Экспериментшіл режиссура адасып жүр
Өнер әлеміне бойындағы тазалық, іңкәрілік, жан-жақты ізденісімен келіп, табиғи талантын талабына ұштастырған Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері, Мәдениет саласының үздігі, актер Сырым Әбдразақты көпшілік таниды. Сомдаған кейіпкерімен көрерменнің эстетикалық талғамын артытруға атсалысқан дарынды жерлесімізбен жақында жүздесудің сәті туды.
– Уақыт жоқта уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алдын-ала рахмет айтамыз. Алғашқы сұрағымыз, театры жоқ топырақта түлеген жасты сырлы сахна қандай ерекшеліктерімен құмар етті?
– Басқалар сияқты «бала кезімнен өнер адамы болуды армандадым» десем жалған болары анық. Бірақ әнге жақындығымды мектеп жасынан байқадым. Өзім білім алған тәрбие орындарының іс-шараларына белсене қатысып, домбыраға қосып ән салатынмын.
Бір жолы үйге қонаққа келген әкемнің үлкен апасы менің ән айтқанымды көріп, санама төңкеріс туғызып кетті. Ол кісі Алматы қаласындағы үлкен өнер ордасының бірінде қызмет істейтін. Сол күннен бастап театрға деген қызығушылығым оянды. Алғаш ҚР халық әртісі Маман Байсеркеновтың курсына бағымды сынап көріп едім, өкінішке орай, түсе алмадым. Алайда алған бағытымнан таймай, тағы да шығармашылық емтихан тапсырып, 2000 жылы Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне қабылдандым. 2004 жылы бітіріп шығып, жолдамамен сол жердегі театрға жұмысқа орналасып, еңбек жолымды бастадым.
– Қазақстанның халық әртісі Т.Жаманқұлов: «Театр – ойын емес, өмір» дейді. Актер болу үшін Абай айтқан талаптыда көкірек көзі болуы шарт па, әлде уақыт өте қалыптасатын шеберлік жеткілікті ме?
– Екеуі де қажет. Қазір кім бір-екі рет ән орындайды, әзіл айтады, асабалық етеді, концерт жүргізеді, ел соларды әртіс дейді. Хакім Абайдың: «Көп айдаса – көнді, Жұрт айдаса – болды, Әдеті надан адамның» дейтініндей, кейде соған намыстанамын. Кімнің актер, кімнің вахтер екенін ажырата алмай жүрген жандар қаншама. Бірден талант иесі болу мүмкін емес. Өйткені талантты ұстау үшін де тынымсыз ізденіс, даму қажет. Бұл жолда ұстаздың да үлесі зор. Ал одан алған тәлімін толықтырып, жұмыс істесе, маман актерлікке бейімделеді.
– Ұстаз деп айтып қалдыңыз, театр өнерінің біртуар тарланы, сахна саңлағы Райымбек Сейтметовтің соңында үлкен бір буын қалды. Әрбірі жас театрларды жандандырып, өнер өрісін кеңейтті. Солардың бірі өзіңізсіз. Ұстазыңыздың аз уақытта үлкен жетістікке жетуінің сыры неде еді?
– Арда азамат, біртуар талант, сахнаға деген тазалығынан таймаған, киелі өнердің көшін көрікті еткен Райымбек Ноғайбайұлы ұстазым туралы пікірді бір сұхбатқа сыйдыру мүмкін емес. Алла маған сондай абзал жүректің тәрбиесін алу бақытын нәсіп етті. Самарқау санамды оятып, өнерге деген құштарлығымды ұштаған ол кісі әкемнен артық жанашырлық етті десем артық айтқаным емес. «Шөлде бақ өсірген» деп көпшілік теңеу айтатын тұлға кемелді жасына жеткенде туған жеріне оралып, сол мекеннен театр, өнер факультетін ашып, сан талантты самғатты. Өзі сомдаған рөлдері қандай, режиссурадағы іздері әлі сайрап жатыр. «Жақсының аты өлмейді» деген халық нақылы бар. Ол кісінің аты өзі баулыған шәкірттері барда әлі талай ұрпақты киелі өнер көгіне көтерері анық. Ұстазымыз өте талапшыл болатын. Жалғандыққа жаны қас еді. Сахнаға жауапсыздықты мүлде кешірмейтін. Бір сөзбен айтқанда өнерді санасына сіңіріп, бойына дарытқан адам. Тазалық пен тектілік қашан да өз көрінісін бермей қоймайтын қасиет.
