Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жер мәселесіне жеңіл қарамау қажет

Жер мәселесіне жеңіл қарамау қажет

Ауданда көптің көңілінен шығып, тұрғындармен тұрақты тіл табысып, қызметіне білек сыбана кірісіп жүрген атпал азаматтар аз емес. Соның бірі – «Қазалы ауданының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Еркін Сейтов. Өз жұмысын абыроймен атқарып, жас болса да, бас болып жүрген азаматпен сұхбат құрған едік.
– Еркін Нұржаубайұлы, жер берілу тәртібі мен жер қатынастары бөлімінің атқаратын қызметі қандай?
– Тұрғындар үшін жер алу оңай шаруа секілді көрінеді. Сондықтан ең бірінші осы сауалды ашып берейін. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан ­Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №255 бұйрығына сәйкес өтініштерді арнайы есепке қою жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сұрау кезінде оларды бөліп беру үшін алаңдар болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы азаматтарының және оралмандардың өтініштерін жергілікті атқарушы органдар комиссия қорытындысының негізінде бес жұмыс күні ішінде арнайы есепке алынады.
Осыған сәйкес кезектілік бойынша жеке тұлғалардың өтініштері кодекстің талаптарына сәйкес Әйтеке би кенті және Қазалы қаласы аумағынан инфрақұрылымы жүргізілген алаңдар дайын болған кезде қанағаттандырылады. Одан бөлек жеке тұлғалар жергілікті жерде орналасқан әкімінің атына (қала, кент, ауылдық округ әкімі) тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін бөліп беру жөнінде өтініш жазып, дайын болмаған жағдайда, комиссия қорытындысының негізінде арнайы есепке алынып, кезектілік тізіміне қойылады.
Берілетін жерлер дайын болғанда арнайы есепке алынатынын еске сала кетейін. Сонымен қатар кезектілік тізімінде тұрған өтініштер бойынша кодекстің 43-бабының 1 тармағына сәйкес «Қазалы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» арқылы жер учаскелеріне алдын ала таңдау актілері мен сызбалары дайындалып, аудан әкімдігі жанындағы жер комиссиясына ұсынылады.
Міне, осыдан соң жер комиссиясының оң қорытындысы қолданылу мерзімі қабылданған күнінен бастап бір жылды құрайды. Осы мерзімді өткізіп алу жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.
Негізінен кодексте 150-баптың 2 тармағына сәйкес жерге орналастыру жұмыстарын азаматтар мен заңды тұлғалар орындайды делінген. Мұнымен қоса жерге орналастыру жобасын ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 мамырдағы №379 бұйрығы бойынша әзірлеу қажет.
Көп жағдайда тұрғындар арасынан түрлі себептермен жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданған күнінен ­бастап бір жылдық мерзімдерін өткізіп алу жағдайлары көптеп кездеседі. Бұл бір жылдық мерзімді өткізіп алған атқарушы органның учаскеге құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдауы болып табылады.
– Жердің игерілуі жөнінде айта кетсеңіз...
– Ең әуелі жер учаскесіне жерге ­орналастыру жобасы бекітілгеннен кейін кодекстің 43-бабының 2 тармағына сәйкес жеті жұмыс күн ішінде жер учаскесін уақытша жерді пайдалану құқығымен 3 жыл мерзімге беру туралы әкімнің шешімі қабылданады.
Ал кодекстің 37-бап 2 тармағында жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
Жоғарыда атап өткен үш жыл мерзімде жер учаскелеріне құрылыс нысандарын (тұрғын үй, сарай) салып, қабылдау актісі негізінде әкімге өтініш беру арқылы жеке меншікке табыстау жөнінде шешім қабылдану қажет.
Егерде үш жыл мерзімде жер учаскелеріне құрылыс нысандары салынбаған және мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай уақытта жазбаша хабардар берілмесе пайдалануы тоқтатылып, мемлекет меншігіне қайтарылады. Осыдан соң кері берілген жерлер басқа кезекте тұрған азаматтарға беріледі.
– Бүгінде қай аумақтардан жер беріліп жатыр?
– Өткен 2019 жылы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген Әйтеке би кенті, 5-квартал аумағынан 622 жерге 210 гектар және Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан 93 жер учаскесіне 180 гектар орын әзірленді. Осыдан соң Қазалы ауданы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданып, оларды орналастыру жұмыстары толығымен жүргізіліп, тиісті құжаттары әзірлену үстінде.
