Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚР мәдениет қайраткері, күйші-сазгер Орақ Баубеков: «Ахмет Жұбановтан бата алғанмын»

ҚР мәдениет қайраткері, күйші-сазгер Орақ Баубеков: «Ахмет Жұбановтан бата алғанмын»

– “Өнерді – өмірім” деп таныған дарын иесі ретінде сізді қазалылықтар құрметтейді. Осы сырлы да, киелі шығармашылыққа толы әлемге қалай келдіңіз?
– Аралдың көне Бөген деген жерде балалық шағым өтті. Бізбен көршілес жазушы, ақын, күйші-жырау, домбырашы Зейнолла Шүкіров тұрды. Алты жастан бастап осы ағамыздан домбыраны тарту өнерін үйрендім. Кейін Карл Маркс совхозына қоныс аудардық. Кетерде З.Шүкіров арнайы шақырып алды. Ол кітапты көп оқитын. Келсем, газет пен кітаптың ортасында отыр екен. Бетімнен сүйіп: “Айналайын, көшкелі тұрсыңдар саған бір шумақ өлеңімді арнадым. Жазып ал”, – деді.
Аралда бір мекен бар Бөген деген, Айналасын шағыл құммен шегендеген. Сол жерде келді бір қара бала дүниеге, Алты жастан бастап өнерді көгендеген” деп сөзін тоқтатты. Карл Маркс совхозында орта білімді толық алдым. Ауылға Роза Бағланова келді. Алпыс жасқа келген кезі болуы керек. Оның құрметіне мектепте екі-үш киізүй тігіп, домбыра ансамблімен бірге концерт бердік. Роза апамыз өнерімізге риза болғаны соншалық бәріміздің бетімізден сүйді. Мектептен соң Мәдениет үйіне ҚССР-нің мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер атағын алған Кеңес Асанбаев жұмысқа үйірме жетекшісі ретінде қабылдады. Махамбет Әуезов ұлттық аспаптар оркестрін басқаратын сол кезде мені де құрамына алды. Бұл жерде 2 жыл қызмет етіп, Алматыдағы консерваторияға жолдамамен бардым. Емтиханнан кеш қалып, бірнеше күн үлкен қалада сандалып жүрдім. Ауылға қайтуға намыс жібермеді. Сонымен ойлана келе, Ахмет Жұбановпен жолықтым. Ол болған жайтты мұқият тыңдап, күй тартуымды сұрады. Өнеріме риза болып оқуға қабылдануыма көмектесті. Ахмет Жұбанов менің оң қолымның жүйрік, ал сол қолым әлсіз екенін ескертіп, көп ізденіп машықтануымды тапсырды. Сонда ғана танымал күйші болатынымды айтты. Себебі Құрманғазының оң, ал Динаның сол қолы жүйрік болған. Сол үшін де дарыныңды оқумен ұштастыр деп тапсырды да, бірден ректорға хабарласып: “Аралдан келешегінен зор үміт күттіретін бала келген екен. Емтиханнан кешеуілдеп қалған. Қабылдауыңа барса, қызметкерлерің кіргізбепті. Сынақтан мен өткізіп отырмын. Менің емтиханымнан өтті. Оқу орнына қабылдасаң болады”, – деді.
Сөйтіп консерваторияда екі жыл оқып, барлық жарыстарға қатыстым. Бастапқы кезде тұратын жер болмай Ахмет Жұбановтың үйінде бір ай тұрдым. Осылайша керемет өнер иесінің жанында жүріп бата алғанмын. Кейін жанарым шаншып ауыра бастады. Бала кезде шалалықпен темір тиіп, зақымдап алғандықтан оның әсері екінші жағына ықпал етті. Көру қабілетім төмендей бастады. Жаны ашыған ұстаздарым ректорға ертіп барып, өнерімнің жалғасуына көздегі жарақат кедергі жасап тұрғанын жеткізді. Ол бірден мамандарға телефон шалды. Сол жайсаң жандардың арқасында жолдамамен Одессада көзімді емдеттім. Қазалыға келген соң Әбен Жолтаев теміржол клубының директоры кезінде оркестр ұйымдастырып, сонда қызметке тұрдым. Оркестрдің құрамында жүргенде үлкен концерт қойып, облыста жүлделі орынға ие болдық.
