Алты алаштың бұлбұлы
Биыл күміс көмей әнші, қазақтың ғана емес алты Алаштың бұлбұлы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы, Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын иеленген Роза Тәжібайқызы Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр.
Р.Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қазалы ауданында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Розаның әкесі Тәжібай Жанқожа батырдың туын көтерген Текенің ұлы.
Әнші Роза Қазалыда №67, қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепте оқып, білім алған. Мектеп бітірген соң 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына түседі, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады. Әншінің бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдарға дөп келеді. Ташкентте жүргенде оның ерекше дауысы бірден көзге түседі.”Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салады екен. Бір күні есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры “Ән айтқан кім?” деп іздеп келеді. Розаның әншілік өмір жолының бағын ашқан Кари Якупов болатын. Содан Каридің көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамбліне әнші болып ауысады. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алады. Алайда соғыс басталып кетеді. Сол ансамбльмен бірге Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі Жеңіс концертіне қатысады. Бірақ ол барлық концертте Өзбекстан атынан шығып жүреді. Бір күні Өзбекстандағы керемет әнші қазақ қызы туралы Жұбан Молдағалиев естиді.Роза Бағланованың Отанына оралуына тікелей себепші болған осы кісі. Ол кезде Жұбан Молдағалиев Москвада Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген. Қазақ ақынының қолдауымен 1949 жылы Роза Бағланова елге оралады. Одан кейін де әкесіндей боп, қызға қамқорлық танытып отырған. Будапештте өткен ән жарысына да Розаны ілестіруге Жұбан Молдағалиев тікелей атсалысады.
1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, майдан даласында бетін снарядтың жарықшағы жанап өтіп, көзіне зақым келеді.
1979 жылы екі көзі бірдей көрмей қалған. Сол жылы жоспарлы Павлодар қаласындағы концертін өткізіп, ота жасатады.
Роза Бағланова 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің ІІ-конкурсының дипломанты,
1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ-Бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Осында КСРО елінің атағын асырып, “Ах, Самара-городок” әнін айтып, Роза Бағланова бас бәйгені қанжығалайды. Осы сапардан оралғанда ол өзін Сталин шақыртып жатқанын естиді. Жалпы, ол кісінің қабылдауында әнші үш рет болыпты. Өзінің бір сұқбатында Роза апамыз Сталин туралы былай деген екен: Үш ретінде де сол бір кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйінде үш ретте де байлық, барлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау болатын. Ол кісі мені ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айтты. “Қыз балаға қос бұрым жарасады, сондай ажарлы көрінеді” депті. Сталин қазақтың сән-салтанатын паш еткен үстімдегі ұлттық киімнен көз алмай қарады. Мен темірдей қатал, жарты әлемді аузына қаратқан құдіретті адамның көзінен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы сағынышын байқадым”, – деп еске алыпты.
Роза Бағланова шетелді көп аралаған КСРО әншісі. Мұндай мүмкіндік ол кезде көп әншінің бағына бұйыра бермейтін. Ол АҚШ, бүкіл Еуропаны аралап, концерт берген.
1957 жылы гастрольдік сапармен Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канада сынды елдерде болған. Тіпті Елизавета патшайымның алдында ән шырқаған. Сталиннің жеке қабылдауында үш рет концерт берген. Сахнадағы сұлу қыз ерекше дауысы мен үстіндегі ұлттық киімімен елдің жүрегін баураған. Иә, ол өз таңдауымен киім тіктіртіп киген, онда да қазақтың ұлттық киімін.
Оның орындауындағы «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок», әндері ел арасында ерекше танымал болды. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, қазіргі композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгр, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты.
Роза Бағланова әлемге қазақтың әнін ғана емес, болмысын да танытты. Роза апамыз өзінің бір сұхбатында: «Мен қайда жүрсем де, қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім. Америка сахнасында 1957 жылы ән айттым. Кеңестер елінен келген әншілердің құрметіне дастархан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп барғанымда мені көре салып, 100 шақты музыкант «Ах,Самара, городокты» құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып, әнді орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы айрықша ілтипат көрсетті» деген еді.