Ал 2020 жылы Қазалы ауданы мәслихатының 2019 жылғы №347 шешімі негізінде бекітілген Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін біріктіру жөніндегі бас жоспарға сәйкес «Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» арқылы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан 139 жер учаскесіне және Қазалы қаласынан 180 гектар және 81 гектар алаңдардан 168 жерге алдын ала таңдау актілері жөнінде жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданып, жер кадастрлық бөлімшесі арқылы алаңға орналастыру жұмыстары жүргізіледі.
Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысын салу үшін кезекте тұрған жеке тұлғалардың Әйтеке би кенті бойынша 8186, Қазалы қаласы бойынша 1451 өтініштері комиссия қорытындысының негізінде арнайы есепке алынды. Қазіргі таңда тиісті шаралар қолға алынуда.
Мен тоқталып өткен жұмыстарға кент пен қала әкімдігі ғимараттарында арнайы стендтер қойылып, сол орында барлығы көрсетілген. Сондай-ақ бүгінге дейін атқарылып жатқан жұмыстар «Қазалы ауданының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сайтында ашық жарияланып отыр.
– Қазіргі таңда кейбір жеке тұлғалар мүлікті, жерді кезегімен алған соң, оны қайта сатып жатқанын жиі естиміз. Осы жайында не айтасыз?
– Шыны керек ел ішінде осыған қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Біреулер жер сатып алып, артынша оның өз атына өтпегенін біліп, алданып жатады. Ол жерде тек ауызша келісім жасасу ғана болады.
Расында тұрғындарға тұрғын үй құрылысын салу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен табысталған жер учаскелерін жеке меншікке табыстамай мәмле жасауға құқығы жоқ. Ол дегеніміз уақытша мерзімге табысталған жерді екеуара келісім, яғни ауызша жерді сатып алу болып табылады. Және бұл басқа тұлғаның атынан құрылыс жұмыстарын жүргізу. Демек мұның арты түрлі себеп пен дауға немесе сотқа дейін баруға апарады. Сондықтан мүлікті жерді сатып алғанда заңгерлердің кеңесіне жүгінген дұрыс.
– Жайылымдық жерлерге тоқталып өтсеңіз...
– Бұл мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта тәртіппен белгіленген және шарттар конкурс негізде жүзеге асырылатынын айта кету керек.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің конкурс арқылы берудің тиімділігі жер учаскелерін беру барысында ауылдық қоғамдастықтардың пікірі негізінде халықтың мал жайылымдық жерлеріне кері әсерін тигізбейді.
Қуантарлығы, сол бұрынғы жер беру нормасында ауыл шаруашылығы жерлерінің жалдау құнын сатып алып, оны орналастыру жұмыстарына көптеген шығын кететін еді. Ал қазір конкурсқа ұсынылған жер учаскелерінің шығындары мемлекет тарапынан әзірленеді.
Одан бөлек шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жерді пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын учаскелерінің тізбесін аудандық, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы қалыптастырады. Бұл қоғамдық кеңестермен, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдармен, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен келісіледі. Және ол хаттамалық шартпен тікелей жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелері табысталмайды. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін пайдалану құқығын беру жөнінде конкурс жарияланады.
Айта кетейік, жалпы 2020 жылға Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасымен Қазалы ауданындағы ауылшаруашылығы жерлерін айналымға қосуға 6000 гектарға жоспар бекітілді. Тек бұл ғана емес. Жерді берумен қатар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді тиімсіз пайдаланған 5 жеке тұлғалардың 1138,0 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жер қатынастары бөлімі жыл басынан бері жергілікті бюджетке жер учаскелерін сатудан 53,0 млн теңге қаржы түсірді.
– Ашық сұхбатыңызға рахмет!

ӘңгімелескенАбзал ЖОЛТЕРЕК
19 қыркүйек 2020 ж. 1 275 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031