Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» Жолдар жүйелі жөнделуде

Жолдар жүйелі жөнделуде

Соңғы кездері ауданның келбеті біршама жақсарды. Оған себеп билік тізгінін ұстаған атқамінер азаматтардың құрылыс жұмыстарына айрықша мән беруінде. Қазір Қазалы қаласында осындай игі істер жүйелі орындалуда. Әсіресе абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары қалада ілгері болғанын байқадық. Жауапты мамандар біршама маңызды жобаны пайдалануға берген болатын.
Мәселен, “Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы” бағдарламасы аясында 7 жоба іске асырылды. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен инвестиция арқылы қаржы тартылып тиісті құрылыс жүргізілді. Оның ішінде Қазалы қаласының Ж.Жабаев, Ү.Түктібаев, Қазалы, Б.Мергенбаев, Құрманғазы Сағырбайұлы, Қорқыт ата, Жанқожа батыр, Жалаңтөс баһадүр көшелерінің жол жиегіне жаяу жүргіншілерге арналған тротуар орнатылды. Игі іс “Намыс-Құрылыс”, “Қазалы Строй Сервис”, “Жылу-XXI” және “Болашақ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тарапынан жүргізіліп, халықтың игілігіне берілді.
Қазалы қаласының көрікті орындарының бірі – Ғ.Мұратбаев атындағы саябақ абаттандырылды. Саябақтың ішіне жаңадан брусчатка төселіп, түнгі жарықшамдар орнатылды. Отырғыштар мен қоқысқа арналған жәшіктер қойылып, жиегіндегі аяқсу арықтарына темір бетонды лоток салынды. Бұдан бөлек құмыра, сақина, білезік, гүл, елік сынды шағын архитектуралық мүсіндер орнатылды. Сонымен қатар саябақтың сырты жаңадан темір қоршаулармен қоршалып, қақпалар қойылды. Ауқымды құрылысты “Сыр маржаны және К” ЖШС-і жеңіп алған.
–Бүгінде біз қойдың үстіне бозторғай жұмыртқалаған шақты бастан өткерудеміз.
Шүкір қала күннен күнге көркейіп келеді. Балаларға ойын алаңдары салынып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізуде. Жақында орталық бақ та көріктендірілгенін және жан-жағы жаңаланғанын байқап қуанып қалдық. Сырттан қонақ келсе, мақтанышпен серуендетіп көрсетеміз, отбасымен де демаламыз. Әрине мұны атқарып отырған қала әкімшілігі мен қала басшысы Рахметулла Ізтілеуге алғысымыз шексіз, – дейді қала тұрғыны Самат Мұсаев.
Өткен жылы жоғарыда аталған мемлекеттік маңызды жоба аясында 4 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын А.Жангелдин, А.Құнанбаев көшелеріне асфальт жайылды. Амангелді батыр көшесі мен тұйығына құм аралас тас төселді. Оны “ПФ “ЭнергоПромСервис” ЖШС жүргізді. Бұл ретте аяққа жабысатын балшықтан арылып, тегіс жол игілігін көріп жүрген тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
–Бұрын су кешіп, балшыққа батып діттеген жерге зорға жететінбіз. Қазір жақсы ғой. Уақытылы қаржы бөлініп тұрса, жолдар түзеледі. Қатынас жеңілдейді. Шыны керек пенде болған соң сын айтып жатамыз. Бірақ еселі еңбекті де бағалау көрегенділікке жатады деп есептеймін. Қаланы басқарып отырған Рахметулланың өркені өссін. Біз оның атқарып жүрген ісіне ризамыз, – деді Темірбек Исмаилов қала тұрғыны.
Биыл “Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру” бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлінбек. Оған С.Толыбеков, З.Бұлақбаев, Аманкелді батыр, Бекетай би, Қ.Рысқұлбеков, Ы.Алтынсарин, А.Қыстауов, Б.Момышұлы, Г.Шаляпин, С.Мұқанов көшелері жөндеуден өтеді деп күтілуде. Автожолдарды жаңалау үшін мемлекеттік конкурс жарияланып, құрылыстың жеңімпаз мердігері анықталды. Қазіргі таңда құжаттары дайындалуда. Нәтижесінде 8,2 шақырымға созылған жол асфальтталып, көне электр желісі толықтай ­ауыстырылады. Ауызсу құдықтары жол деңгейіне дейін көтерілетін болады. Бұған қоса Е.Қожаназаров көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. М.Күзембаев пен Е.Қодасов және Хегай Гер Сек, Жалаңтөс баһадүр көшелерінің қиылысында орналасқан үйлерге электр қуатын беріп тұрған көне электр трансформатор қайта жаңаланды.
Дегенмен қыстай көмір түсіріп, күл шығарып от жағудың қиындығы айтпаса да белгілі. Оны жеңілдететін көгілдір отын жайы қалалықтарды көбірек мазалайтыны шындық. Сарыла күтудің көбі кетіп, азы қалғандығын қала басшысы қуана жеткізді.
–Қазалы қаласын газдандыруға байланысты тұрғын үйлерге газ желісін толықтай кіргізу биылғы жоспарда бар. Сондай-ақ мұнда халық бау-бақша егумен айналысатындықтан Ш.Уәлиханов көшесінің бас жағында орналасқан тұрғын үйлер жанындағы аяқсу арықтарына темір бетонды лоток салынуда. Жұмысшылар мамыр айына дейін тиісті жұмыстарды аяқтауға бар күш-мүмкіндіктерін жұмсауда, – деді Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеу.
Сонымен бірге қала тұрғындарын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында су айдау құрылғысы қойылмақ. Бұрын асфальттанған жолдар да ағымдағы жөндеу көреді. Жалпы қала бойынша 45 шақырымды құрайтын 49 көше бар. Оның басым бөлігі асфальтталып, он шақырымына қиыршық тас төселді. Тағы 17 шақырымға жуық бөлігі сазды топырақпен қабатталған.
Қазалы қаласының көшелеріне, шет аймақтарға және алаңдар мен саябақтарға 16 бейне бақылау камералары орнатылды. Бұл онсызда тыныш қала тіршілігін ұдайы бақылауға алуға тиімді. Не дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Енді шаһар тұрғындарының қауіпсіздігі құқық қорғаушыларының жіті назарында болады. Бұдан бөлек қала көшелерінің бойында орналасқан светодиодты түнгі жарықшамдарының 200-і жай лампаға ауыстырылды.
Сондай-ақ көшелердің жол жиегінде орналасқан аяқсу арықтарына 200 метр құбыр орнатылды. Мұнымен билік өкілдері тоқтап қалмақ емес. Әлі де атқарылар жұмыстар шаш етектен. Тек қаржы мәселесі оңтайлы шешілсе игі.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

---
14 сәуір 2021 ж. 321 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 77

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 50

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 83

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 90

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031