Қалада қарқынды тірлік бар
Бірер жыл бұрын басталған Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін біріктіру жобасы аясында осы уақытқа дейін күрмеулі бірқатар мәселе өздігімен шешіліп келеді. Бұған дейін де «қала» статусы бюджеттен қомақты қаржы тартуда септігін тигізіп келген еді. Соның арқасында ішкі жолдар жөнделіп, бірқатар мекеме ғимараты жөндеу көрді. Бұдан бөлек мұнда да кәсіпкерлік саласының қарқыны артып келеді. Оған мемлекеттің қолдауы демеу болып отырғаны белгілі. Өкінішке орай, бүгінгі күні қалада эпидемиялық ахуал мәз емес. Осы және атқарылған істер жөнінде Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеуді әңгімеге тартқан едік.
– Рахметулла Жәдігерұлы, келелі істер туралы сөз қозғамас бұрын коронавирустың қаладағы көрсеткішіне тоқтала кетсеңіз.
– 14 сәуірге дейінгі мәліметке сәйкес, қалада 40 адам індет жұқтырғаны анықталды. Бұл алаңдауға тұрарлық жағдай. Оның бесеуі емделіп шыққаны қуантады. Аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде төрт науқас ем алуда. Қалған азаматтар үйлерінде оқшауланып, денсаулығын қалыпқа келтіріп жатыр. Бұл қиындықтың барлығы сақтыққа селсоқ қарап, көпшілік жиналған жерге бетпердесіз барудан бастау алғаны даусыз. Бүгіннің өзінде той-томалақ пен ас беру көп тіркелуде. Осыдан кейін індет тырнағына ілінгендер саны артатыны түсінікті. Сондықтан қалалық жерлестерді әлемді әбігерге салған ауруға бейжай қарамай, ұлт амандығы үшін сақтанып жүруге шақырамын.
– Екі аралықтағы үш бірдей айналма жол жұртқа қолайсыздық тудырып отырғаны рас. Десек те, уақытша қиындық игі істің бастауы болғасын түсіністік танытуда. Көпірлер құрылысы қашан аяқталады?
– Біраз уақыт бұрын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі төртжолақты жолдың құрылысын бастады. Бұл қала мен одан шеткері жатқан ауылдарды аудан орталығы байланысына қан жүгіртетіні сөзсіз. Күн жылынып, дала жұмыстары басталғанша көпірдің негізгі бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарда болды. Өйткені оған үлгермесе, егін алқаптары, шаруашылықтар тіршілік көзіне қол жеткізу қиындай түсетін еді. Қуанышымызға орай, қазіргі таңда Қазалы қаласының кіреберісіндегі «оң жаға» каналы өтетін көпірдің негізгі құрылыс аяқталып, су өткізілді. Соның арқасында Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев сияқты ауылдардағы егістікке су жетті. Қалған көпір құрылысы да аяқталуға жақын. Оң жағадағы көпірдің рөлі аудан үшін маңызды болғасын соны аяқтауға күш салынды. Қазір мемлекет тағайындаған экологиялық тегін су алқапқа барды.
– Қазалы қаласында тұрмысы төмен отбасылар көп пе? Әлеуметтік төлемдер жайы қалай?
– Соңғы жылдары тұрғындардың тіршілікке белсенділігі артып келеді. Оның үстіне кәсіппен айналысушылар қатары қалыңдауда. Десек те мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету ісі кенжелемейді. Мәселен, осы жылы 13 адамға 60 мың теңгеге жуық қаржы тұрғын үй жәрдемақысы ретінде төленді. Тағы 23 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұдан бөлек тұрмысы төмен 324 адамға ұдайы жәрдемдесіп тұрамыз. Оның ішіне жалғызбасты және мүгедек жандар да бар.
– Кәсіпке ден қойғандар көбейгенін айтып қалдыңыз. Биыл қанша іскер қатарға қосылды?
