белгісіз қасиеттеріне қанық болсаңыз, оған жақпайтынға жоламай, ұнамды әрекетке барар едіңіз. Оның беймәлім мінездерін білгіңіз келе ме? Ондай болса, күйеуіңіздің сүйіп жейтін тамағына мән беріңіз. Және ол алдындағы асты қалай жейді? Дастархан басындағы, тамақ үстіндегі оның әрбір қимыл-мәнерін бақылап көріңіз.
Егер оның ащы тағамдарға тәбеті тартып тұратын болса, мақсатшыл, тәуекелшіл болғаны. Қиындыққа қасқайып тұра алатын тік мінезділеу мұндай еркекке ұнау да қиынырақ. Талғамы да жоғары оның әйелі әрі он саусағынан бал тамған аспазшы, қылықты жар әрі тәлім-тәрбиесі мол ана бола білуі керек.
Еттен дайындалған тағамдарға құмар, етсіз астан ауыз тимейтін және қуырылған тағамға әуес еркек өз айтқанынан қайтпайтын, қатал адам. Қатып қалған қағида, бұлжымас заңмен жүреді. Оны дегеніне көндіру үшін көп тер төгу қажет. Ол ең бірінші сіздің оған деген қарым-қатынасыңызды бағалайды. Қабағы ашық, әркез өтірік те болса, оның көңілі үшін жымиып, езуіне күлкі үйіре алатын әйелдердің алдында олар дәрменсіз. Қаталдау еріңіздің осал тұсы – күлімдей қалсаңыз, ашуы тез тарқап кетеді. Оның тағы бір кемшілігі – қашанда өзінің тұлғасына, мінез-құлқына, болмысына көңілі толмай, мін іздеумен жүреді. Мұндай еркек мақтау сөзге тез ериді.
Отағасының тәттілерге аңсары ауып тұратын болса, оның өте мейірімді, жомарт, ағайын-туғанына, достарына қолындағы барымен бөлісуге дайын. Жаны әлсіздеу, тез жабырқап, ренжіп қалады. Қантсыз шай ішпейтін еркектердің көпшілігін «мамасының баласы» деуге болады. Анасының айтқанымен жүретін бұлар әйелінің де қабағына қарап қимылдайды. Алайда қиындыққа жаны күйзелгіш, отбасына ауыртпалық төнсе, одан шығудың жолын әйелдің өзі іздегені дұрыс.
Балық өнімдері алдына келгенде рахат күйге енетін еркек ұқыпты, сақ. Талап қойғыш ол әйелінен үйін әркез мұнтаздай таза етіп отыруды, барлық заттың рет-ретімен өз орындарында тұрғанын қалайды. Ұрыс-керіске жаны қас. Балық секілді ол да көп сөйлемейді. Миын шағып, ұрыс орнатуға дайын тұратын әйеліне мәселенің дұрыстығын айтып түсіндіріп жатпайды. Не жұдырықпен жөндейді, не онымен ажырасып тынады. Және балықтың етін майда-майда сүйектерінен асықпай бөліп жегеніндей, жарының әр қадамын, қимылын, ісін бақылауға алып, қадағалап оытрады. Оны алдаймын деп ойламай-ақ қойыңыз.
Кептірілген балық, ысталған шұжық, қалбырдағы тағамдарда алдына жан салмайтын еркегіңіз – өзінің әке-шешесі дегенде тік тұратын және олар туралы жағымсыз сөз айтқан әйелін кешіруі қиын адам. Сондай-ақ ол балалары үшін бәріне дайын. Ендеше, ең алдымен оның ата-анасының көңілінен шығуға тырысыңыз. Оларды қатты құрметтейтініңізді, сыйлайтыныңызды ісіңізбен де, сөзіңізбен де білдіріп отырсаңыз, ұпайыңыз әрқашан жоғары болатынына сене беріңіз. Шикі көкөніс пен жеміс-жидектерді жөн көретін күйеу салауатты өмір салтын ұстанады. Ішкілік пен темекіден, жат қылықтардан бойын аулақ ұстайды. Жанұясына қамқор. Мұндай еркектің иығына басыңызды қойып, отбасындағы барлық қиыншылықты ұмытуға әбден болады. Ол өз отбасын қолына алып, әйелі мен балаларына тыныш та жайлы саяжай бола алады.
Ал, енді тамақты қалай жейтініне келсек:
Ол әрі тамақты шайнай отырып, арасында сөйлеп те үлгеретін болса, жұмысты да үздік-создық қылмай, жылдам атқарғанды жөн көреді. Әйелінің де «созылып» жүргенін қаламайды. Тез тіл табысқыш, ашық адам. Сондықтан да оған әйелінің қаталдау болғаны да дұрыстау.
Әңгіме айтып отырып, алдындағы асын ұмыт қалдыратын еркек – қиялшыл. Көбіне шынайылықтан гөрі қиялмен өмір сүреді. Көп сөйлеп, аз тындыратынның дәл өзі. Ол сыйлық жасағанды ұнатады. Гүл тарту етіп, күтпеген жерде тосынсый жасап жүреді. Дегенмен, отбасында да одан күтпеген оқиғаларға тап болып, ренішке қалып жатсаңыз, таң қалмаңыз. Эмоциясын басқара алмайтын ол басқа бір әйелге есі кетіп ғашық болып қалуы да, ашуын тежей алмай жұдырыққа жүгініп қоюы да ғажап емес. Абайлаңыз! Сөзінің ең қызықтырар жеріне келіп тоқтай қалып, ары қарай аузына екі-үш қасық асты қарбытып жеп, сізді ойландырып қойып, одан кейін асықпай қайтадан әңгімесін жалғай түсетін отағасы – өте ақылды. Отбасына жауапты. Кез келген күрмеуі қиын, шиеленіскен түйінді мәселені шеше алады. Осындай еріңіз барда еш нәрседен қам жемей-ақ қойыңыз. Оған сенуге болады.
Күйеуіңіздің мінез-құлқы кішкене болса да мәлім болса, оған жағымды жаққа қарай икемделіңіз, ұтылмайсыз.
ernur.kz