Ал Елизавета патшайым гастрольдеп барған орыс қыздарын көзге ілмей, бірден тікесінен Розаның қасына келіп “Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады”, - депті.
Роза Бағланова 1947–1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949–1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды.
1960 жылдан бастап “Қазақконцерттің” әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті. Әнші үстіндегі киімдерін Орталық Комитеттің тапсырмасымен арнаулы шеберлерге тіктірген. Бірақ түсін, үлгісін Роза Бағланованың өзі таңдап отырған.
Марапаттары: 1955 жылы ҚазКСР – інің, 1967 жылы КСРО халық әртісі, 1996 жылы Халық Қаһарманы, Тарлан сыйлығының иегері атақтарымен марапатталған. Қазақ әншілік мектебінің белгілі өкілдерінің бірі. Қызылорда педагогикалық институтында оқығаннан кейін, 1941 жылы Ташкент филармониясының ән-би ансамблінің әншісі болды.
1947–1949 жылдары ол Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, 1949–1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды.
1960 жылдан бастап «Қазақ концерттің» әнші – солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет, білім беру және әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қорының президенттік стипендиясын табыс еткен мәдениет қайраткерлерінің тізімінде Роза Бағланованың да есімі бар.
1996 жылы “Алтын сақа” деп аталатын қайырымдылық қоры құрылып, Қор жетім балаларға, мүгедектерге, қайырымдылық көрсетумен айналысады. Қорды ұлы Тәжен мен келіні – Маралбасқарып ұйымдастырады. Ұлы Тәженнен 4 немересі бар. Оларда өнерде алыс емес көрінеді.
Ұлы Отан соғысының отты жылдары кеңес жауынгерлерінің бойына күш – жігер бере отырып оқ пен оттың астында жүріп те ән шырқаған мұндай адам жоқ деуге болады.Розаға арнап сазгерлер – Ә.Есебаев, Б.Байқадамов, Ш.Қалдаяқов, Б. Жамақаев, Н.Тілендиев ән жазған.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміскөмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды. Алайда Роза апамыз дүниеден өтсе де артында халқы мақтан тұтар үлкен өнері мен мұрасы қалды.
Роза Тәжібайқызының Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1967 жылдан бері Роза Тәжібайқызының жеке тектік қорын сақтап келеді. Ғылыми-техникалық өңдеу нәтижесінде мемлекеттік тіркеу нөмірі беріліп, 406 сақтау бірлігі қалыптастырылған. Жеке тектік құжаттары 1941-2011 жылдар аралығын қамтиды. Құжаттарының құрамы қолжазбалары, мақалалары, сұхбаттары, хаттары, фотолары, грамоталары, өмірбаяндық және қызметтік құжаттардан тұрады. Құжаттары тізімдемеде хронологиялық тәртіппен топтастырылған. Құжаттарының физикалық жағдайы қанағаттанарлық - деп архив қызметкерлері дайындаған материалдарында жазған.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында Розаның 50-ден астам құжаттары мен фотолары және сахналық киімдері сақталған.
Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының қорында фотолары мен сахналық киімдері сақталып, қазіргі таңда музейде «Алты алаштың бұлбұлы» атты музейлік жобасы ұйымдастырылып, жоба аясында «Өнер бағының бұлбұлы» атты көрме дайындалып, келушілердің назарына ұсынылуда. Әншінің құрметіне туған жерінде орталық көшеге және мәдениет орталығына есімі берілді.
2015 жылы 30 мамырда Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш-бюсті ашылды. Мүсіннің авторы – Қазақстан Республикасының халық мүсіншісі, өнер қайраткері Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев.
Аты аңызға айналған әнші Роза Тәжібайқызының құнды мұрасын тарих беттерінен жоғалтпай, көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа насихаттау баршамыздың міндетіміз.
Жанат ТІЛЕУҚАБЫЛОВА,
аудандық тарихи өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері