Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр сұлуынан үзік сыр

Сыр сұлуынан үзік сыр

Бұл сұхбат-портрет 1992 жылы «Қазақ теледидары» мен «Оcтанкино» арналарынан көрсетілген Роза Тәжібайқызының 70 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған «Содружество» бағдарламасымен «Семь встреч в Алма-Ате», «Ах, Самара-городок», және «Айналайын халқымнан еркелеткен» деректі хабарларынан эфирге берілмей қалға. Әншімен журналисттің бірнеше мәрте кездесу барысындағы сақталған естеліктері (бейнетаспадан қағазға түсірілген нұсқасы) алғаш рет жазбаша жарияланып отыр.

– Роза Тәжібайқызы, әлемді түгел араладыңыз. Қай мемлекеттің ілтипатын бөле-жара еске аласыз?
– Жер бетінде мен бармаған ел, ән айтпаған сахна аз шығар. Қай елге барсам да, сол елдің бір әнін үйреніп қайтатынмын. Чехословакия сапарында бір қарт адам іздеп келді. Өзін Новакпын деп таныстырды. Қолында менің суретім басылған журнал мен раушан гүлдестесі бар. Новак журналдағы жазуды «ақ маңдай, қарақат көз деп сыйпаттаған екен» деп аударды. Ол: «Қызым, даусыңды жұрт ерекше мақтайды. Мынау – менің халқымның әні «Биле-биле». Достығымыздың белгісі болсын, өз еліңе ала бар», – деп, ән жазылған күйтабақты ұсынды. Әнді ақсақалмен қосылып бірнеше рет қайталап айттым. Ертеңіне «Биле-биле» әнін словак тілінде концертте орындадым. Көрермендер қошемет білдіріп, залдағы халық маған бірнеше мәрте қосылып, сахнадан жібермей қойды. Мен айтып жүрген «Биле-биле» словак полькасының тарихы осылай еді. Сол сапарда Прага мен Вена қалаларында менің екі метрлік биік портретім ілініп тұрды. Венадағы кезекті концерт аяқталған соң 5-6 жастар шамасындағы бала мен жас әйел сахнаға көтеріліп, маған баланың салған суретін ұсынды. Ол менің суретім еді. Әйел: «Балам көшедегі ілінген сіздің суретіңізді көріп, маған балмұздақ әперме, мені мына тәтенің концертіне апар деп, сіздің афишадан көрген суретіңізді салды». Ескерткіш болсын деген оймен суретімді сыйға тартып еді.
1957 жылы Америка сахнасында ән айттым. Кеңестер елінен келген әншiлердiң құрметiне дастархан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп барғанымда мені көре салып, 100 шақты музыкант «Ах, Самара-городокты» құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып, әндi орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы айрықша ілтипат көрсетті.
– Жетпісінші жылдары орыс әншілері «Батыста Роза Бағланованы экзотика деп қарайды» деп айтып қалыпты. Шындығы қалай еді?
– Мен қайда жүрсем де қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім. Кезекті бір сапарымда Ұлыбритания еліндегі әйел басшының бірі: (Елизавета патшайым болар.-автор) «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады», – дегені бар. Сол жолы «Киіміне қарай қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады» деген сөздің мағынасына көзім жетті. Сапарларда қасымда орыстың әнші қыздарынан гөрі маған айрықша ықылас танытты. Өзге елдің сахнасына шыққанда, Сырдың ерте көктемдегі қызғалдағын теріп жүргендей шаттанатынмын. Киімдерді Орталық Комитеттің тапсырмасымен арнаулы шеберлер тігетін. Бірақ түсін, үлгісін өзім таңдадым. Өздерің көрсеткен киноархивтегі москвалық операторлар түсірген көріністе сол көйлекті киіп талай ән айттым.
– Әлемнің қай шаһары сізге айрықша шабыт беретін?
– Алматы.
– Сізден шетелдік журналистер не туралы сұраушы еді?
– КСРО-ның заңы қатал. Сауалдар шектеулі. «Бізді орыс» деп қабылдайды. Бар білгенімше қазақ деген ел барын айтуға тырысып бағам. Бірде «Қазақтың қыздары сіздей көрікті ме?», – деп сұрады. Мен Қыз Жібек, Баян сұлу, батыр Мәншүк, Әлияларды айттым және Қыз Жібектің тарихи отанынан болатынымды да мақтан еттім. Аудармашының Қыз Жібек, Ромео мен Джульетта деген сөздерін ғана түсіндім. Мен басымды изедім.
