Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Білім бәсекесіндегі бақ пен бап

Білім бәсекесіндегі бақ пен бап

Қазалы ауданы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысының көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2012 жылы ҰБТ қорытысында орташа балл 59,7 пайыз болды. Ал, өткен жылдың нәтижесімен орташа балл 85,4 болып, аудан облыс бойынша көш бастады.
Былтыр ҰБТ-ға қатысқан 458 оқушының 72 пайызы жоғарғы оқу орындарына оқуға түсті. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы жылдары мектеп бітірушілеріміз Ресейдің және еліміздің жоғарғы оқу орындары мен колледждерінде оқып жатыр. Әр шәкірттің он бір жыл бойы жинаған білімі мен ұстаздардың біліктілігі сынға түсетін сындарлы сәтке дайындық барысы қалай? Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалиевтен сұраған едік.
– Бектұр Асанханұлы, жалпы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындық барысы қалай?
– Дайындық жан-жақты жүргізілуде. Әр шәкірттің білім бәсекесінде бағы мен бабы қатар жансын деймін. Аудан бойынша 2017-2018 оқу жылында 799 оқушы бітіргелі отыр. Әзірге оның 584-і яғни, 73 пайызы ҰБТ-ға қатысуға тілек білдірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Дегенмен, тестілеуге қатысу пайызы оқу жылы басынан бері ай сайын төмендеп келеді. Мысалы, қыркүйек айында қатысу пайызы 87,6-ны құраса, бүгінгі көрсеткіш одан 14,6 пайызға азайған.
Облыстық білім басқармасының соңғы ақпаратына сүйенсек, Қазалы ауданы қатысу пайызы бойынша басқа аудандармен салыстырғанда 5-ші орында. Бірақ, оқушы саны бізден артық Арал, Жаңақорған, Шиелі аудандарында бұл жөніндегі көрсеткіш 10 пайызға төмен болып отыр.
Барлық мектептерде бітіруші түлектерге, олардың ата-аналарына, пән мұғалімдеріне «Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулық» ережелері түсіндірілді. Арал ауданында орналасқан «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығында 2017 жылдың қазан, қараша айларында 171 оқушымен дайындық жұмыстары жүргізілді.
Алдағы уақытта 200 оқушы дайындық жұмыстарын жүргізетін болады. Оның ішінде, “Алтын белгі” мен “Үздік куәлікке” үміткер 70 оқушыны жоғары оқу орны оқытушылары дайындайды. Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын оқушыларды тасымалдауға 700 000 теңге, тамақтандыруға және жатын орнына 1 млн 300 мың теңге аудандық бюджеттен барлығы 2 000 000 теңге қаражат бөлінді.
Кенттен қашықтығы 50 шақырымнан аспайтын 10 мектептен келетін 125 талапкер тестілеу өтетін күні тасымалданады және оларға екі мезгіл, яғни таңертең және түсте тамақ беріледі. Ал кенттен қашықтығы 50 шақырымнан артық болатын 14 мектептен келетін 133 талапкер тестілеуден бір күн бұрын орталыққа жеткізіледі, олар 4 мезгіл тамақпен қамтылды. Тестілеуден бір күн бұрын келген оқушылар мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жеңімпазы болған демалыс орталығына орналасады және барлық талапкерлерді тамақтандыру орталықта жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Талапкерлерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарына орталық емхана дәрігерлері тартылады.
Сонымен қатар, 650 оқушыдан 4 реттен тегін сынама тест алу үшін 2600 дана 2018 жылғы тест кітапшаларын сатып алуға аудандық бюджеттен 912 600 теңге қаржы бөлінді.
– Сынақ өткізілетін аудиториялардың жағдайы жайында айтсаңыз?
– Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге №249 мектеп-лицейдің Г блогының І, ІІ, ІІІ қабатынан 12 аудитория, Д блогының І қабатынан 2 аудитория дайындалып, барлығы 14 аудитория деректер қорына енгізіледі. Аудиториялар парта, орындықтармен жабдықталған, әр қабатта ер балалар, қыз балалар үшін әжетхана орналасқан. Мектеп ғимараты өрт дабыл қондырғысымен жабдықталған, аудиторияларға желдеткіштер орналастырылды. Тестілеу өткізуге дейін мектеп коридорлары мен тест өтетін кабинеттерде жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізіледі, өрт сөндіру мекемесінің ережесі бойынша өрт сөндіргіш құралдар қойылады. Барлық аудиториялар 18 дана бейнебақылау камераларымен, тестілеуді өткізу пункті 1 рамалы металл іздегіш құрылғысымен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына орай Ұлттық бірыңғай тестілеудің өтілу барысын онлайн режимінде интернет желісі арқылы көрсету үшін аудандық бюджеттен 14 аудиторияны бейнекамера және модем құрылғыларымен жабдықтауға, 2 қол металл іздегішін алуға 1 млн 292 мың теңге қаржы бөлінді. Аталған жабдықтарды алуға мемлекеттік сатып алу конкурсы наурыз айында өткізіледі, тиісті жеңімпаз анықталған соң құралдар мамыр айына дейін орнатылады.
