Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жаңа бағдарлама мүмкіндікке толы

Жаңа бағдарлама мүмкіндікке толы

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін күнделікті күйбең тірлікте ел мүддесі алдында адал еңбек етіп, өз ісін жетік меңгерген мамандар жетерлік. Бұл қатарға аудандық пошта байланыс торабы қызметкерлерін де жатқыза аламыз. 17 мамыр – Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің күні екенін ескере отырып, Қазалы аудандық пошта байланыс торабы бөлімінің бастығы Жайлаубай Нұрбаевпен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Жайлаубай Маханұлы, ең алдымен, пошта байланыс торабы бөлімінің жұмысына тоқталсаңыз...
– Көпшілік сырттан қарағанда жұмысы жеңіл көрінетін поштаның қызметі оңай деп айтуға болмас. Мұны осындағы ауаны жұтып жүрген мамандар жақсы біледі. Қазір бұрынғыдай емес шаруаның аяқ алысы әлдеқайда қиындай түсті. Өйткені заманға сай жаңа бағдарламалармен жұмыс жасаудамыз. Тарих тереңіне үңілсек, 1993 жылдан бастап «Қазақтелеком» «Қазпоштадан» өз еншісін алып бөлініп шықты. Яғни ертеректе мемлекеттік пошта сол жылы ААҚ, одан кейін АҚ болып өзгерді. Бүгінде мұнда 69 адам нәпақасын тауып отыр. Оның 42-сі штаттық бірлікпен жұмыс жасайды.
Әрине хат тасушы жұмысы жеңіл емес және үлкен жауапкершілікті жүктейді. Олар таңның атысы, кештің батысы, ауа райының ыстық не суығына қарамастан адал тіршілік етеді. Қызметкерлер қажырлы еңбек етіп, газет-журналды аудан тұрғындарына, мекеме, кәсіпорындарға уақытылы таратады. Одан бөлек елді мекендерге жеткізу жұмысы тұрақты жүргізіледі. Ол үшін ведомствалық автокөліктер мен «Қазалы Жолаушы» ЖШС және «Айтжанов Салимжан» ЖК өз қызметтерін көрсетуде.
– Жұмыс болған соң ара-тұра қиындықтар орын алары сөзсіз. Мұндай жайттарды қалай еңсересіздер?
– Рас, көбіне газет-журнал алмаған және басқа да тұрғындардан түсініспеушіліктер болып тұрады. Алайда айтылған ұсыныс-пікірлер дер кезінде шешімін тауып отыр. Мысалы, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті арасында жаңадан бой көтерген «Қазалы» деп аталып жүрген мөлтек аудан көшелері және Әйтеке би кентінің шығыс бетінен жаңадан салынған тұрғын үйлерге газет-журнал жеткізу мүмкін болмай тұр. Оған себеп – біріншіден, хат тасушылардың жетіспеуі. Одан соң көшеде жарық шамдардың және жаяу жүргінші жолының жоқтығы. Мұнан бөлек шеткі көшелердің аттары белгісіз болуы, пошта жәшіктерін орнатпауы, жылдан жылға үйдің, көшенің көбеюі кедергісін келтіріп тұр. Сондай-ақ көшеде қаңғыбас иттердің бос жүруі де хат тасушыларының өміріне қауіп төндіруде. Соған қарамастан қызметкерлер жұмысын жалғастыра береді.
Айтылған мәселелерге байланысты ауылдық және шеткі жаңадан бой көтерген мөлтек аудандарға және ауылдарға хат тасушы қызметіне қоғамдық негізде адам бөлінсе деген ұсынысым бар.
– Алыс-жақын ауылдардағы жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Елді мекендерде пошта байланысы бөлімшелерінің бірқатары ауылдық әкімдік пен клуб ғимараттарында орналасқан.
Қазалы аудандық почта байланысы торабы бойынша біздің 28 құрылымдық бөлімшеміз халыққа өз қызметтерін көрсетуде. Атап айтатын болсақ, орталық операциялық, қалалық почта байланысы, 15 ауылдық почта, 4 почта пункті, жылжымалы байланыс бөлімшесі, 6 франчайзинг төлем қабылдау пункттері материалдық-техникалық жағынан толық автоматтандырылып пошталық, қаржылық, агенттік және брокерлік қызмет түрлерін көрсетеді. Оның ішінде еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер, теміржол билеттерін сату, электр қуатының төлемдерін қабылдау, жедел ақша аударымдарын қабылдау, ұялы байланыс операторларының төлемдерін қабылдау, пост-терминал арқылы карточкалық қызмет көрсету, салық және бюджетке алынатын басқа міндетті төлемдерді қабылдаумен қатар, мерзімді баспасөзге жазылу осы байланыс бөлімшелері арқылы толық орындалуда.
– Сөз арасында жаңа бағдарламамен жұмыс жасалып жатқанын тілге тиек еттіңіз. Ашып айтсаңыз...
– Күннен күнге аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Осы мақсатта жақында «Қазпочта» АҚ бойынша «Трансформация» бағдарламасы қолға алынды. Бұл дегеніміз – пошта қызметтерінің барлық түрлерін жаңа автоматтандырылған жүйеге көшіріп, қайта жаңарту үшін жасалып жатқан үлкен жоба. Қазіргі таңда ең шет аймақта орналасқан ауылдарда толық автоматты түрде пошта қызметтерінің барлық түрлерін көрсетеді. Сондай-ақ шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына аудан орталығына қатынамай жергілікті жерде орналасқан байланыс бөлімшелерінен теміржол билеттерін еш қиындықсыз қол жеткізуіне және басқа да қызмет түрлерін пайдалануына болады. Алдағы уақытта әуе билет кассалары қызметі де пошта арқылы жүргізіледі деп отырған жайымыз бар.
Бүгінде пошта қызметінің тиімді жұмыс жасауына жергілікті атқарушы органның ықпал етіп, қолдау көрсету қажеттілігі туындауда. Сондықтан жергілікті заңды тұлғалардың оның ішінде бюджеттік мекемелердің пошта қызметін пайдаланып, еңбекақыны пошта байланысы торабы арқылы алуы жолға қойылса екен деген тілегіміз бар.
– Мереке қарсаңында осы салада тер төгіп жүрген жандарға жылы лебізіңіз...
– Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету – бұл күнделікті қажырлы еңбекті қажет етеді. Тұрғындардың көңілінен шығу үшін мұны қаперден шығармай келесіздер. Сондықтан осындай жауапкершіліктеріңіз үшін әрқайсыңызға алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға зор денсаулық, амандық және алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізулеріңізге тілектеспін.
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет. Тағы да мерекелеріңіз құтты болсын!

Әңгімелескен А.ЖОЛТЕРЕК
18 мамыр 2021 ж. 784 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930