Әлі есімнен кетпейді 1974 жылы Әбен Жолтаев салтанатты түрде дирижерлық істі тапсырды. Содан бастап дирижер болып зейнетке шықтым. Кейін Қазалы оркестрі халықтық атаққа ие болды. Оған дейін облыстық, республикалық лауреат атандық.
– Сіздің күйшілік талантыңызды ашу жолында кімдер үлес қосты?
– Ең әуелі Зейнулла Шүкіровтың ықпалы зор. Кейін Карл Маркске көшіп келгеннен соң Әнуарбек Алпысбаев деген сынып жетекшім өнерімді шыңдауға әсер етті. Ол ән-әуез сабағының мұғалімі болған керемет адам еді. Бертін келе Нәби Жәлімбетов шығармашылығымды шыңдады.
Сонымен қатар оқу орнында жүргенімде алғашында саусақтарымның жіңішкелігіне байланысты қобыз аспабында машықтандым. Маған өнер жолында күйші-қобызшы, композитор Жаппас Қаламбаев көпті үйретті. Ол шебер орындаушы әрі дирижер, көп қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Әйгілі күйші композитор, дирижер, дәулескер домбырашы НұрғисаТілендиевтен де сабақ алдым. Оның ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет сынды мол мұрасының жанрлық аясы қайран қалдырады.
Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарғанҚаршыға Ахмедияровтан да дәріс алдым. Оның қазақ музыка мәдениетінде, орындаушылық саласында өзіндік ерекше мектеп қалыптастырған күйшілік өнері, көптеген тамаша күй шығарған композиторлығы, әлденеше күй жинағының авторлығы, халықаралық, республикалық сайыстардың жүлдегерлерін, бүгінде қалың жұртшылыққа танымал шәкірттер дайындаған ұлағатты ұстаздығы мені әлі күнге тәнті етеді. Міне, осындай атағы дүрілдеген мықты таланттардан алған ілімім маған өмір бойы шабыт беріп, күйшілік өнерімді тоқтатпадым.
– Өзіңіздің төл күйлеріңізді атап шықсаңыз. Оның тарихына тоқталып өтсеңіз...
– Мектеп бітіргеннен кейін оқуға барсам ба, консерваторияға түсе алам ба? деген ­сауалмен жүргенімде «Ойлану» күйін шығардым.
1961 жылы 4 маусым күні Байқоңыр қаласының мерекелік алаңында алғашқы ғарышкерлер Юрий Гагарин мен Герман Титовқа арналған әскери парад болды. Салтанатты түрде шерудің соңында ғарышкерлерге арналған мерекелік концерт өтті. Менің Төретамда тұратын нағашы ағам әскери капитан Әпсаттар ағай мені домбырамен сахнаға алып шықты. Орыстың халық музыкасы Коробейникийді орындадым. Оған қос ғарышкер мені аспанға үш рет көтеріп бетімнен сүйіп, гүл берді. Әпсаттар ағай жүгіріп келіп, ғарышкерлермен бірге естелікке суретке түстік. Ол кезде Арал ауданы Бөген орта мектебінде 6 сыныпты бітіріп, 7-ге көшкен кезім. Жырау кемпір атанған Балшым әжем мен каникулға шықан соң, Төретамға қыдырып барғанбыз.
Ғарышкер Герман Титовтың бойы ұзындау болатын. Салмақты, іріденелі, жай сөйлейді. Ал Юрий Гагариннің бойы орташа, денелі келген. Ақкөңіл, қарапайым, халыққа ағынан жарылып сөйлеп, көрермендерді қайта-қайта қол ұрғызды. Ғарышкерлердің бейнесі әлі көз алдымда. Содан «Байқоңырдан ғарышқа» деген Ю.Гагаринге арналған арнау шығардым.
1976 жылы қыркүйек айында Байқоңыр телевидениесінен Людмила Константина деген орыс қыз хабарласып, телеарнаға түсіруге ертіп барды. Онда ғарышкер Юрий Гагарин мен Герман Титовпен кездескенімді айттым. Домбырамен 4-5 музыка орындап бердім.
Кейін ел егемендігіне «Тәуелсіздік ұраны» күйін сыйға тарту еттім. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа арналған «Қаһарман жауынгер» деген күй шығардым. Сондай-ақ атам Баубек Мамбетовке «Қуғын-сүргін құрбаны» атты күйім шықты. Атам өте бай 150-дей жылқы, 60-70-тей түйе, 200 шақты сиыр баққан. Рақаш әкем 7 кластық біліммен ауыл советтің хатшысы, кейін кеңестің төрағасы болды.
Әндер жинағым да бар. 1973 жылы Грузияның Абастумание курортында Тбилиси филормониясының әншісі Налия Сулугадзе ханымға «Асыл арман» әнін арнадым. Сөзі ақын Балтабай Тәжімбетовтікі, кейін сөзін Насыр Байекеев жазды. Одан соң «Дүние саған не дейін?» әні жарық көрді. Сөзі айтыскер ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтікі.
Мұнымен қоса, «Жүрегім» сазын халыққа ұсындым. Сөзі ақын, жазушы Сейіл Боранбаевтікі, ҚР мәдениетінің үздігі, әнші Ғалия Оспанова орындаған. Бұдан бөлек тағы басқа да әндер жинағы мен күйлерім жетерлік.
– Қазір кенттік клубтың атаусыз тұрғанына біраз уақыт болды. Қазалыдан шыққан атақты адамдар баршылық. Мәселен, К.Дүйсекеев, Р.Бағланова, М.Ералиева сынды тұлғалар бар. Оған лайықты адамдар табылмағаны ма?
– Өнер – халықтың рухани азығы. Кезінде Сыр өңіріне мәлім есімдердің бірі, әнші Мәдина Айымбетова ол жайлы айтқанда толғанбай тұру мүмкін емес.
Ол қазіргі Жанқожа батыр атындағы мектепте оқыған. Мектепте жүргенде-ақ Роза Бағлановаға әннен сабақ берген Қобылаш Жаймұратовтан музыка сабағын үйренген. Кейін Роза апасының шақыртуымен 2 жыл жанында болып тәрбиесін алған. Роза Мәдинаны Қазақ концертке жұмысқа орналастырады. Әрдайым өзімен бірге Алматыда, Ташкентте және Бұқара, Самарқант, Нүкіс қалаларында өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленген. Дегенмен Мәдинаның әкесі дүниеден озып, ол ауылға оралады. Мұнда аудандық мәдениет үйінде әдіскер, әнші болып жұмыс істейді.
Жетпісінші жылдары теміржол клубының директоры Әбен Жолтаевтың оркестрімен Мұхан Төлебаевтың «Қайран жүрек» әнін шебер орындағаны үшін облыстық байқауда лауреат атағы берілді. «Құрдастар» ансамблінің құрамында жүріп, тыңдармандарға кеңінен танылды. Аудан басшысы Елеу Көшербаевтың ұсынысымен, Тереңөзек, Жалағаш және Сырдария ауданының басшыларының шақыруымен Мәдина өнерпаздармен концерт берді. Сол кезде Елеу аға Мәдинаның кездесу өнер кешін облыстық дәрежеде атап өтуді жоспарлағанда Мәдина дүниеден озып кетті. Өкінішті, тағдырға амал қанша? Сондықтан өнердегі еңбегін қалай ұмытуға болады.
Бүкілодақтық өнер байқауының лауреаты, жезтаңдай әнші Мәдина Айымбетованың ерекше еңбегін бағалап, Әйтеке би кенттік клубы кенттік мәдениет үйі болған жағдайда Мәдина Айымбетованың аты берілсе құба-құп болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
22 мамыр 2021 ж. 958 0

Ер есімі – ел есінде

02 қараша 2024 ж. 64

Бала жанының бағбаны

02 қараша 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930