– Биыл “Алтын белгі” және “Үздік аттестатқа” үміткерлер саны қанша?
– 2017-2018 оқу жылы басында “Алтын белгіге” 18 мектептен 82, ал “Үздік аттестатқа” 15 мектептен 35 үміткер болған. Бүгінгі күнге 16 мектептен 53 үміткер «Алтын белгі» белгісіне, 13 мектептен 27 үміткер «Үздік аттестатқа», барлығы 80 оқушы үміткерлікке ұсынылып отыр. Былтырғы оқу жылында 57 “Алтын белгі”, 7 “Үздік аттестат” иегері болған.
– Мектеп бітіруші түлектерге қандай жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өкілдері ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізді?
– Мектеп бітірушілерге, оның ішінде ҰБТ-ға бармайтын, мектепте мемлекеттік емтихан тапсыратын бітірушілерге жоғары оқу орындары мен колледж өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының, «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылық колледжінің, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушылары келіп, мектептерде бітірушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, наурыз айында Ресей Федерациясының Мәскеу ұлттық технологиялық университетінің ұйымдастыруымен өтетін байқау сынақтарына ауданның 3 оқушысы; Алматы қаласында орналасқан Қазақстан инжинерлік технологиялық университеті ұйымдастырған «Зерде КазИТУ» олимпиадасының қорытынды кезеңіне 6 оқушы қатысатын болды.
Аудандағы барлық колледжде ағымдағы жылдың ақпан және мамыр аралығында өңірлік және ұлттық Worldskills Kazakhstan ұлттық чемпионаттарының өткізілуіне байланысты халық арасында техникалық және кәсіптік білімді кеңінен насихаттау және колледжге түсетін талапкерлер арасында кәсіби бағдар жұмыстарын күшейту мақсатында мектеп оқушылары үшін «Болашақ кәсіпқойлар» шарасы өткізілуде.
– Ай сайынғы сынама тест қорытындылары көңіл көншіте ме?
– Ай сайын алынған сынама тест қорытындысы бойынша орташа балл тұрақты түрде өсіп отыр. Мәселен, қыркүйек айында алынған байқау сынағының қорытындысымен бітіруші 797 оқушыдан 698 оқушы (87,6%) ҰБТ тапсыруға тілек білдіріп, аудан бойынша орташа балл 63,9 балды құраса, наурыз айында мектептерден алынған байқау сынағының қорытындысымен бітіруші 799 оқушыдан 584 оқушы (73%) ҰБТ тапсыруға тілек білдіріп, аудан бойынша орташа балл 94 балға жетті.
Дегенмен, жекелеген мектептер ай сайынғы алынған сынама тест қорытындылары бойынша тұрақты түрде төмен нәтиже көрсетіп, соңғы ондықтан шыға алмауда. Атап айтқанда, №216, 170, 266, 92, 16, 234, 24, 103, 182, 134, 78, 190 мектептердің сынама тестілеу қорытындылары төмен болып отыр.
– Шәкірттердің Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткішін жоғарылату үшін қандай шаралар жасалуда?
– Білім бөлімінің әдістемелік кабинетімен ҰБТ қорытындысы бойынша білім сапасы төмен көрсеткіш көрсеткен мектептермен жүргізілетін жұмыстардың іс-шара жоспары жасалынып, бекітілді. Фейсбук әлеуметтік желісінде «әдістемелік сабақтар топтамасы» парақшасы ашылды. Қазіргі уақытта парақшаға пәндер бойынша аудандағы тәжірибелі мұғалімдердің үздік бейне сабақтары жинақталып, мектептердің сұраныстары бойынша ағылшын тілі, физика, химия, математика, қазақ тілі пәндері бойынша 18 сабақ жарияланды. Сонымен қатар барлық 22 бейнесабақ мектептерге компакт-дискімен таратылды. Парақшадағы топтамада жарияланған сабақтарға күніне 50-80 қарау жа¬салынып, оң бағытта пікірлер қалдырылған. Іс-шара жоспарына сәйкес №182, 92, 100, 88 мектеп оқушыларына химия, биология, математика, география пәндерінен тәжірибелі мамандар жіберіліп, оқушыларды дайындау жұмыстарына көмек көрсетілуде.
«Болашақ» бағдарламасы аясында Жапонияның Осака каласында білімін жетілдіріп келген №234 мектептің физика пәнінің мұғалімі Іскендір Абзал және басқа да жоғары санатты математика пәні мұғалімдерімен аудандық семинар өткізіліп, «ҰБТ-да қиындық тудыратын есептерді шығарудың тиімді тәсілдері» тақырыбында физикадан 15 мұғалім, математикадан 18 мұғалім қатысып, талқыланды.
Аудан психологтары тарапынан барлық білім беру ұйымдарында қаңтар айынан бастап мектеп бітіруші түлектермен айына 1 рет «Оқушыларды ҰБТ-ға психологиялық сүйемелдеудің ерекшеліктері», «ҰБТ қарсаңында психикалық жүйке қысымынан босаңсыту жолдары», «ҰБТ-ға психологиялық дайындауда тұлғаның өзіне деген сенімділігін арттыру» т.б. тақырыптарында шеберлік сыныптар, тренингтер өткізілуде.
– Тестілеу нәтижесінің төмен болуының себебі неде?
– Мектеп басшылары мен әдістемелік бірлестіктердің өткен жылдардағы ҰБТ қорытындыларына, сынама тестілеу нәтижелеріне жүргізетін жүйелі талдау іс-әрекетінің жеткіліксіздігі. Жоғарыда аталған өзекті мәселелер мен кемшіліктер мектеп директорының кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты. Себебі, мұғалім ретінде жетістігі бар, санаты жоғары, оқу-тәрбие процесін жан-жақты талдауды жүзеге асыра алатын директорсыз сапалы мектепішілік бақылау болмақ емес. Оқушылардың ҰБТ-ға әзірлік барысында тиісті білім беру мазмұнын игерудің орнына шпаргалкаларды, ұялы телефондарды пайдалануға мән беруі. Сол себепті, көптеген оқушыларда телефон, шпаргалка арқылы оңай өтеміз деген ойдың қалыптасуы. Тест кітапшаларында қойылған сұрақтарға көптеген мектеп бітірушілердің төмен жауап беруі, олардың жан-жақты іздену арқылы дайындалмайтындығын, оқушылардың теориялық біліміне мән берілмейтінін, тек тестілеу өткізу пункттерінде сынама тестілеуде келетін сұрақтармен ғана дайындық жүргізгендігін және сол сынамаға сәйкес берілген кітапшалардағы сұрақтарды жаттаумен шектелетіндігін көрсетіп отыр.
– 2017-2018 оқу жылында ҰБТ-ге дайындықты ұйымдастыру және өткізу бойынша нендей шаралар атқарылды?
– Біріншіден, әр мектепте барлық мұғалімді, ата-ана өкілдерін қатыстыра отырып, білім бөлімінің жылжымалы алқа мәжілістерін өткізу, бөлім тарапынан дайындық барысын үнемі бақылауда ұстау; ҰБТ бойынша пән мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуын күшейту; Оқушылардың білімін көтеру мақсатында төмен көрсеткіштегі мектептерге тәжірибелі ұстаздарды іссапарға жіберіп, сол мектептердің ұстаздарына әдістемелік көмектер көрсету; ҰБТ бойынша жыл сайын жоғары нәтиже беретін жоғары санатты, тәжірибелі ұстаздардың үлгілі сабақтарының медиатекасын жасақтап, мектептерге тарату; «Қамбаш» олимпиадаға дайындау орталығында наурыз, сәуір айларында 200 оқушыға дайындық жұмыстарын жүргізу; Көктемгі каникул кезінде оқушыларды аудан орталығына жинақтап, тәжірибелі ұстаздардың сабақ беруін ұйымдастыру; Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті оқытушыларымен дәріс ұйымдастыру мүмкіндігін қарауға айрықша мән беріледі.
Сұхбатыңызға рахмет, білім бәсекесінде мәртебелеріңіз биік болсын!
Сұхбаттасқан:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
03 сәуір 2018 ж. 2 272 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930