– Бұған дейін қалада 500-ден аса кәсіпкер тіркелген еді. Басым бөлігі тұтынушыға қызмет көрсету саласына бейімделген. Сонымен бірге дүкен ісімен айналысып отырғандар көп. Тағы 350-ге жуық азамат аудан орталығындағы базардан нәпақа тауып отыр. Олар 723 адамды жұмыспен қамтуда. Көңіл қуантатыны, былтыр жаңадан 53 кәсіпкер тіркеліп, тірліктерін бастады. Оған мемлекеттік бағдарламалар демеу бергенін айтпай кетуге болмас. Мәселен «Бастау бизнес», «Бизнес кеңесші», «Бизнес мектеп» жобаларында 26 адам сауда-саттық бағытында білімін жетілдіріп, 94 миллион теңгеден астам қаржыға ие болған. Оның ішінде екі азамат «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 40 миллион теңге несие алса, «Еңбек»-пен талапты үшеуге 8,8 миллион, Өңірлік инвестициялық орталықтан сондай үш кәсіпкерге 12,5 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұдан бөлек бір қалалық азамат қайтарымсыз 2 миллион теңге жеңіп, тағы 46 кәсіпкер 600 мың теңгенің айналасында грант жеңіп алды. Былтыр мұнда екі бірдей дүкен, дәріхана мен көлік жуу орталығы ашылды. Бұл қала кәсіпкерлігі үшін жаман нәтиже емес.
– Өткен жылы коронавирус инфекциясының таралуы салдарынан көптеген жұмыс орындары жабылып, кей жерде азаматтар кәсібінен айырылды. Бұл жұмыспен қамту ісіне кедергі келтірді ме?
– Елдің басқа қалаларындағыдай Қазалыда да бұл істе іркілісі болды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» қиын жағдайдан жол табуға көмектесті. Нәтижесінде 85 азаматтың жұмысқа орналасқаны белгілі болды. Сонымен бірге әлеуметтік жұмыстарға 17 адам шақырылып, 244 тұрғын тірлікке тартылды. 6 жас маман тәжірибе жинақтау үшін мекемелерге орналастырылды. Ақылы қоғамдық негіздегі жұмыс тағы 82 адамды жалақымен қамтамасыз етті. Осы тұста айта кету керек, бұдан былай ақысы төленетін қоғамдық жұмыс 1 жылға ұзартылды.
– Биыл қала мен кент аралығында да, қала ішінде де толымды тірлік бар. 2020 жылы да құрылыс пен абаттандыру ісі алға басқанын білеміз. Сол жайында айтып берсеңіз...
– Өткен жылы ауданда Жол картасы аясында 42 жоба жүзеге асырылғанынан жұрт хабардар. Соның 832,5 миллион теңгесі қалаға бағытталып, 8 жоба мәресіне жетті. Қаржының жартысына жуығы осындағы 8 көшені абаттандырып, тратуар төсеуге жұмсалған. 40 миллион теңгеге А.Құнанбаев, Ә.Жангелдин, Амангелді батыр көшесі мен тұйығы орташа жөндеу көрді. Ғ.Мұратбаев атындағы саябақтың көркі еселенгені де көңілге қуаныш ұялатты. Оған 47 миллион теңге тұтастай жұмсалды. Қалалық мәдениет үйі мен емхана ғимараты бұрынғыдай емес, ажары артты. Бұлармен бірге №17 мектеп пен «Шағала» балаларды сауықтыру, демалыс орны да ағымдағы жөндеуден өтті.
Аталған жобалар республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржы аясында іске асырылғанын еске сала кетейік. Өйткені одан бөлек жеті жоба жергілікті бюджет есебінен жүргізілді. Оның ішінде шет аймақтар мен демалыс алаңдарына орнатылған 16 бейнебақылау камерасы да кіреді. Былтыр жөндеу көрген «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасы, қала көшелеріне орнатылған 200 жарықшам, 200 метрден асатын аяқсу құбырлары, «Ноғай» қорымын қоршау, Е.Қожаназаров көшесін жөндеу күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер еді. Осы тірліктер бар, тағы бірнеше трансформаторды жаңарту жұмысы бар, бәрі жергілікті қазына есебінен жүргізілді.
– Қазіргі таңда қалада қандай жобалар жүргізіліп жатыр?
– Қазалы қаласының тұрғындары былтыр көгілдір отын жеткізілгеніне қуанғанын білесіздер. Қазір игілікті үйге кіргізіп беру ісі кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Жылдық жоспарға енгізілген он көшеге жөндеу жүргізу үшін конкурс жарияланып, жеңімпаз анықталды. Жақын арада жолдағы құрылыс қызатын болады. Бұдан бөлек Ш.Уәлиханов көшесіне темір бетонды латок орнатып жатырмыз. Аяқсумен қамтуға да ерекше күш салынуда. Сонымен бірге инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 180 гектар аумаққа тұрғын үй салу үшін тұрғындарға үлестіру ісі де үйлесім табуда. Жыл аяғына дейін ілкімді істерді жүзеге асырып, ақжолтай жаңалықтарымызды сіздермен бөлісеміз.
– Уақыт бөліп, тынымды тірліктер жайынан хабар бергеніңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