– Будапештте дүние жүзі жастарының әлемдік ән сайысы туралы «Құмырысқа бел, жайнаған жанарынан нұр шашқан шығыстың қыпша бел періштесіне ешкім тең келмеді», – деп жазыпты бельгиялық «De Standaard» газеті 1949 жылғы қараша айындағы санында. Қазіргі әнші қыздардың талғамы мен сахнадағы бейнесін қалай бағалайсыз?
– Мәдина, Роза мен Мақпал талпынып жүр, ізденеді, табиғат берген дауысы бар. Ана қара қыздар да ізденіп жүр...
– Роза Тәжібайқызы, орындауыңыздағы қай ән жүрегіңізге етене жақын, айрықша?
– «Таң самалы», «Ақ маңдайлым», «Әдемі-ау» – ғажап әндер. Махаббат, сұлулық, сезім...
– Сізге сезімін білдірген ер азаматтар аз болмаған болар?
– Иә, болса, болған шығар. Бірақ мен оларға онша сене бермейтінмін.
– Неліктен?
– Ер азаматтың жаратылысы солай, айналайын. Өзінің әйелінен басқалар оларға керемет көрінеді. Үйіне барғасын сені ұмытып кетеді. Махаббат дегісі келеді...
– Сонда махаббат емес пе?
– Шын махаббат басқа, ол сезімге сен тәуелдісің. Бәрі жүрегін қолына ұстап жүгіріп жүргендер.
– Білетіндер «сізді Сталин ұнатыпты» дейді ғой?
– Сталиннің үйінде арнайы шақыртумен үш рет болдым. Үш ретінде де сол бір кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйінде үш ретте де байлық, барлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау болатын. Екі сөзінің бірі – «совет халқы, халқым» деген сөздері есімде жатталып қалды. Ол кісі мені ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айтты. «Әйелге қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да шашын қос бұрым етiп өрiп қояды. Саған жарасқандай олар да сондай ажарлы көрінеді» деп қалды. Ол да пенде, еркек, сезімі бар, әдемілікті көретін көзі, әнді еститін құлағы бар. Сталин қазақтың сән-салтанатын паш еткен үстімдегі ұлттық киімнен көз алмай қарады. «Грузин қыздары да ұлттық киімде соншалықты әдемі көрінеді» деп қайталап айтып қалды. Мен темірдей қатал, жарты әлемді аузына қаратқан құдіретті адамның көзінен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы сағынышын байқадым.
– Ол қай жылдар еді?
– 1949 жыл. Жастар мен студенттердің Будапештте өткен II Халықаралық фестивалінің лауреаты атандым. «Ах, Самара-городокты» айтып, бас бәйгені алып қайтқан бетім болатын. КСРО елінің атағын асырған сәтім ғой.
Орамалым батар-батпас,
Қалқып қана ағады.
Сүйген жарым сүйер-сүймес,
Уақыт өтіп барады.
Ах, Самара, жас қала,
Барамын сөнгелі.
– Иә, Будапешт аспанында сіздің даусыңыз бүкіл ғаламды шарлап, аспанда қалықтады, бас бәйгені жеңіп алдыңыз. «Қазақ деген кім?» деп кәрі Еуропа көрермені кеңестің картасына қарайлай берді. Сахнада сирек орындалатын ойнақы, байырғы халық әнін қазақ әншісінің орындауында миллондар ықыласпен қабылдады. Сіз бір естелігіңізде: «Әнді орыстың зиялылары аса жоғары бағалады. Әсіресе мемлекет басшылары, әскери қолбасшылар», – депсіз. Құжаттарда Сізге табынушылар қатарында Бас хатшы Хрущевтің аты жиі айтылған. Тек қана әніңізге ғана емес шығар?
– Иә, айтқаным рас. Бірде Хрущев Қазақстанға келгенде қонақжай дастарқан тарқағанда бәрі мені біріншінің қасында қалдырып кетті. Бас хатшы оқыстау қимылмен қолымнан ұстағысы келді. Қолын қағып жібергенде құлап қала жаздады. Өзім де байқамай қалдым. КГБ-ның жігіттері сау ете қалды. Үлкен ағалар да ренжіді: «Сол шалға қолыңды ұстатқанда ештеңе болмайтын еді», –деп. «Ол Қазақстанға қырын қарайтын болады», – деді Димекең. Димаш аға өте текті адам ғой, ренішін жай ғана байыппен жеткізді. Иә, әскери атақты қолбасшыларды майдан даласында көрдім. Маршалдар – Жуков, Малиновский... Бәрі де әніме, үстімдегі қазақтың қынама бел жарасымды ұлттық киіміне қызықты, «дала қызғалдағына ғашық болдық» деді әскер басшылары. Айтылды, өтті, кетті. Ғашық болды дегенді қай мағынада түсінуге болады? Ер болсын, әйел болсын әдемі нәрсеге көз салады, ән тыңдайды. Бұл заңдылық деп білем.
– Сізден қамқорлық көрген, шапағаты тиген адамдар аз болмапты, сізге қол ұшын бергендер болды ма? Өнерді сүюге кім үйретті?
– Жалпы, менің өмірімде ерекше із қалдырған адамның бірі – әжем. Жан-жақты талантты адам еді. Тамаша дауысы бар әнші болатын. Поэзияны, әсіресе, қазақ эпосын ерекше жақсы білетін. Он саусағынан өнері тамған ісмер еді. Сыр бойының дүлдүл ақындарының жырларын жатқа айтатын. Дәл біздің елдегідей сөз шеберлерін кездестіре алмадым. Менің әнге деген ықыласымды марқұм әжем ерте байқапты. Ол кісі халық әндерін де жақсы айтушы еді. Қандай әнді болсын бір рет айтса, мен қағып алып, өзіне айтып берсем, ерекше қуанып қалатын. «Менің қызым әнші болады» деп мақтап, қанаттандырып қоятын. Анам Ақкүріш те тамылжыта ән салатын қабілетті жан еді.
Мектеп ауылдан шалғай болатын. Ол кезде қыс аязды, бет қаратпайтын боранда анам мені көрпеге орап, аяғыма байпақ кигізіп, басыма шарқат байлайтын. Бірде жаяу, бірде шанамен мектепке барамыз, киер киім, ішер ас болса да жоқ. Күнде бір адам өліпті дегенді естиміз. Бала болсам да аштан өлген адамдарды көзіммен көрдім.
Мектеп бітірген соң 1939 жылы Қызылорда педагогика институтына түстім. Бірақ кенеттен әкем қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға орай сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауыстым. Институт жатақхана мен ішер асыңды беріп, болашақ тоқымашы қыздарға қамқорлық жасайды екен. Менің балалық, бойжеткен, жастық шағым ашаршылық пен аласапыран жылдары болатын. Тағдыр айдап, ағайындарды паналап, күнкөріс қамымен туған елден жыраққа – Ташкентке солай кеткенмін...
Әдетте үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Өмірде күліп жүрген, ән салып жүрген қандай жақсы. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?»деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті. Сол ансамбльмен Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатыстым. Мен өзбек халқының қамқорлығын көп көрдім. Өзбекстаннан Қазақстанға келуіме тікелей себепші болған – ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев. Москвада Жоғары партия мектебінде оқып жүрген ол Өзбекстан атынан ән салып жүрген қазақ қызы бар деп естіп, арнайы іздеп келді. «Перизаттай қыз екенсің, қарағым! Өзбекстанда не бітіріп жүрсің?» – деді өктем дауыспен. Қандай келбетті жігіт еді. Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келдім. Маған әкемдей қамқоршы болған біртуар азаматтың жақсылығын қалай ұмытайын? Будапештте өткен ән жарысына мені мәпелеп қосқан да Жұбан аға болатын. Қалқам, мен жұрт ойлағандай Роза болып, қолымды жылы суға малып, әдемі көйлекпен сахнада тұра қалған жоқпын. Өзім туралы небір жағымсыз сөздер де естідім.
– Сізді қажытқан қандай өсек?
– 1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, майдан даласында бетімді снарядтың жарықшағы жанып өтіп, көзіме зақым келді. 1979 жылы екі көзім бірдей көрмей қалды. Сол жылы жоспарлы Павлодар қаласындағы концертімнен де қалмадым. Сахнаға жетектеп шыққан адамдар куә. Алдымен Жаратқанның, содан соң дәрігерлердің құдыретімен жанарымды сақтап қалды. Көпшілікке топырақ шаша алмайсың, «көзін әдемілеймін деп пластикалық операция жасатып, соқыр бола жаздапты» деп жұрт гуілдеп жүр ғой.
– Үнемі халықтың құрметіне бөленіп жүресіз. Кейде осындай шақта айналыңыздағы адамдардың мұң-мұқтажын, сізге деген қарапайым жандардың ықыласын байқамай қалатын секілдісіз. Әлде мен қателескен шығармын. Қалай ойлайсыз?
– Пендемін ғой, мүмкін, солай болуы...
– Киіктің үйірілген лағындай,
Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!
Таулардан, өзендерден, мұхиттардан
Үнінің кідірместен асуын-ай!..
Сізге арналған жыр жолдары. Авторы есіңізде болар?
– Сен менен емтихан алдың ғой. Есіме түсіре алмай отырмын...
– Жазушы Сәбит Мұқановтың осы жыр жолдарын сол кездегі шыққан газет беттерінен алдым. Сондай-ақ алуан ұлт өкілдері, ақындар мен композиторлары шығармаларын сізге арнапты. Солардың бірі 1950 жылы «Огонек» журналының желтоқсан айындағы санында орыстың атақты композиторы Василий Павлович Соловьёв-Седой сізге арнаған әні туралы естелік жариялаған. Қай ән еді?
– Иә, маған арналған ән-жырлар баршылық. Соловьёв-Седой ән арнағаны рас. Бірде Москвада кезекті ән сапарында «Ах, Самара-городокты», «Самовары-самопалы», «Темная ночь» әндерін Борис Бэрнестен бұрын орындап шықтым. Соловьёв-Седой маған арнайы келіп, бетімнен сүйіп: «Ты, черноглазая, я обязательно для тебя песню сочиню. Ты прекрасная...» –деді. Көп ұзамай «Тальяночка» әнін жазды. Сол күні қасындағы келбетті, жауырыны қақпақтай жас жігітті Андрей Фатьянов деген ақын деп таныстырды. Ақын Андрей де маған ықылас таныты. Әнін Соловьёв-Седойдың өзі жазды, сөзі Фатьяновтыкі.
Иә,...Играй, играй, рассказывай,
Тальяночка, сама
О том, как черноглазая
Свела с ума...
– Адамдардың бойындағы ең асыл, ең ардақты сезім - махаббат сезімі. Махаббат, ғашықтық деген не? Өмірде құлай ғашық болған кездеріңізді еске алсаңыз. Сіздің жүрегіңіз де бір азамат деп соққан шығар?
– Қарап отырмай қай-қайдағыны қозғадық-ау! Әрине, менде де жүрек бар, сезім бар, әйел емеспін бе?! Өнер адамы ғашық болмай жүре ме?! Әлі де ғашықпын (күліп алды). Бірақ сезімнен күшті ұят, ар, намыс деген құдірет бар. Одан аттасаң абыройдан айырыласың. Халық өзі қаласа төрге шығарады, қаламаса төрдегі басыңды табалдырыққа тебеді, лақтырады.
– Сіз Гүлфайруз Мансұрқызының өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шықанына көңіліңіз толмайтын секілді. Қазақ зиялыларының басым бөлігі «импортный» шешелерімізбен өсіп өніп отыр емес пе?
– Ол рас. Өкінішке орай, ол аналарымыздан туған балалардың қазақ болғанын көрмедім. Қазақ қызы ұяң, ибалы, сезімін жарқылдатпайды. Басқа да себептері бар шығар...
– Сіз қаласаңыз өзге ұлттың бір алыбына шығар едіңіз. Солай емес па?
– Мен бірақ қазақтың еркесі болар ма едім?...
– Роза Тәжібайқызы, атақ-даңққа, дүниеге, құрметке, ақшаға зәру емессіз. Сізге аса қымбаты не? Әлде кім?
– Менің ең қымбатым - жалғыз ұлым Тәженім. Мен халқымның арқасында ештеңеге зәру емеспін. Қазақ деген халықтың еркесімін.Тағдырыма, еліме ризамын.
– Келініңізді көз алдыңызға елестеткен де боларсыз?
– Тәженім текті, келісті жігіт. Ұяңдау. Қазақтың бір ажарлы, ақылды аруы жар болса, келінім мейірімді, сабырлы, текті болса деп тілеймін.
Р.S. Апа армандағандай келіні Марал қазақтың ибалы текті қызы екен. Бұл күнде Марал енесінің жоқтаушысы, іздеушісі. «Бiздi «Ақтәженiм», «Бозторғайым», деп асты-үстiмiзге түсетiн»,- дейді. Атақты әнші немерелері Тәжібай мен Маржанды «Алтынсақам», «Ақмаржаным» деп еркелетіп, олардың тілегін тілеумен өмірден озыпты.

Ұлдай Ибайдуллаева,
тележурналист
Алматы-Мәскеу-Қазалы. Қазан
1991 жыл. Желтоқсан айы

01 қазан 2022 ж. 451 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031