– «Көктүріктер», “Асауға тұсаудан” басталған әрбір қойылымдағы кесек-кесек рөлдеріңіз бір-біріне ұқсамайтын сан алуан типтен тұрады. Л.Толстойдың: “Анна Каренина өзім” дейтініндей, Сізді жұрт абыз Қорқыт, А.Чеховтың “Күзгі раушан гүлдеріндегі” дядя Ваня бейнесінде қабылдаған. Осы образдардың сіздің өзіңізге ұқсастығы бар ма? Өмірде қандайсыз? Қай қасиеттеріңіз кемелденуіңізге көмектесті?
– Мен өнер жолында жүрген жолымды тек мамандық деп қабылдаймын. Өмір мен өнерді шатастырып, оны лайлайтындар бары жасырын емес. Қызметімді театр босағасында қалдырып, табалдырықтан қатардағы адам болып шығуды дағдыға айналдырғанмын. Басқа адамдар сияқты қоғамдық орында еркін жүремін, ер азамат атқаратын үй шаруасымен айналысамын, кейде тіпті зерігіп кетсем, көлігіме мініп алып, такси болатыным бар (күліп алып). Маған көпшілік орта қатты ұнайды. Ол жерден өзің іздегенді де, іздемегінді де табасың. Түрлі картина, түрлі образдар ортасы. Сомдаған әрбір рөлімді үлкен дайындықпен шығарамын. Олардың қатарында өзіме ұқсас кейіпкерлер жетерлік. Кейде өзімді ойнауға тура келіп жатады.
– Ауылдағы ағайын театрға бара алмайды. Олар актер Сырым Әбдіразақты кинодағы кейіпкерлері арқылы таниды. Осы жанрдағы жұмыстарыңызға тоқталсаңыз...
– Кино бағытында айтарлықтай ауыз толтырып айтар жұмыстарым жоқ. Тек 2012 жылы Н.Бекежанов атындағы театрға ауысып келгенімде, «Қазақфильмнен» режиссерлер келіп, Шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаев туралы деректі фильм түсіруге лайықты актер іздеп жүргендерінен хабардар етті. Басшылық оншақты жігітті ұсынған. Солардың арасынан мені таңдады. Қазалылық болуымның да септігі тисе керек. Одан кейін Қанат Әлжаппаров өтініш жасап, эпизоттық рөлге түсіп берген жайым бар. «Қазақфильмге» талай шақырды. Қазіргі түсіріліп жатқан «Қасымхан» фильмінің, одан басқа да 1-2 фильм кастингінен өттім. Алайда түрлі жағдайларға байланысты, ол жаққа барудан бас тартуға тура келді. Қазір де ұсыныстар жиі түседі. Алайда уақытымды кетірмеуді жөн деп санаймын.
– “Қазақ театры қызықсыз” деген пікірге өнертанушылар: “Бізде драматургия дамыған. Алайда оларға лайықты баға беретін сұңғыла сыншылар жоқ, – деп жатады. Тағы бір жағдай, өнер ошақтарына жергілікті билікке берген жаңа жүйе енді. Жалпы, бүгінгі көрерменді қызықтыруға салада қандай кедергі бар? Қандай жаңалық қажет деп ойлайсыз?
– Драматургия жоқ деуге болмайды. Жетерлік. Бірақ соны бұрып, эксперимент жасап жүрген режиссура адасып жүр. Олардың көбі жас режиссерлер. Айтайын дегенім, Қозы Көрпеште не мәнсіздік бар? Қаракөздің қателігі неде? Ақтотыны қалай айыптауға болады? Бұлар алтын қазына, қымбат құндылықтарымызды құрамай ма? Әрқайсысы ит тартқан тулақтай етсе, түбірімізден не қалады, өнеріміз қалай өрістейді? Кино саласы туралы сұрайсыз, бірлі-екеуінде бой көрсеткенім болмаса, оған аса ықыласты емеспін. Кино болсын, театр болсын, өнер саудасына түсіп, қаншама талантты жан жұтылып кетіп жатыр. Бұл мәселе ұлтты алаңдатуы тиіс.
– Бірнеше рет елдің бас театрларына шақырту алған екенсіз. Бас тартуыңызға не себеп болды? Алда қандай жоспарыңыз бар?
– Иә, басқа театрларға шақырғаны рас. Жастықпен алғашында баруға бекінгенім де бар. Уақыт өте келе көп нәрсені жан-жақты зерделеуге бейімделеді екенсің. Өзім таңдаған саладамын, өнерімді бағалайтын, тілеулес жұртым, күтетін көрерменім, ақыл айтар аға, ізетін көрсететін іні бар. Туған жерімде туымды тігіп, тірлігімді тіктесем, несі айып. Қазір ұсыныстарды қабылдамағаныма қуанамын. Алдағыны Алла біледі. Бүгінгі беталыс осы.
– Рахмет, аға, өнеріңіз өрістей берсін!
– «Қазалы» газетінің шығармашылық ұжымына да толағай табыс тілеймін!
Сұқбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА