Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қараша ҚАРАМАН: Кітап құмарлығым қаламгерлік жолға салды

Қараша ҚАРАМАН: Кітап құмарлығым қаламгерлік жолға салды

Қазалы қасиетті топырақ. Қойнауы құтқа толы тарихи мекенде талай талантты жанның кіндік қаны тамған. Солардың бірі –Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаратал ауданының Құрметті азаматы Қараша Қараман. Жетпістің бесеуіне келіп, ақсақалдықты абыроймен арқалап жүрген азамат бірнеше кітаптың авторы.
Туған жері мен өсіп-өнген елін тең көрген қаламгердің Жанқожа батыр, Жалаңтөс баһадүр, Қарасақал Ерімбет шайыр мен Ескелді, Балпық, Жолбарыс, Қарымбай әулие, өнер саңлақтары Қанабек пен Бикен, өзге де халық ақындары мен жазушыларының өмір өнегесі туралы жазбалары оқырман жүрегінен жол тапқан тартымды туындылар.
Ол өлке тарихын тануға жәрдемдесетін «Қаратал күндіз – күміс, түнде – алтын», «Ел мен жер», Тәттібайұлы Қарымбай туралы «Ақылмен хан-төрені бағындырған», «Ақиық азамат» кітабы мен Сыр шайыры «Қарасақал Ерімбет» монографиясы және «Қасиетті Қаратал» тарихи-танымдық кітабының авторы. Жетпіс бес жылдық мерейтойы қарсаңында Қараша Қонысұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аға, мерейтойыңыз құтты болсын. Сіздің қасиетті Қазалы топырағының тумасы екеніңізді жұртшылық білгенімен, балалық шағыңызбен етене таныс емес. Туған жер, онда өткен өмір жолыңыз туралы өз аузыңыздан естісек...
– Иә, біздер арынды, жерлес ақынымыз Жарасхан Әбдірашев айтқандай соғыстан соңғы ұрпақтың өкіліміз. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, ел енді-енді есін жинап жатқан шақта 1948 жылдың қарашасында Қазалы стансасына кіре берісте орналасқан Алтай ауылында теміржолшылар отбасында дүниеге келіппін.Әкем де, анам да теміржолда еңбек етті.
Орта мектепті 1966 жылдың жазында бітірдім. Тарих пен әдебиетке, жазуға, әжептеуір бейімім болды. Отбасылық жағдайыма байланысты сол жылы оқуға бара алмадым. Амалсыздан іргедегі Қазалы локомотив депосына екінші разрядты тепловоз жөндейтін слесарь болып жұмысқа орналастым. 1967-1969 жылдар КСРО Қарулы күштер қатарында екі жылдық азаматтық борышымды өтедім. Елге оралған соң еңбек жолымды қайта жалғастырдым.
Журналист қазіргі тілмен айтқанда өмір барлаушысы. Ал журналистика өмір мектебі. Бұл бағаны берген қазіргі қазақ журналистикасының корифейлеріқаламы жүйрік журналист замандасымыз, ашылмаған аралдарды ашқан, көп танымдық кітаптардың авторы, «Егемен Қазақстанның» редакторы болған Жанболат Ауыпбаев пен Қали Сәрсенбаев. Журналист негізі мамандық. Бұл мамандықты меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтқан орынды. Өзім журналист болған соң мақтап отырғаным жоқ. Өмірден көріп, түйгенім. Адамды журналистикаға итермелейтін ең біріншіден, білім, ал ол білім кітаптан алынды. Мен оқушы кезден мектеп кітапханасы мен теміржол клубы кітапханасының тұрақты оқырманы болдым. Шетел классиктерінің романдарын, қазақ әдебиеті өкілдерінің туындыларын оқып, өз ортамызда талқылайтын едік. Жора-жолдастар арасында әңгіме қылатынбыз. Осының барлығы әсер кеткен болуы керек.
Екіншіден, №5 кварталда Ерқосай Қабылов деген ағамыз болатын. Мектеп қабырғасында жүргенінде ақындық қабілеті байқалып, журналист болуды армандаған. Бірақ Ташкентте теміржол институтында оқып, инженер болды. Вагон депосында бастықтың орынбасары, бас инженер қызметтерін атқарды. Сол кісінің інісі Арғын Қабыловпен бір сыныпта оқыдық. Қазір Алматыда тұрады. Ағасының жинаған кітаптарын біртіндеп оқуға бізге беретін. Ерқосай ағамыздың кітапханасындағы академик, профессор, әдебиетші Қажым Жұмалиевтің әдебиет теориясына қатысты оқулықтарын оқып, әрі қарай терең бойладық. Абайдың, Махамбеттің, шығармаларына қалай талдау жасаған солардың бәрі бізге түрткі жасады.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Бізден бір сынып жоғары оқыған оқу озаттары қос азаматты Есқара Көмекбаев пен Шайхслам Серікбаев мектебіміздегі спорт пәнінің өз дәрежесіндегі жүрмейтіндігін, спортқа арналған құрал-жабдықтардың жоқтығын сынап, республикалық «Спорт» газетіне бірлесіп, екеуі мақала шығарған. Мектебімізде кәдімгідей мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар шу ете қалды. Содан аудандық білім бөлімінен, аудандық атқару комитетінен комиссия келіп, мақаланың түрткі болуымен спорт алаңы салынып, құрал-жабдықтар алынды. Сол кезде менің көкейіме: «Журналист осындай кемшілікті көтеріп, жария етсе, биліктің назарын аударса, оң шешімін тауып, елдің алғысын арқалайды екен ғой деген» ой келіп, бүйрегім бұрған еді.
– Бала кезіңізде нені армандадыңыз? Мақсатқа жете алдыңыз ба?
– Бала кезімізде көркем шығармаларды, тарихи танымдық, қиял-ғажайып дүниелерді оқыдық. Бала арманы әр жаққа ала қашады ғой. Бір жолы ұшқыш та болғың келеді. Көк аспанда көсіліп жүретін. Кен-байлықтарын кешіп жүретін геолог та болғымыз келді. Гуманитарлық пәнге әуестігім басым болған соң, аға буынға еліктеп, қалам тербесек, елге пайдамыз тисе деп армандадық. Әзілхан Нұршайықов айтқандай, журналист болуды қалап соның ізіне түсіп, өз мақсатыма жеткендеймін. Бір адамдай еңбек етіп, тер төктім деп айтуға толық қақылымын деп ойлаймын. Осы кезге дейін шыққан кітаптарымның жартысы Қаратал ауданына арналса, жартысы Қазалыма арналады.
– Қазіргі қоғамда сізді не алаңдатады?
– Біз аға буын өкілдерінің санатына жатамыз. Бір қарағанда, жасарымызды жасап, асарымызды асаған адамбыз. Бірақ бұл қасиет қарақан басын ойлаған адамға ғана жарасады. Қазір алаңдайтын дүние көп. Мәселен, мемлекеттігіміздің тірегі болып саналатын ана тіліміздің жай-күйі мен болашақ тағдыры. Қазір жасыратыны жоқ, қалалық жердегі жастар өзге тілде сөйлеседі. Кейбір азамат қазақ сөздерінің арасына орысшаны қойыртпақ қылып қосып отырады. Жас ұрпақ газет-журнал, кітаптан гөрі әлеуметтік желіге таңылып қалғандықтан сөздік қоры азайып кетті. Тәуелсіздіктің белгісі – тіл мен дінде жатқандығын көбісі сезіне бермейді. Жеңіл қарайды, жауапсыздық танытады. Ана тіліміздің, бай тіліміздің әрі қарай өркендеп, өрістеп, қоғамдық ортада өз мәнінде қолданылуына алаңдаулымын.
Тағы бір алаңдататыны, ел арасында белең алып бара жатқан рушылдық. Руын білген жақсы, рушылдыққа салынған дұрыс емес. Бұл өсуді емес, өшуді көрсетеді. Осы төңіректе терең ойлану керек. Жақсыдан үйрену, жаманан жиренуге дағдылануымыз тиіс. Атадан өсиет, анадан қасиет деген қағиданы әрбір шаңырақ, отбасы басшылыққа алғаны абзал.
Артық ақыл айтты деп қалың оқырман ренжімес. Жастардың «жұмыс жоқ, беретін ақшасы төмен» деп ата-ана мойнына масыл болуы да артты. Жұмыстың үлкен-кішісі жоқ. Адамды абыройға бөлейтін еңбек. Адал тапқан ақшаның барлығы берекелі. Әр ауданның әрбір тұрғыны көктем сайын саялы ағаш отырғызса, оны күтіп-баптаса, туған жеріміз одан әрі гүлденер еді.
– «Адамды сынағың келсе, қолына билік бер» дейді. Таққа мінсе, адам танымастай өзгеріп кететіндер жоқ емес. Қарапайымдылықты қалай сақтап қалуға болады?
– Қарапайымдылыққа ешнәрсе жетпейді. Отбасында, еңбек ұжымында, ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында лауазымың жоғары, табысың шаш-етектен болса да, қазынаң ақшаға толы болса да кішілікті, үлкендікті сақтай білу керек. Байлық айтып бөсіп кетуге болмайды. Менің түсінігімде ең басты байлық рухани байлық.
«Азамат түзде мырза, үйде құл» деп айтады. Бұның ұғымы бай ма, батыр ма, бағлан ба түзде мырзалық жасаған жөн. Ал отбасыға келгенде барлық шаруаны әйел-бала-шағаға қалдырмай, ауыртпалықты теңдей көтеруі керек. Қазір қабырғаға шеге қаға алмайтындар көп.
– Туған жерден жырақта болсаңыз да жиі келіп тұрасыз. Қазалы қаншалықты дамып-өркендеуде? Жерлестеріңізге айтар жылы лебізіңіз болса...
– Иә, күні бүгінге дейін туған жерден қол үзген жоқпыз. «Туған жердей жер болмас, туған жердей ел болмас» дейді ғой. Өмір ағысы, қызметтің барысымен жырақта жүргеніміз рас. Қазалы өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жаюда. Аудан орталығы мен Қазалы қаласының аралығында сәнді үйлер бой көтеріп, жақын арада қосылатын түрі бар.
«Елге ел қосылса, құт» деген. Қазалылық ағайындар тамырын тереңге жіберіп жатыр. Тарихи, мәдени орындардың, әлеуметтік нысандардың, сәнді үйлер саны көбейе берсін. Жұмыс орындары кеңінен ашылып, әр отбасы жағдайы жақсы болуына тілектеспін. Осы 75 жылдығыма орай «Қара қалам баптаған» деген кітабымның соңғы сөзінде «Мен үшін Сырдың Қазалысы мен Жетісудың Қараталы домбыраның қос ішегі іспеттес. Бір ұққаным тарихы тереңде жатқан қос өлкенің төл перзенті тел ұлы болу екінің бірінің пешенесіне жазылмаса керек. Ал өз басым нақ осындай өмір мектебінен сүрінбей, ширығып, серпіліп, құлшынып, жігерленіп, өткенімді азаматтық, перзенттік борышымды, адамдық парызымды адал атқарғанымды мақтан тұтамын. Сіздерге де соны тілеймін қазалылық ағайындар» деп жазыппын.
Туған топырақтың гүлденуіне, ауыл-аймақтың ажарлануына, ел тұрмысының жақсаруына, сан салалы аудан экономикасының қарыштап ілгерілеуіне, елге тұтқа ер азаматтар мен кәсіпкерлердің ат үстінен түспеуіне бек тілектеспін.
Сайып келгенде, Қазалының әрбір тұрғыны, азаматы Қазалы деген атты жоғары ұстап, оған кір келтірмеудің жолдарын қарастырса, ең бастысы, сол болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет аға. Шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 желтоқсан 2023 ж. 265 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930